Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Тимур Хамзиннің қатысуымен брифинг болып өтті. Жиында сөз сөйлеген басқарма басшысының орынбасары тұрғын үй қатынастары туралы Заңға өзгерістер енгізілгенін тарқатып айтып берді.
– Ағымдағы жылдың қаңтарында тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласын реформалау және жалпы үй меншігін басқарудың жаңа моделін енгізу бойынша жаңа нормалар күшіне енді. Мемлекет басшысы бұл жаңалықтарды қысқа мерзімде жүзеге асыруға тапсырма берді. Қазіргі таңда Ақмола облысында 29 848 көппәтерлі тұрғын үй бар. 2020 жылдан бастап облыс, қала және аудан әкімдіктері кондоминиум нысандарын басқарудың жаңа нысандарын енгізу туралы заңнаманы түсіндіру жұмыстарын бастады. Басқарудың жаңа нысандарына көшу мерзімдері бойынша тиісті кестелер бекітілді. Кестелер әкімдіктердің ресми сайттарында орналастырылған. Жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен халықпен кездесулер өткізу алгоритмі пысықталды. Әкімдіктер қажетті әдістемелік нұсқаулармен, нормативтік, құқықтық және өзге де құжаттарды ресімдеу жөніндегі ақпаратпен қамтамасыз етілген, – деді басқарма басшысының орынбасары жиында сөйлеген сөзінде.
Айта кетуіміз керек, 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап пәтер иелері кооперативтерінің (ПИК) қызметі тоқтатылып, олардың заңды күші жойылады. Осыған сәйкес бұрынғы ПИК-тердің орнына мүлік иелерінің бірлестігі МИБ және және қарапайым серіктестік (ҚС) жұмыс істейтін болады.
– Covid-19 пандемиясынан туындаған төтенше жағдай режимінің жариялануына байланысты ПИК-дің МИБ-ке және ҚС-ке көшу жөніндегі іс-шаралардың орындалуы 2021 жылдың соңына дейін ұзартылып отыр. Біздің облыста Көкшетау, Степногорск қалалары мен Бурабай ауданында барлығы 142 ПИК бар. Жалпы үй мүлкін басқару органдары жоқ көп пәтерлі тұрғын үйлер өте көп. Сондықтан пәтер иелерінің МИБ немесе ҚС құру жөніндегі бастамасын қолдау қажет. Қазіргі таңда облыста мүлік иелерінің 21 бірлестігі және 3 қарапайым серіктестік тіркелген. Тарқатып айтсақ, Көкшетау қаласында – 12 МИБ және 1 ҚС, Зеренді ауданында — 1 МИБ және 3 ҚС, Атбасарда – 4 МИБ, Бурабайда – 1 МИБ, Целиноград ауданында – 3 МИБ бар, – деді Тимир Хамзин өз сөзінде.
Жиында белгілі болғанындай меншік иелері мүлік иелерінің бірлестігінің штатында бұрынғы пәтер иелері кооперативтеріндегідей электрик, сантехник тағы басқа жұмысшылар болмайды. Олардың қызметін шарт бойынша сервистік қызметкерлер орындайтын болады.
– Әрбір үй, елдің әрбір қаласы әлемнің дамыған елдерінде бұрыннан табысты жұмыс істеп келе жатқан МИБ-тің ортақ жүйесіне қосылған жағдайда ғана біз ықтимал тозығы жеткен және авариялық тұрғын үй қорын азайтамыз. Сонымен қатар, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының күнделікті мәселелерін тиімді шеше аламыз, – деп түйіндеді өз сөзін Тимур Хамзин.
Айта кетуіміз керек, елімізде тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласындағы заңнамада қасбеттер мен шатырларды ағымдағы немесе күрделі жөндеуге жергілікті бюджеттен қаражат бөлу көзделген. Мәселен, тек 2020 жылы Көкшетау қаласында 600 миллион теңгеге жуық 96 көппәтерлі тұрғы үй тиісті қалыпқа келтірілді. Биылғы жылы Атбасар қаласында 8,6 миллион теңгеге 14 үйдің қасбеттері жөнделеді деп жоспарланып отыр.
Тимур Хамзиннің айтуынша, биылғы жылы аула аумақтарын абаттандыру бойынша жұмыстарды жалғастыру жоспарланып отыр. 2020 жылы 61 тұрғын үйдің аулалары жөнделді. Бұл мақсатқа 1 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалған. Ағымдағы жылы Көкшетау, Степногорск, Степняк, Щучинск және Есіл аулаларының аумақтарын жөндеуге облыстық бюджеттен 812 миллион теңгеден астам қаражат бөлініп отыр.
Жиынға қатысқан журналистер тақырыпқа қатысты орамды ойларын ортаға салып, өзара пікір алмасты.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.