Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Саналы ұрпақ адал жолды таңдайды - АРҚА АЖАРЫ

Саналы ұрпақ адал жолды таңдайды

Жуырда Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті онлайн-конференция өткізіп, Ақмола облысының жекеменшік оқу орындарында «Sanaly urpaq» клубтарының жұмысын талқылады. Мұндай клубтар осы оқу орындарының қабырғасында сыбайлас жемқорлықты болдырмау және оның алдын алу, сондай-ақ, студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында құрылған болатын.

Отырысқа «Sanaly urpaq» республикалық жобалық кеңсесінің басшысы Т.Тоқышев, Ақмола облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары А.Бердалин, «Ақмола – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы С.Тәйтенова қатысты. Жоғары оқу орындарының тәрбие жұмысы жөніндегі проректорлары, колледждер директорларының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары, оқу топтарының кураторлары, «Sanaly urpaq» клубтарының мүшелері шақырылған отырысқа А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің тәрбие жұмысы бөлімі, декандардың орынбасарлары, оқу топтарының кураторлары қатысты.
«Sanaly urpaq» клубының қызметі туралы А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің тәрбие жұмысы жөніндегі проректорының орынбасары Д.Абдулманова кеңінен айтып берді. Ол өз сөзінде жоғары оқу орнында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу студенттік аудиториядан басталып, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік танытатын кәсіби кадрларды даярлаудың кепілі болып табылатынын атап өтті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру қазақстандық патриотизм мен азаматтыққа тәрбиелеу мақсаттарының бірі ретінде қарастырылған.
Студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мақсатында құқықтану кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдар докторы А.А.Бухаеваның басшылығымен 2018 жылы «Sanaly urpaq» студенттік клубы құрылды. Кейін клубтың белсенді қызметі үшін оның қызметкерлері Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақмола облысы бойынша департаментінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Клубтың жұмыс жоспарына сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті және құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында жастар акциялары, студенттік флеш-мобтар, тақырыптық дөңгелек үстелдер, адалдық және парасаттылық қағидаттарына тәрбиелеу бойынша дәріс сабақтары өткізіледі. Осындай отырыстарда «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобалары да талқыланды. Университетте «Парасаттылық мектебі» құрылып, белсенді жұмыс істейді.
«Sanaly urpaq» клубы және «Парасаттылық мектебі» мүшелерімен «Парасаттылық – адамның басты құндылығы» тақырыбына дөңгелек үстел, «Оқу орындарындағы сыбайлас жемқорлық және онымен күресу тәсілдері» тақырыбына студент жастар арасында тренинг, «Парасаттылық мектебі» мүшелерімен кездесу сияқты іс-шаралар өткізілді. Ақмола облыстық сотының ардагер судьясы М.Ғибаділов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғ.Төлеғұл және тағы басқа белгілі азаматтардың қатысуымен «Парасаттылық – қашанда парасаттылық!» атты семинар-тренинг, «Ақмола – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі С.Тәйтенованың шақыруымен «Жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарастарын қалыптастыру» тақырыбында қойылымдық сот процесі өтті.
2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасына сәйкес Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақмола облысы бойынша департаментімен бірлескен жұмыс өз жемісін беруде. Соның арқасында студент жастар тұрақты түрде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыруға, сыбайлас жемқорлықтың кез-келген көріністеріне төзбеушілікті қалыптастыруға жақсы бет алып келеді.
Университетте студенттік парламент жұмыс істейді. Оның да басты бағыттарының бірі студент жастар арасында парасаттылықты насихаттау және құқықтық сауаттылықты қалыптастыру болып табылады. Университеттің «Шұғыла КУАМ» газетінде студенттердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана-сезімін қалыптастыру бойынша мақалалар мен ақпараттар тұрақты жарияланып тұрады, жаңалықтар лентасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мақалалар орналастырылады.
Университетте сыбайлас жемқорлық ұғымын, онымен ұшырасқан жағдайда іс-әрекет ету тәртібін, сол сияқты, мұндай кеселге жәрдемдескені үшін тиісті жауапкершілікті түсіндіретін жадынама әзірленіп, таратылып тұрады. Тұрақты негізде «Сенім телефоны» жұмыс істейді, оның нөмірі университеттің ресми сайтында және әлеуметтік желілерінде жарияланған, оқу корпустарында хаттар мен өтініштерге арналған пошта жәшіктері орналастырылған. ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті, «Ақмола – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қызметкерлері, «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» қалалық жастар қанатының мүшелері жоғары оқу орындарында білім берудің ашықтығын және студенттердің азаматтық ұстанымын анықтау мақсатында «Таза сессия» акциясы аясында 1-4 курс студенттері арасында «Біз таза сессия үшін» деп аталатын жасырын сауалнама жүргізді. Оның нәтижесі бойынша қызметкерлер, профессорлық-оқытушылық құрамымыз тарапынан сыбайлас жемқорлық көріністері, еңбек тәртібін бұзу фактілері анықталған жоқ. «Sanaly urpaq» сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл студенттік клубының бар екенінен хабарлары жеткілікті болып шықты.
Оқу топтарында «Nur Otan» партиясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламасын зерделеу бойынша семинарлар өтті. «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» жастар қанаты Ақмола облыстық филиалының мүшелері «Sanaly urpaq» клубының мүшелерімен бірлесіп, оқу ғимараттарында, студенттер үйінде «Сенім жәшіктерін» орнатты. Бір атап өтерлігі, онда теріс пікірлері бар хаттар шыққан жоқ.
2019-2020 оқу жылы ішінде клуб мүшелері «Адал бол» акциясы аясында «Сыбайлас жемқорлық – теріс құқықтық және әлеуметтік құбылыс» тақырыбында дебаттық турнир өткізді, оның қорытындысы бойынша «Ділмар қуам» интеллектуалды дебаттық клубы бірінші дәрежелі диплом иегері атанды. Қазіргі пандемия кезінде клуб мүшелері қашықтықтан жұмыс істеуді жалғастыруда, соған қарамастан, онлайн режимде барлық республикалық және қалалық іс-шараларға белсенді қатысады. Жыл соңында өткен белсенді жастардың республикалық онлайн-слетінде А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің «Sanaly urpaq» клубының мүшелері «Парасаттылық мәдениетін қалыптастыру» тақырыбындағы семинарға қатысып, бірінші орынға ие болды және сертификаттар мен ақшалай, бағалы сыйлықтар алды.
Университетте сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарт жұмыс істейді, ол университет қызметінің барлық салаларында тыйым салу, шектеу және рұқсат беру жүйесі болып табылады. Бұл стандарт университет сайтының «Студенттер мен түлектерге» тарауында орналастырылған.
Оқу орнында сондай-ақ, «Университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы мен қызметкерлерінің, білім алушылардың академиялық адалдық кодексі» әзірленген әрі онда білім беру үдерісіндегі академиялық адалдықтың негізгі қағидаттары көрсетілген. Бакалавриаттың білім беру бағдарламалары бойынша оқу жоспарларына «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздері» элективті пәні енгізілген. Дипломдық жұмыстар мен магистрлік диссертациялар тақырыптарында да сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттар бар.
Біздің университет осы әлеуметтік зұлымдыққа қарсы күресте жаңа тәсілдерді толық қолдайды. Студенттер арасында жоғарыдағыдай жұмыстардың нәтижесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық сауаттылық деңгейі айтарлықтай өсті деп сеніммен айтуға болады.

Динара ӘБДІЛМАНОВА,
А.Мырзахметов атындағы
Көкшетау университетінің ұйымдастыру-тәрбие жұмысы жөніндегі проректорының көмекшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар