НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығы қоғамдық қорының президенті Рахым Ошақбаев елдегі карантин шараларының күшеюіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚазАқпарат тілшісіне телефон арқылы берген пікірінде Рахым Ошақбаев елдегі ең ірі екі қалада эпидемиологиялық жағдайдың ушыға бастағанына алаңдайтынын айтты. «Алматы мен Нұр-Сұлтанда, басқа өңірлерде де коронавирусқа байланысты жағдай әлі де алаңдатарлық болып отыр. Әрине, карантин шектеулерін күшейту әзірге билік арсеналындағы жалғыз жауап болып қала береді», — дейді Рахым Ошақбаев. Сарапшы, сонымен қатар, жетілдіруді қажет ететін кейбір мәселелер туралы айтты. «Жалпы алғанда, пандемия жарияланғанына бір жылдан асты. Осы уақыт ішінде, меніңше, шараларға жұрттың қатысуын реттейтін нақты қаулылар дайындауға болатын еді. Әлі күнге дейін «Ashyq» қосымшасын пилоттық режимде пайдаланып жүрміз. QR-кодтарды пайдаланып жатқан ешкім жоқ. Рұқсат ету жағы да реттелмеген. Бақылаушылар бұл істе әлі де болса белгілі бір қарама-қайшылықтар бар екенін айтып жүр. Сауда орталықтары мен мейрамханалар жабылғанымен, басқа жақта инфекция тарату қаупі жоғары, адам көп жиналатын орындар ескерусіз қалуы мүмкін. Осының бәріне вакциналау науқанының алғаш жарияланған көлемдер мен қарқыннан едәуір кешігуі негізгі тежеуіш болып тұр. Өкінішке қарай, жаппай екпе салынғанша осындай түсініксіз режимде өмір сүреміз. Бұл өте жаман, қарапайым халыққа да, бизнеске де үлкен зиян келтіреді», — дейді Рахым Ошақбаев.
https://www.inform.kz/kz/rahym-oshakbaev-karantin-shekteulerinen-vakcina-kutkarady_a3769046