Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Алтын алқалы Жұма әже - АРҚА АЖАРЫ

Алтын алқалы Жұма әже

«Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» дейді дана халқымыз. Осы орайда біз 8 наурыз ­– Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Біржан сал ауданына қарасты Аңғал батыр ауылында тұрып жатқан көпті көрген Жұма Бейсекейқызына хабарласып, он баланы дүниеге әкелген алтын құрсақ ананың өнегелі өмірі жайлы әңгімелескен едік.

Бүгінде жасы 84-ке келген Жұма әженің денсаулығы тың. Телефон желісі арқылы өрбіген әңгіме барысында кейуананың даусы сондай жарқын естілді. Абзал ананың қартайған шағында қамқорлық пен мейірімге бөленіп отырғанына шын көңілден қуанып қалдық. Әлбетте, қамқор бес ұлы, жанашыр бес қызы, одан қала берді, күйеу балалары мен келіндері, немере-шөберелері бар ананың өзі де нұрланып, айналасына да шуағын шашып жүргені заңдылық шығар. Оның үстіне бала күнінде жетімдікті көп көріп, өскен ол бүгінгі жарқын өміріне, өзін қадірлейтін ұрпағының барына Жаратқанға сан мәрте шүкіршілік етеді.
1937 жылдың 25 ақпанында Біржан сал ауданы Жаңалық ауылында дүниеге келген Жұма әжейдің әкесі Ұлы Отан соғысы жылдары қан майданға аттанып, содан іс-түссіз кеткен. Одан көп ұзамай анасы қайтыс болып, кішкентай сіңілісі екеуі тағдыр тәлкегін көреді. Аналары дүние салғанда кейіпкеріміздің жасы жетіде, ал, сіңілісінің жасы небары үште екен.
– Әке-шешеден жетім қалғаннан кейін бізді бұрынғы Казгородок, қазіргі Үлгі ауылындағы балалар үйіне орналастырды. Бастапқы бір-екі жыл сіңілім менің қасымда болды да, кейін оны Айыртау ауданындағы балалар үйіне ауыстырып жіберді. Сөйтіп, онсыз да жанымыз жабырқап, ата-ана мейіріміне зәру болып қалған екеуіміз бір-бірімізден жырақта өстік. Құдайдың бізді аяғаны болар, тәрбиешілеріміз бізге жақсы қарады. Жағамызды кірлетпей, қарнымызды ашырмай, қолдарынан келгенше қамқорлықтарын көрсетіп отырды. Сөйтіп, жетінші сыныпқа келгенде ғана мені Казгородок ауылындағы мектеп интернатына жіберді. Сол жерде қазақша біліп алдым. Мен мектеп бітірген жылы елімізде тың және тыңайған жерлерді игеру басталып, Жаңауылдағы комсомол бригадасының құрамына жұмысқа алындым. 17-ге қараған шағымда осы ауылдың жігітіне тұрмысқа шықтым. Ол да мен секілді әке-шешесінен ерте қалған тұл жетім болатын. Үйленгеннен кейін бір жылдай жолдасымның аға-жеңгесінің қолында тұрып, кейін өзіміз бөлек шықтық, – деген Жұма әжей бауырымен тек он үш жыл өткеннен кейін бірақ қауышқан. Ұзақ жылдан кейінгі алғашқы кездесуде сіңілісі әпкесін мүлде танымапты. Әрине, сұм соғыстың кесірінен үш жасында жалғыздың күйін кешкен байғұс бала қарсы алдында сарытап сағынышы кеудесіне сыймай, бауыры тұрғанын соншама жылдан кейін қайдан білсін?! Сөйтіп, орысша тәрбиеленген, балалар үйіндегі өмірге үйреніп қалған сіңілісі әпкесімен бармай, мемлекеттің қамқорлығында қала беріпті. Сол жақтан мектеп бітіріп, Алматыға оқуға жіберілген. Әлі күнге дейін сонда тұрады. Өзінің отбасы бар. Әжейдің айтуы бойынша, қазір екеуі бір-бірімен хабарласып, араласып отырады.
