Қазақстанда бір тәулікте коронавирус инфекциясымен тіркелгендер саны бір мың адамнан асты.
Ресми дерек бойынша, 12 наурызда коронавирус инфекциясын жұқтырып, тіркеуге тұрған адам саны 1002 адам болды. Бұл – көптен бері болмаған антирекорд, – дейді мамандар. Аймақтар бойынша алсақ, өткен тәулікте Алматы қаласында бірден 293 науқас тіркелген. Бұған дейін мұндағы көрсеткіш бұдан әлдеқайда аз болып келген.
Жалпы, еліміз бойынша ауырғандар саны 222 671 адамға жетті. Оның 205 554-і жазылып шықса, 2 840-ы қайтыс болған. Өткен тәулікте 772 адам дерттен айыққан.
Санақ жүргізіле бастаған былтырғы
1 тамыздан бері бұл диагнозбен 49 749 науқас тіркеуге алынған. Жалпы 44 715 адам жазылып шықса, 653-і көз жұмған. Қалай десек те, қауіпті індет жұқтырушылар саны көбейе түсуде.
Елімізге жаман ауру батпандап кіргелі Ақмола облысында да оны жұқтырған 14347 жағдай тіркелген. Статистикаға сүйенер болсақ, бұл жағдайлардың 7021-і контактіде болғандар арасында анықталса, 5295 науқас өздері індет белгілері бо-йынша дәрігерге шағымданғандар, қалған
2 мыңнан астамы скринингтік тексерістер кезінде белгілі болғандар. Соның ішінде індетке ең көп шалдыққандар Көкшетау қаласының тұрғындары. Мұнда 6305 жағдай лабораториялық жолмен анықталды.
Апталық талдау жасайтын болсақ, соңғы аптада өңірде 437 жағдай анықталыпты, ал, оның алдындағы аптада 470 науқас тіркеліпті. Індеттің таралу көрсеткіші
1,1 есеге, яғни, 33 жағдайға азайған. Әлемді дүрліктірген пандемияның балалар мен жасөспірімдер арасында да орын алып жатқаны көңілге қаяу түсіреді. Жыл басынан бері оқушылар арасында 616 оқиға анықталыпты.
Сондықтан, санитарлық режимді сақтауды бір сәт те естен шығармағанымыз жөн.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.