Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Шектеулер қойылып жатса, түсіністікпен қарайық - АРҚА АЖАРЫ

Шектеулер қойылып жатса, түсіністікпен қарайық

Қазір жалғыз біздің қазақ елінде ғана емес, әлемде бір алаң жағдай қалыптасып отыр. Бір-екі жылдың аясында әлем бойынша тарай бастаған коронавирус індеті дүниенің дамуына елеулі өзгерістер әкеліп жатқаны анық.

Індеттің беті қайтты деп айта қоюдың өзі әлі де ертерек. Күн сайын беріліп жатқан мәліметтерге сүйенсек, әлем бойынша індеттің таралуы бәсеңси қойған жоқ. Жер бетінде осы індеттен адам шығыны да азайған емес. Адам баласына келген осы індеттің алдын алу, таралып кетуін неғұрлым азайту мақсатында біздің елімізде барлық шаралар қолданылып жатқанын да ешкім жоққа шығара алмас. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен былтыр төтенше жағдай жарияланып, карантин енгізілгені, халыққа материалдық қолдау жасалуы, бизнестің дамуына барынша жағдайласу, еліміздің әр жерінде осы заманғы инфекциялық ауруханалардың жедел салынуы сияқты істер атқарылды.
Жаңа инфекциялық аурухана біздің Көкшетау қаласында да өте қысқа мерзімде салынып, іске қосылды. Қарағандыда вакцина шығаратын зауыттың іске қосылуы да игі істің бірі еді. Және де Қазақстанның өз вакцинасын шығаруды қолға алуы да еліміздің бұл індетті жоюға барынша жауапты қарап отырғандығы деп білеміз.
Міне, осындай көптеген жұмыстардың қолға алынғанына қарамастан, әлі де болса індеттің басылмай тұрғаны анық. Соған сәйкес Қазақстанда жағдайға байланысты түрлі шектеулер қойылып жатады. Бұл ең әуелі сіз бен біздің жағдайымызды ойлағандық деп түсінгеніміз абзал.
Дегенмен соған қарамастан, осындай шектеулер әдейі жасалып отырғандай өрекпіп шыға келетініміз де бар. Тіпті, дәмханалар мен тойханалардың есік-терезелерін тас қымтап алып, әлі де ойын-той, басқа да шаралар өткізуден тыйылмай келе жатқанымыз да жасырын емес. Қазақстанды қойып, Еуропаның бірталай мемлекеттері тұтас бір қалаларды жауып, бұдан өзге де қатаң шектеулер қойып жатыр емес пе? Әуе қатынастары рейстерін тоқтатып жатқан елдер де бар. Осының бәрі еріккеннен жасалып жатқан жоқ. Бәрі де өз халқының жайын ойлағандық деп білеміз.
Індет те, өтер, кетер! Қазір халықты жаппай вакцинациялау жүріп жатыр. Осы вакцинация жайлы да небір дақпырттар таратып жатыр. Қорықпаңыз! Адам баласын ертеректе шешек, безгек, тағы да өзге індеттерден аман алып қалған осы вакцина болатын. Өз басым бірінші кезектегі вакцина алдым. Екіншісін тағы да аламын. Қауіпті еш нәрсе байқаған жоқпын! Сондықтан, екпеден қорқып, үрікпеңіздер дер едім.
Ең бастысы індетке байланысты шектеулер қойылып жатса, соған барынша түсіністікпен қарайық. Кім кәне, өз халқына болмасын, шаруасы күйзелсін, жағдайы күрделене түссін деп отыр?! Ешкім де жоқ болар! Осыны айта отырып, шектеулерге қарсы шығып, елді дүрліктірудің, көшеге шығуға итермелеудің өзі халыққа жасалып отырған қастандық деп білу керек. Керісінше, сол індеттен бірімізді біріміз сақтандыра білейік!
Елді көшеге, наразылыққа шығуға шақырып, ел ішіне іріткі сала бермейік дер едім! Бәріне де түсіністікпен, сабырмен қарап, халқымызды бар қиындықты бірлесе жеңуге, бірлесе еліміздің тәуелсіздігін нығайтуға, алға қойылып отырған міндеттерді бірлесе шешуге шақырайық! Қазақстанның болашағы зор екендігіне сенемін! Бәрі де өз орнына келіп жақсы күндер туып, ойдағымыз боларына да сенемін!
Жабал Ерғалиев,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Сенаторлар кеңесінің мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар