бүгінгі жаһандану заманында баланың жан-жақты дамуына, ғылым мен техника, мәдениет, спорт салалары бойынша бәсекеге қабілетті болуына жол ашады
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында балалар үйірмелерінің қызметін жандандыруды тапсырған болатын. Республикада бұл орайда 6 оқушылар сарайы бой көтерсе, соның бірі Көкшетау қаласында ашылды. Бұл сарайдың миссиясы балаларды, жастарды қосымша біліммен жаппай қамтып, инновациялық технология мен ғылыми-зерттеулер арқылы тұлғаның жеке және ғылыми-техникалық әлеуетін, креативті ойлау қабілетін жетілдіре отырып, шығармашылық өнер саласында дамуы үшін бірегей платформа құру.
Облыстық білім басқармасына қарасты бұл орталық өткен жылдың соңына таман ашылған болатын. Ғимараттың құрылысын елімізде аса танымал «BI-Group» компаниясы жүргізді. Екі ауысым бойынша жұмыс істейтін қосымша білім беру орталығы күніне 2 мыңнан астам оқушыға өздерінің таңдаған бағыттары бойынша білім бере алады. Қазақ және орыс тілдерінде білім беретін үйірмелерде бір топта 8-15 балаға дейін қатысады. Облыстық білім басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, мұнда ІТ және ғылыми-интеллектуалды бағыттар бойынша 400-ге жуық білім алушыны қабылдау жоспарланыпты. Ал, шығармашылық бағытта 16 үйірме ашып, онда 684 білім алушыны қамту көзделіпті. Облыстық балалар шығармашылығы үйінен 8 үйірме 4 жүзге жуық қатысушысымен ауысып барса, 273 білім алушыларға сұраныстары бойынша үйірмелер ұйымдастыру жоспарланған. Спорт бағыты бойынша 13 секция ашып, ондағы үйірмелерге 700-ден астам білім алушыны қабылдау жоспарланыпты.
«Bolashaq» сарайы «А» және «Б» деп бөлінген екі блоктан тұрады. Негізгі ғимараттың қасында тұрған «Б» блогында тек қана спортқа қатысы бар үйірмелер орналастырылған. Бізді оқушылар сарайының алдында мекеменің медиа және жастар мен жасөспірімдерді үйлестіру бөлімінің меңгерушісі Әділет Сембі қарсы алып, ондағы бес бағыт бойынша жұмыс істеп жатқан үйірмелер мен зертханаларды аралатып көрсетті.
–«Bolashaq» сарайы бес бағытта жұмыс істейді. Бірінші бағыты –ғылыми-техникалық бағыт, онда балалар мен жастар ғылыммен және ІТ-технологиямен айналысады. Екінші бағыты – шығармашылық, үшіншісі – спорт, одан кейінгісі бейімді орта бағыты және бесіншісі – медиа және жастар мен жасөспірімдерді үйлестіру бағыты деп аталады. Шығармашылық бағытқа қатысатындар би, вокал, көркемсурет, театр секілді үйірмелермен шұғылданып, бойларында бар таланттарын ұштайды. Одан кейін біздің ойымызда фото мен видеоға түсіруді үйрететін блоггерлер үйірмесін ашу да бар. Ал, спорт бағытына арнайы бір блок берілген. Онда 2 бассейн, тренажер, спорт, хореография залдары мен тағы қосымша екі үлкен зал бар, – дей келе, Әділет Сембі бізге «А» блогындағы кабинеттерді аралатып, көрсетті.
Бірінші қабаттағы бірінші кабинеттен бастайтын болсақ, мұнда бейімді орта бағытында жұмыс істеп жатқан сенсорлық бөлме бар. Бұл ерекше білім беруді қажет ететін 8 және 15 жас аралығындағы балаларға арналған кабинет.
–Бейімді орта бағыты бойынша бізде екі үйірме ашылған. Біреуі «Инсайт» деп аталса, екіншісі осы сенсорлық кабинет. Сенсорлық кабинетке 5 пен 7 жас аралығындағы ерекше балалар қабылданады. Олар мұнда құммен және ермексазбен ойнау арқылы қабілеттерін дамытады. Ерекше балаларды бізге медициналық-педагогикалық консультация орталығының мамандары жолдамамен жібереді. Жекелей жұмыс жасауды қажет ететін балалармен бөлек-бөлек жұмыс істейміз, –дейді әдіскер маман Мүгілсім Тышқанбаева.
Сенсорлық кабинет ерекше қажеттіліктері бар балаларды дамытуға арналған арнайы құралдармен жабдықталған. Мұндағы жабдықтардың барлығы ресейлік сапалы өнімдер. Мүмкіншілігі шектеулі балаларды дем алдыра отырып, дамыту, ойлату, қимылдату секілді бағыттар бойынша барлық ұсақ-түйек заттарға дейін толыққанды ойластырылыпты. Мұнда жарық пен дыбыстық құралдарды пайдаланып, балалардың логикалық дамуын жетілдіруге бағытталған құралдар да бар. Ерекше балалармен психолог маман Эсет Куссиева мен арт-терапевт Динара Қақабаева жұмыс істейді екен.
Оқушылар сарайының жұмыс істейтін алғашқы бағыты бойынша ашылған биотехнологиялық зертханасымен ғылыми-интеллектуалды және әдістемелік бөлімнің меңгерушісі Мәдина Еменәлинова таныстырды.
–Биотехнология зертханасында үйірмеге қатысушылар вирусология, микробиология, биотехнология саласы бойынша түрлі зерттеулер жүргізеді. Яғни, оқушылар мұнда жасушалардың құрамында түрлі инфекциялардың бар-жоғын анықтай алады. Оқушылар мен студенттер үйірме жетекшісімен келіп, өсімдіктер биотехнологиясы, өнімдердің сапасын жақсарту, жануарлардың жасушаларын модификациялау бойынша түрлі зерттеулер жасауларына немесе жаңа бір тіршілік түрін жасап шығаруларына болады. Бұл кабинет Германия, АҚШ, Швейцария, Швеция, Латвия және Голландия мемлекеттерінен алынған қазіргі заманға сай микроскоптармен және басқа құрал-жабдықтармен жабдықталған. Мәселен, мұнда ағзаның осы уақыттағы ДНҚ-сын анықтайтын құрылғы бар. Оның көмегімен адамның қанынан коронавирус РНҚ-сын да анықтауға болады. Қазіргі уақытта бұл бағыттағы жұмысты қолға алу үшін оқытушы арнайы даярлықтан өтіп жатыр. Сондай-ақ, мұнда биологиялық тіндерді зерттейтін микротон құрылғысы бар. Бұл аппарат Қазақстан бойынша үшеу ғана екен. Оның бірі Атырауда, екіншісі Ақмола облыстық онкологиялық диспансерінде және біздің «Bolashaq» сарайында. Аталған құрылғы арқылы парафинге онко аурудың клеткасын қосып, оны микроскоппен әрі қарай зерттеуге болады. Болашақта онкологиялық дәрілер ойлап табуға мүмкіндік береді, – дейді бөлім меңгерушісі. Қазіргі уақытта бұл үйірмеге 9 сынып оқушыларынан бастап, студенттер де барады. Зертханада тірі жасушаларды, организмдерді сақтайтын арнайы бокстар мен тиісті суықтықта сақтауға мүмкіндік беретін климастат бар. Сонымен бірге, мұнда қауіпті сұйықтықтар, зерттеу жүргізуге қажет арнайы химиялық қышқылдар мен тұздар құлыптаулы сөреде сақталады.
Экология зертханасында атмосфераның, топырақтың, судың құрамдарын тексеруге болады. Мұнда біз барған кезде 28 жасөспірім мен студент білім алып жүргендігі белгілі болды. Өндірістік экология орыс тілінде білім береді. Зертханада сұйықтықтың құрамын анықтайтын германиялық құрал-жабдық пен виртуалды зертханалар да бар. Мысалы, дрон тәрізді безпилотник құрал әуеде 4 мың метрге дейін көтеріліп, компьютер арқылы берілген координаттық бағдарламаны орындап, зерттеу жүргізіп келеді. Бұл құрылғы соңғы уақытта көбейіп кеткен стихиялық үйінділерді, флора, фауналарды, жануарлар әлемін бақылауға, зерттеуге қажет. Катапульттің көмегімен фотосуретке, видеоға түсіреді. Кабинетте сондай-ақ, топырақты зерттеуге арналған құралдар бар. Ол топырақ құрамындағы макро, микроэлементтерді тексереді.
–Егістікпен айналысатындар егін салар алдында келіп, жердің құнарлылығын тексеруге өтініш жасай алады. Онда біз топырақтың құрамын зерттеп, ол жердің егін егуге жарамды-жарамсыздығын анықтап береміз. Құралға топырақты салып, бағдарламасын енгіземіз, жүйе арқылы спицалар өздігінен жұмыс істеп, қорытындысы арнайы принтерден шығады. Сонымен бірге, алқапқа шығып та зерттеу жүргізуге арналған портативтік жылжымалы зертханалар бар. Кез-келген жерде зерттеу жүргізуге болады. Мысалы, жазда Қопа көліне барып, судың құрамын зерттеуімізге болады, – дейді Мәдина Еменәлинова.
Бұдан әрі ғылыми-жаратылыстану зертханасын аралап көрдік. Онда балалар физика, химия, биология бойынша пәнаралық зерттеулер жүргізе алады. Астрономияны зерттеуге арналған телескоп та осында орналасқан. Бұл үйірмеге келетіндер өсімдіктердің жайлы өсуіне, көмірқышқыл газын бөліп, қажетті қолайлы орта қалыптастыруға арналған гробокс құралымен жұмыс істей алады. Ерекше қажеттіліктері бар балаларға да арнайы құрал-жабдықтар орнатылған. Мәселен, көзі нашар көретін балалар үшін мәтіндерді дайындайтын аппарат қойылыпты. Ол тактильді мәтіндер дайындайды. Балалар қолдарымен тактильді сезу арқылы оқиды. Бұл зертханада 3 үйірме бар. Оның екеуі орыс тілінде, біреуі қазақ тілінде.
Бұған қоса, мұнда балалардың зерттеулерін, ғылыми жаңалықтарын, жобаларын таныстыруға арналған тұсаукесу залы бар. Мұнда қазіргі заманға сай 8К экраны орналастырылған. Осындай үлкен әрі жанды етіп көрсететін экрандар біздің облыста тек осы оқушылар сарайында ғана бар екен. Залда бұдан бөлек 6 модуль іске қосылған. Соның арқасында 6 экран қосымша жұмыс істейді. Бұлардың барлығы Интернетке қосылған және әрқайсысы өз бетімен бөлек стационарлық комьютерлер ретінде жұмыс істейді. Яғни, әр түрлі ақпараттарды ішіне енгізуге болады. Одан бөлек бұл залда 3D модулі бар. Бұл модульдің арқасында оқушылар мен студенттер 3D презентациялар жасай алады.
Бұдан басқа аталмыш залдағы теңдесі жоқ нәрсенің бірі – интерактивті кітап. Бұл электронды кітап арқылы біз Ақмола облысының киелі жерлерін ерекше формада көре алдық. Абылай хан алаңын 3D моделіне қойғанда әлгі алаңға барып, сол жерде көріп тұрғандай әсер қалдырады. Өте мықты құрал-жабдықтар орнатылған мұндай жерде презентация өткізген жастардың талабы ұшталып, ғылым-білімге деген құштарлықтары ашыла түседі деген үміттеміз. Бір жағынан баланың еңбегін керемет көз тартарлық етіп көрсетеді, әрі баланың білімге деген қызығушылығын арттырады. Мұны көрген адамдар ақпаратты шынайы қабылдай алады. Мұндай интерактивті кітап Қазақстанда бір-екі жерде ғана бар. 20 беттік кітапқа ең қажетті ақпараттар арнайы бағдарлама арқылы енгізіледі. Төрдегі 8К экраны көрсетіліп жатқан бейнероликтердегі көріністердің жанында тұрғандай әсер қалдырады.
STEAM, робот техникасы, мехатроника зертханасы. STEAM дегеніміз жаһандық білім берудегі негізгі тенденциялардың бірі. Оның түп негізінде ғылым, технология, инженерия, өнер және математика ұғымдары жатыр. Бұл үйірмеде оқушыларды әртүрлі механизмдерді өз қолдарымен жасауға баулиды. Олар Arduino және ESP микроконтроллерлерін бағдарламалауды, электр элементтерін, модульдер мен датчиктерді тізбектерде қолдануды, сұлбаларды жинауды және оқуды үйренеді. Мұндағы үйірмелерге келіп жүрген 100-ден астам бала робот техникасы, STEAM бағыты бойынша білім алуда. Зертхана ішінде механикалық қол деп аталатын робот орнатылған. Мұндай роботтар қазіргі заманда өндірістік орындарда, зауыттарда дәнекерлеу жұмыстарын атқарады. Германияда өндірілген мұндай құрылғылар «Мерседес» зауытында машина құрастырады. Оқушылар сарайындағы бұл робот соны балаларды үйретуге арналған бір аналогы болып саналады.
Зертханада сонымен бірге, айналасын зерттейтін роботтар да бар. Олар арнайы камералар арқылы айналасын түсіріп алады да, басты компьютерге жібереді. Ол сенсор арқылы маңайындағы кедергілерді сезіп, соның нәтижесінде қауіпті аймақтардан айналып өте алады. Мұндағы мамандар оның өзінің «электронды миы» бар деп айтуға болады дейді.
Біз көрген келесі зертханалардың бірі – электроника, электротехника және жаңартылған энергия көздері зертханасы. Мұнда балалар баламалы энергия көзі мен электрониканы терең зерттеп, әр түрлі сұлбаларды жинауға және оқуға үйренеді, оны тәжірибеде қолданып көреді. Негізгі мақсаты – балаларды тәжірибеге баулу. Аналогтық және цифрлық электроника құрылғылары бар. Жеке құрылғылар арқылы балаларға кейбір қате сұлбалар мен ақаулықтарды көрсетіп, сонымен жұмыс істетіп, қателіктерін тапқызады.
3D протектеу, компьютерлік дизайн зертханасында сканерлер мен принтерлер арқылы түрлі заттарды өз ойындағыдай етіп шығаруға болады. 3D принтерлер арқылы қазір әлем халқы үйлердің құрылысын да жасап жатқаны белгілі. Бұл бағыт бойынша балаларымыз білімдерін ұштап, жетілсе, білім саласында ғана емес, басқа да салаларда бәсекеге қабілетті ел болатынымыз айдан анық. Зертханада екі принтер тұр, бірі смолл заттан, бірі пластиктан зат дайындап шығарады. Бұл үйірмеге қатысатын балалар әзірге автодеск, автофюжен бағдарламаларын үйреніп жүр екен.
Лего кабинетінде бір үйірмеде 4 топ жұмыс істейді. Әр топта 15 бала бар. Қораптың ішінде легоның конструкторлары орнатылған. Соны олар жинайды да, робот жасайды. Оны жасап болған соң, ноутбукта оның бағдарламасын жазып, легоның конструкторларын роботқа енгізеді, одан кейін робот жұмыс істей бастайды. Киберқауіпсіздік кабинетінде балаларға әртүрлі бағдарламаларда жұмыс істеп, киберқауіп төнсе, одан қорғану мен қарсы әрекет етудің жолдары үйретіледі. Ал, веб-дизайн үйірмесінде оқушылар сайттарды жасап, безендіруді меңгереді.
Ғимараттың үшінші қабатында шығармашылық ұжымдар жұмыс істейді. Мәселен, онда дизайн студиясы, интерьер қалыптастыру, сән үлгісін жасау секілді үйірмелер бар. Бұрынғы көркемсурет мектебі 9 мұғалімімен және оқушыларымен толық осында көшіп келіпті. Осы үшінші қабатта үлкен LED-экраны бар тағы бір көрме залында балалар өз қолымен жасаған туындыларын қоюларына болады. Ал, осы қабаттағы түрлі конференциялар ұйымдастыруға болатын зал «Воосн» фирмасының техникалық құралдарымен жабдықталған. БҰҰ мен ЕЫҚҰ-ның стандарттарына сәйкес жасалған бұл залда өтетін іс-шараларға 40-қа жуық адам қатыса алады.
Электрондық коворкинг кітапханада түрлі модульдер орнатылған. Онда Google Chrom бағдарламасы арқылы кіріп, қажетті ақпараттарды, кітаптарды, аудиокітаптарды қарауға, оқуға, тыңдауға болады. Егер жастар телефонмен көргісі келсе, веб-ватцаппен қосып алады. Балаларға бос уақыттарында осында келіп, азырақ кітап әлеміне үңілулеріне болады.
– Қазіргі уақытта «Bolashaq» сарайында 50-ден астам үйірме жұмыс істеп жатыр, онда 80-90 топ бар. Балалар саны 1000-нан асады. Толыққанды жұмысқа кіріскен кезімізде 78 үйірме болады деп жоспарланған. Мұның барлығы оқушылардың мүмкіндіктерін қамту үшін жасалып отыр. Бір ауысымда 1200 баланы қабылдай аламыз. Екі блокты қосқанда 2400 бала осында қабілеттерін ұштай алады. Үйірмелерге балалар екі тілде де қабылдана береді, –дейді бізбен бірге жүрген Әділет Сембі.
Кадр жағын қалыптастыру бастапқы кезде оңай болмағанымен, қазіргі уақытта барлық дерлік мамандар бар. Рас, әлі де бір-екі маман жетіспейді, бірақ, ол шешілетін мәселе. Қазіргі уақытта мұнда 100 шақты адам еңбек етуде. Мектептер мен жоғары, орта білім беретін оқу орындарының мамандары оқушыларды әртүрлі сала бойынша ғылым-білімге баулуда. Бүгінгі таңда 30-дан астам маман балалармен тікелей жұмыс істейді. Олардың төртеуі ғылым доктары, сондай-ақ, ғылым докторлығына кандидаттар мен магистрлар бар. Оқушылар сарайын облыста білім беру саласында біраз жылдардан бері нәтижелі еңбек етіп келе жатқан білікті басшы Айнагүл Балташева басқаруда.
–Біздің жұмысымыздағы бесінші бағыт – жастар мен жасөспірімдерді үйлестіру. Онда жастардың қоғамдық бірлестіктерімен, ұйымдарымен түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Мәселен, «Жас қыран», «Жасұлан», «Жас Отан» секілді қоғамдық бірлестіктер бар. Бұл бағыттың мақсаты солардың басын қосып, жұмысын үйлестіру. Бұл жоспар 2021 жылдың аяғына дейін іске асырылады, яғни, балаларды тығыз топтастыратын боламыз, – дейді Әділет Сембі.
Ғимараттың бірінші қабатында ата-аналардың күту залы, асхана, балалар мен ата-аналардың сырт киімдерін қалдыратын бөлек-бөлек киім ілгіштер, ақпараттық дүңгіршек бар.
Әлемді дүрліктірген пандемия салдарынан өткен жылдан бері карантиндік шектеулерден барлық салалар да кенде емес. Осы себептен оқушылар сарайында да карантин күшейтілген кезде әрбір үйірмеге келушілер саны бес баладан аса қойған жоқ. Ал, жалпы, бір үйірмедегі бір топқа 15 балаға дейін қабылданады.
Егер балаңыздың бойынан қандай да бір қарым-қабілетті, талант пен талапты байқасаңыз, ойланбастан осы «Bolashaq» сарайына алып келуіңізге болады. Мұндай оқушылар сарайы республика бойынша саусақпен санарлықтай ғана. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылған бұл еңселі ғимараттың түлектері болашақта ел игілігі үшін еңбек етіп, Қазақстанның дамуына зор үлестерін қосады деген үміттеміз.
Ырысалды АХМЕТҚАЛИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ,
Берік ЕСКЕНОВ.