Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Латын әліпбиі – ұлттың рухани қажеті - АРҚА АЖАРЫ

Латын әліпбиі – ұлттың рухани қажеті

Қазақ жазуының ұлы реформаторы, тілтанушы ғалым Ахмет Байтұрсынұлы: «Әліпби деген – тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалардың жұмағы. Неғұрлым тіл дыбыстарына мол жетсе, арнаған дыбысқа дәл келсе, оқуға, жазуға жеңіл болса, үйретуге оңай болса, заманындағы өнер құралдарына орнатуға қолайлы болса, соғұрлым әліпби жақсы болмақшы», – деп айтқан өз заманында. Ғалымның айтқан сөзі қазіргі уақытта да өз өміршеңдігін жойған емес.

Кез-келген ұлттың тілін айшықтап тұратыны – оның әліпбиі. Әліпби – ұлттың рухани байлығы. Тілдің қанатын кеңге жаюы да, бәсекеге қабілетті болуы да, өміршеңдігі де әліпбидің орнықты түзілуімен, сапалы жасалуымен өлшенетіні анық. Тіліміздің кемелденуінде әліпбидің алатын орны ерекше. Жазу мәдениетіміз өркендейді, халықтың дүниетанымы жақсарып, білім мен ғылым саласына тигізетін ықпалы да зор болады.
Биылғы жылдың қаңтар айының соңында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А.Мамин қазақ тілін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия отырысын өткізіп, латын әліпбиінің соңғы нұсқасы таныстырылды. Осы отырыста жетілдірілген әліпби нұсқасы қазақ тілінің дамуына жаңа серпін беріп, заманауи үрдістерге сай жаңғыруға ықпал ететінін және алдағы уақытта қазақ тілі латын графикалы әліпбиге кезең-кезеңімен көшіру бағытында қарқынды жұмыс жүргізу жоспарланып отырғаны айтылған еді. Яғни, халықтың арасында кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Жаңа әліпбиге кезең-кезеңімен көшу 2023-2031 жылдар аралығында жоспарланып отыр. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, латын графикасы негізіндегі әліпбиге көшуді түсіндіру, насихаттау, көпшілікке танымал ету бойынша жұмыстар тілдерді оқыту орталықтарында жүргізіліп жатыр. «Тіләлемі», «Qazlatyn» сайттарындағы жаңалықтар мен жобалар әрдайым назарда ұсталып, әлеуметтік желілерде жарияланып тұрады.
Латын графикалы қазақ әліпбиінің жетілдірілген нұсқасы 2021 жылдың 28 қаңтарында Ұлттық комиссияның мақұлдауынан өтіп, көпшілікке әліпбидің жаңа 4-нұсқасы ұсынылды. Бұл нұсқа да ірі лингвист тілтанушы ғалымдардың ой елегінен, ғылыми негіздемелерінен және тіл жанашырларының бірнеше рет талқылауларынан өтіп барып жүйеленді. Тілшілер тарапынан үлкен жұмыстар атқарылды. Осыған дейін ұсынылған әліпби жобалары да көпшілік қауымның басты назарында болып, сынамалардан өткізіліп, артық-кем тұстары айтылған еді. Біріншісінде, 25 таңба мен 8 диграфтық символдар болса, екіншісінде 32 таңба болды. Оның 9-ы апостроф жүйесімен белгіленді. Сонымен қатар, 32 таңба алынып, онда 6 әріпке акут (тоникалық екпін) және 2 диграф болды. Осылайша әліпби жобалары қоғамның қызу талқылауынан өтті.
Алғашқысы тіліміздің үндестік заңына қайшы келгендіктен, қолдау таппады. Екіншісінде апострофтармен берілгендіктен, қолайсыздық туғызып, қосымша таңбалар көбейіп кетті. Ол да тілдің үнемдеу заңдылығына кереғар болды. Яғни, төл дауысты дыбыстардың әріп қосындыларымен берілгендігі тым қолайсыздық туғызды. Осы кезекте, фонетикашы ғалым Зейнеп Базарбаева: «Диакритикалық таңбалар мейлінше аз болу керек. Сондықтан, диграфтарды, қосынды әріптерді алмау керек» деген қағиданы ұстанды. Қысқасы, бұл әліпбилерді практикадан, сынамадан өткізген кезде олқы тұстары көрінді.
Тіл мамандарының ұзақ та тыңғылықты талқылауынан, сараптауынан өткен соң, диграфтар, акут диакритикалық ноқаттар әліпби құрамынан алынып тасталды да, оның орнына 4 түрлі диакритикалық белгілер: умляут, бревис, макрон және седиль таңдап алынды. Алдыңғы әліпби жобалары мен мен Ұлттық комиссия мақұлдауынан өткен қазіргі әліпбидің басты айырмашылығы осы.
Жетілдірілген әліпбиде барлығы 31 әріп бар. Әліпби тек латын әліпбиі базалық жүйесі таңбаларынан құралған. Бұл әліпбиде қазақ тілінің 28 дыбысы толық қамтылған.
Қазіргі уақытта қолданып отырған кирил негізді әліпби 42 әріптен тұрады, ал, ұсынылып отырған әліпбиде 31 әріп бар, яғни, таңбалар саны 11-ге қысқарған. Қысқарса да, әрбір төл дыбысқа жеке таңба берілген. Қазіргі қазақ Ә, Ө, Ү, Ғ, Ұ және Ш әріптері диакритикалық таңбалармен берілген. Ал C, X, W таңбалары цитаталық принциппен жазылатын шеттілдік сөздерде қолданылады.
Жетілдірілген әліпби жобасында халықаралық әмбебаптық
сипатты, тәжірибеде қолданыста бар умляут, макрон, седиль, бревис диакритикалық белгілері қолданылған және олар өзіндік ғылыми негіздеріне қарай іріктелген. Енді осы белгілерге жеке-жеке тоқталып өтсек деп едік. Умлаут дегеніміз неміс, түркімен, түрік, әзірбайжан, тағы басқа тілдерде жіңішке дауысты дыбыстарға қойылатын диакритикалық белгі. Сондай-ақ, халықаралық фонетикалық әліпбидегі стандартқа да сәйкес. Осы әріпүсті умлаут белгісімен Ә, ө, ү жіңішке, дауысты дыбыстары таңбаланады.
Ғалымдардың айтуына қарағанда, әліпби қазақ тілінің жазу дәстүрінде орныққан «бір дыбыс – бір таңба» принципіне сай келеді. QWERTY стандарты бойынша пернетақта нұсқасында әріптердің орналасуы да қолайлы етіп жасалған. Ең бастысы тіліміздің табиғатын сақтай отырып, төл дыбыстарды жоғалтпай, тілдің тазалығына аса мән беріліп, «бір дыбыс – бір әріп» ұстанымын сақтай отырып ұсынылған жоба деп білеміз.
Түсінікті әрі үйренуге жеңіл етіп жасалған жаңа нұсқа тіліміздің дамуына жол ашып, жаңғыруына жаңа серпін береді деп сенеміз. Әліпбиіміз ел игілігі мен ұлт болашағына қызмет етіп, көпшіліктің ойынан шығады деп үміттенеміз және осы бағытта істелініп жатқан игі істерді әрқашан қолдаймыз.
Ғылым докторы Әбужәлел Бәкір: «Ұлттық құндылығымыздың өзегі қазақ тілін дамуда латын графикасындағы жаңа әліпбидің өмірге енуі, шын мәнінде ұлттық жаңғыруымызға, яғни, жаңаруға жол ашады» деген еді.
Қорыта айтқанда, латын әліпбиіне көшу ұлтымыз үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі. Латын әліпбиіне өтумен қоса, қазақ халқының дыбыстық ерекшелігін, яғни, төл сөйлеу мәнерімізді қайтарамыз.  Өйткені, қазақ жазуы қазақ тілінің ұлттық сипатын көрсетеді. Бұл – болашақ өскелең ұрпақ үшін өте маңызды қадам, мемлекеттік тілімізді, ұлттық тілімізді сақтап қалуға үлкен септігін тигізеді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», – деп дана халқымыз айтқандай, бірігіп әрекет жасасақ, бұл белесті де бағындыратынымыз хақ. Осы ретте, жаңа әліпби тіліміздің ұлттық құндылығын арттырары сөзсіз.
Әсемгүл ҚАРСАБАЕВА,
Ақмола облыстық оқу-әдістемелік орталығының әдіскері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар