Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Наурызда ұлттық спорт та ойға оралады - АРҚА АЖАРЫ

Наурызда ұлттық спорт та ойға оралады

Қазақ  халқының ұлттық спорты – халқымыздың өмірімен бірге дамып келе жатқан  мәдени жетістіктерінің маңызды бір саласы. «Тəні саудың – жаны сау», «Бірінші байлық – денсаулық» деп атабабаларымыз бекер айтпаған-ды. Əрбір адам спортпен айналысу керек. Спортпен үнемі айналысқан адамның дені сау, көңіл-күйі көтеріңкі болатыны, денсаулығы жақсаратыны баршаға аян. Бұл орайда, біздің облысымыз талантты спортшыларға кенде емес. Алайда…

Қазақ күресі, көкпар, жамбы ату, тоғызқұмалақ, асық, саятшылық тәрізді ұлттық спорт түрлері біртіндеп дамып келе жатқанымен, халықаралық, республикалық жарыстарда кейбір ұлттық спорт түрлерінен бірнеше жыл қатарынан үздік нәтиже көрсете алмай келеміз.
Осы ретте, тау көтерген толағайдай ұлдарымыз қайда деген сұрақ туындайды. Соңғы жылдары қазақ күресінің қанат жайып келе жатқандығын барша жұрт көріп отыр. Спорттың бұл түрінің бағын жандырған – Қазақстан барысы. Тек, сол дүбірлі додада Ақмола облысында ауыр салмақта топ жаратын түйе палуанның шықпай жатуы әрине, өкінішті. Қазақстан барысы турнирінің облыстық кезеңінде бес жыл қатарынан Нұрлан Жамаловтың чемпион атана беруі, бұл оның мықтылығын білдірмейді, керісінше, облыста оған қарсы келетін палуанның жоқтығын, бәсекелестіктің болмай отырғандығын көрсетеді.
Қазақ күресінен жаттықтырушысы Ерік Шөлімов бүгінгі таңда қазақ күресін дамытуға онша көңіл бөлінбей келе жатқандығын айтуда. Оның сөзінше, олимпиадалық спорт түрлерімен салыстырғанда қазақ күресіне бөлінетін қаржы аз. Тіпті, соңғы кездері қанат жайып келе жатқан шығыс жекпе жек спорт түрлері қазақ күресінің алдын орап тұр деуге болады. Сол себепті, палуандарымыздың жаттығуы тиісті деңгейде болмай, дүбірлі додалардан қалыс қалып отыр. Бұл олардың осы күреске деген құлышынысының, ынтасының азаюы-
на әкеліп соқтырмаса, арттырмайды. Дегенмен, жаттықтырушы айтқандай, соңғы кездері үлкен жарыстарда топ жаратын жас түйе палуандарымыз өсіп келеді.
– Қазіргі кезде «Қайрат» қазақ күресі залында жаттығып жүрген жас палуандарымыз бар. Біз солардан үлкен үміт күтеміз. Олардың арасында жас палуандар Елюан Оспанов, Мақсат Әлиев, Төлеухан Алмас, Орынбай Әлихан, Тоқтаубай Көбеген, Қуандық Рамазан сияқты жастарымыздың есімдерін атап өтуге болады. Бұлар республикалық турнирлерде жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Жақында Қызылорда қаласында Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына арналған қазақ күресінен республикалық турнир өтті. Тоғыз салмақ дәрежесі бойынша боз кілемге 200-ге жуық спортшы шығып, күш сынасты. Оның ішінде 142 келі салмақта көкшетаулық Елюан Оспанов екінші, ал, Целиноград ауданының Өмірбек Ақеділ үшінші орын алды, – дейді Ерік Шөлімов.
Турасын айтқанда, «Біздің өңірде ауыр салмақты балалар жоқ» деп айтуға болмайды. Балалардың бәрі ұсақталып кеткен жоқ. Бейнелеп айтқанда, жақсы материал бар, бірақта сол балаларды іздеп тауып боз кілемге шығару керек.
Ұлттық спорт түрлерінің ішінде қазақ күресі, тоғызқұмалақ  үйірмелері пән ретінде енгізілмекші. Бүгінгі таңда жалпы білім беретін мектептерде ұлттық ойындарды дәріптейтін 500-ден астам үйірме жұмыс істейді екен. Бұл әрине, иісі қазақ үшін жағымды жаңалық. Көкшетауда М.Ғабдуллин атындағы №3 орта мектепте ұлттық рухты насихаттайтын тоғызқұмалақ, асық үйірмелері жұмыс істеп келеді. Мұндағы тоғызқұмалақ үйірмесіне 24 бала қатысады. Бұдан бөлек, №8 орта мектепте де ұлттық ойындар бойынша үйірмелер бар.
– Әрине, ұлттық спорт түрлеріне көңіл бөлінуі тиіс. Қазір біраз оқушыларымыз қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ойындарынан қалалық, облыстық және республикалық жарыстарда жүлдегер атанып жүр. Бұл бізді әрине, қуантады. Дегенмен, әлі де болса көңіл бөлінуі қажет, – дейді облыс орталығындағы М.Ғабдуллин атындағы №3 орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Әзілхан Тілеубаев.
Жүйрік ат пен мықты жігітке тән көкпар, жамбы ату, саятшылық та облысымызда дамып келеді. Бұған соңғы кездері өтіп жүрген халықарылық турнирлерде жерлестеріміздің жеңіс тұғырынан көрінуі айқын дәлел бола алады. Осы ретте, бір атап өтерлігі, кез-келген спортты дамыту үшін, ең бірінші жүйемен, жоспармен жұмыс жасау керек. Арнайы спорт мектептерінен бөлек, мектептегі дене шынықтыру пəнінің мұғалімдері де үлесін қосып, ұлттық спорттың іргетасын дұрыс қаласа, спорт саласын жан-жақты дамытуға болары анық.
Жақында «Оқжетпес» футбол клубы тура бір айдан астам уақыт (ақпанның 12-сі мен наурыздың 16-сы аралығында) Түркияның Анталия қаласында оқу жаттығуын өткізді. Бұл бір, екі адам емес, техникалық персоналдарымен қосқанда 30-ға жуық адам. Осылардың барлығына қанша ақша кетеді десеңші! Премьер лигада жеңілістен көз ашпай, бірінші лигаға түсіп қалған команда үшін шетелде курортта бір айдан астам уақыт жатып, оқу жаттығу өткізудің қажеттілігі қанша?! Жеңіске жетіп, табысқа кенелгендер курортта демалушы еді. «Оқжетпес» футбол клубының ұжымы жеңіліске ұшырап, қаржылық шығынға батса да Түркияға барып, оқу-жаттығу өткізуі ақылға сыймайды.
Пандемия кезінде мұндай шығын шығарып, шашылудың не керегі бар? Онысыз да өткен жылы Қазақстанның футбол федерациясы Премьер-Лигадағы ойындарды қысқартып, кездесулерді жанкүйерсіз өткізді. Әлде, біздің спортшылар пандемия кезінде шығынға ұшыраған Түркияның курортты ұйымдарының шығынын толтыруды мақсат тұтып жүр ме?!
Мұндағы айтайық дегеніміз, нәтижесі жоқ, табиғатымызға жат спорт түрлеріне миллиардтап қаржыны төге бергенше, ата-бабамыздан мұра болып келе жатқан ұлттық спорт түрлеріне бір сәт көңіл аударып, өгей баланың күйін кештірмесек деген ниетіміз ғана.

Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар