Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Көкшетау қаласындағы әлеуметтік және өндірістік нысандарда болып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына және отандық өнімдерді шығару мәселесіне назар аударды.
Облыс орталығындағы Сүлейменов көшесінің бойында орналасқан «SmaLL» көтерме сауда маркеті тұтынушыларына қолжетімді бағамен азық-түлік тауарларын ұсынады. Өткен жылдың күзінде ашылған көтерме сауда маркетінің өнімдеріне күн санап сұраныс артып келеді. Аталған сауда орнында болған облыс басшысы сауда үйінің ішін аралап көріп, әлеуметтік маңызы зор азық-түлік бағасына назар аударды. Маркет азық-түлік тағамдары, тұрмысқа қажетті тауарлармен қатар, ыстық және салқын етті тағам түрлерін, наубайхана мен кондитерлік цехтың өнімдерін ұсынады. Осы ретте, облыс басшысы Ермек Маржықпаев сауда орнының басшылығын әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қымбаттауына жол бермеу-ге шақырды.
Ал, бүкіл республика аумағына кірпіштің бірнеше түрін саудалап отырған «ЕНКИ» кірпіш зауыты өндірістік қуатын 50 пайызға арттырмақшы. Зауыт басшысы Мырзабай Әбдіхалықовтың айтуынша, жылына 60 миллион дана кірпіш шығаруға мүмкіндігі бар кәсіпорын өткен жылы сұраныстың жоғары болуына байланысты бұл көрсеткішті 62 миллион данаға жеткізіпті. Қазіргі таңда за-уытта қосымша өндірістік желінің құрылысы жүргізілуде. Бұл өндіріс көлемін жылына 30 миллион дана кірпішке арттыруға және 150 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Зауыт жұмысымен танысқан облыс басшысы құрылыс қарқын алған қалада кірпіш өндірісін арттыру маңызды екенін атап өтті.
– Кірпішке сұраныс өте жоғары. Осы зауытта өндірілетін 60 миллион дана кірпішке құрылыс нысандары жарты жыл бұрын алдын ала тапсырыс беріп қояды. Осыдан-ақ, өнімге сұраныс жоғары екенін байқауға болады. Былтыр осы кірпіш тапшылығынан қаладағы бірқатар тұрғын үйдің жобасын қайта жасауға тура келді. Сол себепті, қосымша өндіріс желісі аса қажет,– деді Ермек Маржықпаев.
Бұдан әрі облыс басшысы ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеу бо-йынша сервистік қызмет көрсету бағытында жаңа жобаны жүзеге асырып жатқан «Eurasia Group Kazakhstan» серіктестігінің өндіріс орнында болды. Компания филиалының директоры Наталья Ходаковскаяның айтуынша, жаңадан салынып жатқан кәсіпорында озық ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеу орындары, қосымша бөлшектер қоймасы, сервистік оқыту алаңдары пайда болады. Қазіргі кезде нысан құрылысының 85 пайызы аяқталған. Қазір мұнда 200-ге тарта маман еңбек етеді. Жоба жүзеге асырылған кезде жұмысшылар саны тағы артатын болады. Алайда, сервистік кешеннің су бұру жүйесі, жылумен жабдықталуына байланысты күрмеулі мәселелер бар. Мұны қала әкімдігі жақын арада шешетін болады.
Осы ретте, облыс әкімі Ермек Маржықпаев жаңа нысан өңірдің ауыл шаруашылығы саласының дамуына өзіндік үлес қосатынын атап өтті.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген
Берік ЕСКЕНОВ.