Қазақстан Республикасының мемлекеттік бас санитарлық дәрігері барлық мектеп оқушыларының төртінші тоқсанды дәстүрлі форматта оқуына рұқсат еткенімен, Ақмола облысында оқушылар төртінші тоқсанды үшінші тоқсандағыдай оқитын болды. Оның басты себебі, өңірдегі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақсыздығында және «қызыл» аймаққа енген Нұр-Сұлтан қаласымен жақын орналасуымызда болып отыр.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов өткен тоқсанды облыстың 103 мың оқушысы дәстүрлі оқыту түрінде аяқтаса, 26 мыңнан астам білім алушы қашықтықтан оқығандығын атап өтті. Еске сала кетер болсақ, үшінші тоқсанды жалпы білім беретін мектептердің 1-інші мен 5-інші сынып аралығындағы оқушылары, халықаралық мектептердің 1-7 сыныптары дәстүрлі форматта оқыды. Сонымен қатар, 300-ге дейінгі оқушысы бар мектептер де оқу процесін әрі қарай дәстүрлі форматта жалғастырып, қашықтықтан оқитын мектептердің 9 және 11-інші сыныптары, халықаралық мектептермен, Назарбаев зияткерлік мектептерінің 10-12-інші мектеп бітіруші сыныптары оқытуды штаттық форматта жүргізе бастады. Енді облыстың мектеп оқушылары оқытудың осы аталған форматтары бойынша білім алуларын жалғастыра бермекші.
Жоғарыда атап өткеніміздей, осылайша мемлекеттің бас санитарлық дәрігерінің қаулысына қарамастан, төртінші тоқсанды облыстағы 556 мектептің 80 пайызы ғана дәстүрлі форматта оқиды.
–Мемлекеттің бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес біз де облыстың бас санитарлық дәрігерінен барлық мектептерді дәстүрлі форматта оқытуға ауыстыруға рұқсат сұраған болатынбыз. Алайда, сұраныс хатқа жіберілген жауапта Ақмола облысында коронавирус пандемиясына байланысты эпидемиологиялық ахуалдың тұрақсыздығы, оқушылар арасында індет жұқтырудың ушығып кету қауіпі, сонымен бірге, елордамен шектесіп жатқандығымыз салдарынан рұқсат берілмеді. Яғни, оқушылары 300-ден көп мектептер оқу процесін бұрынғыдай қашықтықтан жалғастырады, деп түсіндірді жағдайды облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов.
Брифинг барысында мектеп бітірушілердің ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) дайындығы, оның жаңа форматы, оны өткізетін пункттердің қайда орналасқандығы туралы да мәліметтер келтірілді. Белгілі болғанындай, биыл ҰБТ электронды түрде компьютермен тапсырылады. Мектеп бітірушілер бірінші тапсырған тестілеуге қанағаттанбаса, екінші рет тапсыруға рұқсат етіледі. Сонымен бірге, биыл мектеп бітірушілер, яғни 9 және 11 сынып оқушылары мемлекеттік емтихан тапсырып, аттестаттаудан өтеді.
Ырысалды АХМЕТҚАЛИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.