«Тас түскен жеріне ауыр» демекші, кейіпкеріміз Жұма әжей келін болып түскелі сол Аңғал батыр ауылында тұрып жатыр. Осыдан 30 жыл бұрын марқұм жолдасы Сәрсенбай ата екеуі Дәулетбай, Тамара, Амангелді, Ғалия, Мағыраш, Айжан, Сайлау, Майра, Берік, Серік есімді он баланы тәрбиелеп өсіріп, ел қатарына қосты. Жолдасы колхозда, кейін совхозда тракторист, малшы болып жұмыс істеген, ал, өзі үкіметтің сиырын сауған, халық шаруашылығына араласқан. Бізбен әңгімесінде ақ жаулықты батыр ана он баланы дүниеге әкелсе де, жұмыстан ешқашан қол үзбегенін айтты. Сәбиін босанып, оған бір-екі ай толғасын, қайтадан жұмысқа шығып отырған. Жұмыстан да қалмаған, сонымен қатар, үйдің шаруасына да, бала тәрбиесіне де үлгерген. Қартайғанына қарамастан, қазір шымыр қалпында сақталғанын әжей еңбек еткеннің арқасында деп ойлайды.
Жұма әжей көп балалы боламын деп ешқашан ойламапты. Балаларды ерекше жақсы көрген ол балалар үйінде тұрған кезінде ұлты орыс тәрбиешінің кішкентай баласын қолынан түсірмей, бар сүйіспеншілігімен бағады екен. «Орыстың баласын неге сонша жақсы көресің, тасташы» деген құрбыларына: «Бұл сәби емес пе?!» деп жауап қайтарып, кішкентайларды үнемі еркелетіп, ойнатып жүріпті. Осыны көрген құрбылары бірде оған: «Сенде бала көп болады, не жоқ болады» деген көрінеді. «Солардың айтқандарындай, көп балалы ана атандым» деген қарияның балаларының бәрі осы күні үйленген, түрлі салаларда қызмет істеуде. Ал, әжейдің өзі ең кенже баласы Серік және келіні Қарлығашпен бірге тұрады. Алтын алқалы ақжаулықты аналары шаңырақта отырғаннан кейін ұл-қыздары, немере-шөберелері мерекелерде осы үйге жиналады.
Ұрпағының тілеуін тілеп отыратын қарт ана отыз жылдан бері бес уақыт намазын оқып, ораза ұстайды. Алып бәйтеректей тамыры тереңге жайылған әжейді ауылдастары қатты құрметтейді. Осы кісі секілді қайсар, еңбекқор болсын деп, балаларының тұсауын Жұма әжейге кестіртеді екен. Кейде асыл ана әке-шешесіне деген сағынышын ақ қағазға жыр қылып жазып отырады. Әнебір жылдары ауылда әжелер ансамблі құрылғанда, замандастарымен бірге ән шырқапты.
–Балалар үйінде бірге өскен замандастарыммен әлі күнге дейін жақсы араласамын. Көпшілігі о дүниелік болып кетті. Кезінде Казгородокта 200 бала бір үйдің баласындай тұрып едік. Біз жетім қалғанымызды соғыстан көрдік. Қазіргі бейбіт заманда баласынан бас тартып жататын ата-аналардың әрекеті ақтауға келмейді. Теледидардан тастанды балаларды көргенде «Біз балалар үйіне таза жетім болып бардық, бұларды еріксіз жетім қылып қойды ғой» деп жүрегім ауырады, – деген әжей телефон желісі арқылы өрбіген әңгіме барысында өзінің әрдайым кейінгі ұрпақ қиыншылық көрмеуін, еліміз аман, жұртының тыныш болуын, халқымыздың тату-тәтті өмір сүруін тілеп жүретінін жеткізді.
­
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Аңғал батыр ауылы,
Біржан сал ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар