Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ескі тиындардан ұлттық әшекей жасайды - АРҚА АЖАРЫ

Ескі тиындардан ұлттық әшекей жасайды

Жақсы ауданының Запорожье ауылында Бахтияр Белгібаев есімді зергер тұрады. Қолы епсекті шебер Кеңес Одағы кезіндегі ескі тиындардан зергерлік бұйымдар жасайды. Бахтияр соққан сырғалар мен жүзіктерге, қапсырмаларға, көздің жауын алатын алқаларға, жалпы бір сөзбен айтқанда, ұлттық әшекейлерге сұраныс күннен-күнге артып келеді. Себебі, оның әрбір туындысы ерекше әрі сапалы.

Сонау Дәуіт пайғамбар кезінен кәсіп көзі саналған зергерлік өнер атадан-балаға мұра болып келе жатқандығы рас. Қазақта «тегі жақсы тегін болмас» аталы сөз бар. Бахтияр Кеңесұлына бұл өнер әкесінен дарыған болса керек.
– Әкеміз зерлі зергер еді. Үйдегі балалардың барлығын осы өнерге баулыды. «Атадан қалған ұлттық өнерді өрістете біліңдер, балаларым» деп отыратын. Өкінішке орай, менің ағам мен інім бұл өнерді жалғастырған жоқ. Көрші-қолаң, тамыр-таныстың көпшілігі әкемнен үйренбекке талпынды. Бірақ, өнер қанға бітеді екен. Маған бұл қабілет әкемнен дарыған болар. Әкеме ұлы атамнан қалған аманат, – дейді Бахтиярдың өзі.
Шебердің өзі бұл кәсіпті пайда көзі деп есептемейді. «Жасаған жұмысым тұтынушыма ұнаса, ол сол әшекейді тағып жүрсе, менің жұмысыма берілген оң баға деп білемін. Өз қолыммен жасаған жұмыстың ешқайсысын да пайда көзі деп көрмеген екенмін. Ұлттық өнерді дамыту менің басты мақсатым болып табылады», – дейді өзі.
Зергердің бұл кәсіппен айналысқанына он жылдың жүзі болған. Бұған дейін «Ұлттық Ұланның» қатарында келісім-шарт бойынша он жыл әскери қызметте болған. Біраз жылдар дәнекерлеуші болып, әртүрлі мекемелерде де қызмет атқарған. Қалай дегенмен де, қолы қалт еткен сәттерде зергерлікпен айналысуға тырысатынмын дейді Бахтиярдың өзі. Қазіргі таңда ауылда өзінің жеке шеберханасы бар. Ондағы қажетті құрал-жабдықтың барлығы әкесінен қалған. Алға қойған жоспарлары туралы ашып айтпайды. «Бәрі де Алланың қалауымен, әзірге жасаған жұмысыма ден қойып, елге қызмет еткеніме қанағат етемін» деген ұстанымда.
– Ықылым заманнан бастау алған зергерлік өнер халық өмірімен, тарихымен сабақтас. Мәселен, әшекейдің үстіндегі әр ою-өрнектің өзінде сыр жатыр. Бір сөзбен айтқанда оюдың да астарында ой болады. Мені қуантатыны қазіргі өскелең ұрпақ ұлттық әшекейдің мән-мағынасын ұққандай. Айдай сұлу қазақ қызының ажарын оюлы алқа аша түседі емес пе?! Адам баласы ежелден әшекей бұйымдарды киімнің ажырамас бөлігі ретінде қолданған. Жүрген жерімізде ұлттық өнерді қолдап жүргеніміз абзал, – дейді Бахтияр.
Өскелең ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуде ата кәсіптің берер тағылымы зор. Осы орайда, асылдардан аманат болған ұлттық өнерді ұлықтап жүрген шеберлердің қатары молайып келе жатқандығы қуантады.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Запорожье ауылы,
Жақсы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар