НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан аумағында коронавирустың жаңа штамдары анықталған жоқ. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Қазақстанда коронавирустың циркуляциясы бойынша эпидемиологиялық мониторинг жүргізіледі. Қыркүйектен бастап қаңтарға дейінгі аралықта жүргізілген геномдық зерттеулердің нәтижесінде ел аумағында коронавирустың жаңа штамы, нақтырақ айтқанда британдық, оңтүстік-африкалық, бразилиялық штамдар анықталған жоқ. Наурыз айының соңында кезекті геномдық зерттеулер нәтижесі алынатын болады», — деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. Бұған дейін ол соңғы аптаның ішінде елімізде коронавирусқа шалдыққан науқастар саны 12 пайызға артқанын айтқан болатын.