Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көшпелі өмір өнерге құлшындырған - АРҚА АЖАРЫ

Көшпелі өмір өнерге құлшындырған

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін атқарылған тағдыршешті істерді айтпағанда, Тәуелсіздіктің халқымызға берген тағы бір игі жемісі – егемендік жылдары озық ойлы, білімді буынның өсіп жетілуі. Солардың алды – Тәуелсіздік құрдастары.

Біз бүгін әңгіме еткелі отырған Тәуелсіздік құрдасы – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты, жерлесіміз Манарбек Қыдырбайұлы. Ол 1991 жылдың 26 қыркүйегінде Моңғолияның Баян-Өлгей аймағындағы Көксерке тауының бөктерінде дүниеге келген. Отбасы атажұртқа қоныс аударғанда оның жасы 13-те болыпты.
– Әкемнің аға бауырлары еліміз егемендік алған жылдары Көкше өңіріне алғашқы лекпен көшіп келген болатын. Ал, біз 2005 жылы осында біржола қоныс аудардық. Әкемнің отбасымызды Қазақстанға көшірудегі мақсаты ұрпағын өзінің ата қонысына жеткізу болатын. Қанша жайлы болса да, ата жұртқа жететін мекен жоқ. Кез-келген ел өзінің идеологиясын жүргізетіні түсінікті. Өзіміздің салт-дәстүрімізді, қазақтығымызды жоғалтау үшін осындай қадамға бару қажет болды. Әкем осыны күні бүгінге дейін айтып отырады.Өз басым өзге елдің идеологиясынан тыс, өзіміздің тәуелсіз елде өмір сүріп жатқаныма мақтанамын. Осыдан отыз жыл бұрын Қазақ елі тәуелсіздігін алғанда қуанбаған қазақ кемде-кем. Әлемнің қай бұрышында жүрсе де, бойында қазақы қаны бар, өршіл рухты кез-келген қазақ қуанып, өзінің ата жұртына оралуға ниеттенді деп – ойлаймын. Тәңірдің жазуымен әрқайсысы әртүрлі мезгілде келіп жатыр, – деген Манарбектің отбасы Қазақстанға келгенде облысымызға қарасты Зеренді ауданы Қонысбай ауылына қоныстанған екен. Манарбек сондағы Абай атындағы орта мектепте тоғызыншы сыныпқа дейін білім алып, кейін Көкшетаудағы Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжіне оқуға түскен.
Қазақы қаймағы бұзылмаған Баян-Өлгей жерінде туып, киіз үйде тұрып, көшпелі өмірді көрген Манарбек кішкентайынан өнерге жақын болып өсіпті. Мектеп қабырғасында оқып жүргенінде мұғалімі оның бойынан ақындық қабілетін байқап, түрлі байқауларға қатыстырып отырған көрінеді. Колледжде оқып жүргенінде актерлік шеберліктен сабақ берген ұстазы Айжан Бәдірқызы жазушылық қабілетін жақсы бағалап, білімін әрі қарай шыңдауға ынталандырады.
Осылайша ол 2013 жылы аталған оқу орнын «Драма театрының әртісі» мамандығы бойынша тәмамдап, оқуын университетте жалғастыруға Нұр-Сұлтан қаласына аттанады. Осы арада мына бір қызық оқиғаны айта кетсек артық болмас, Манарбек Қазақ ұлттық өнер университетіне оқуға түсуге барғанда драматургия мамандығына небары екі мемлекеттік грант бөлініпті. Оған үміткерлердің саны қырық адамнан асады екен. Сөйтіп, оқу орнына қабылдау үшін жан-жақтан келген өнерлі қыз-жігіттер арасында емтихан өтеді. Емтиханды жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Роза Мұқанова алады. Сол емтиханда Роза апайы Манарбектің тебірене оқыған өлеңін тыңдап, әлгі екі гранттың біреуін Манарбекке берсе керек. Қазақтың талантты жазушысының алдына барып, емтихан тапсыру, жоғары баға алу екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа екені анық. Осы бір мақтанарлық жағдай да Манарбектің осал еместігін аңғартып тұрғандай. Төрт жыл бойы жазушы-драматург Роза Мұқанованың шеберханасында «Кинотеледраматургия» мамандығының қыр-сырын меңгерген ол қазіргі таңда Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып жемісті еңбек етуде.
Манарбек Қыдырбайұлының өлеңдері мен əңгімелері ұжымдық жинақтар мен халықаралық, республикалық газет-журналдарда, әдеби порталдарда жарияланған. Жуырда бірнеше өлеңі Моңғолиядағы әдебиеттің шамшырағы саналатын «Шұғыла» журналында басылыпты. Жоғарыда атап өткен марапаттарымен қоса, кейіпкеріміз халықаралық «Ауылым – алтын тұғырым» ақын-жазушылар байқауының драматургия жанры бойынша бірінші орын иегері. Сондай-ақ, ол 2015 жылы «Жастар жалыны» республикалық байқауында бірінші, республикалық «Тəуелсіздік толғауы-2017» байқауында драматургия жанры бойынша жүлделі үшінші орынмен марапатталды. Өткен жылы тұңғыш рет ұйымдастырылған Сәкен сері Жүнісов атындағы жас прозашылар байқауында бірінші орынды жеңіп алса, драмалық шығармасы облыстық «Құлагер» шығармашылық байқауында үздік деп танылды. Бізбен әңгімесінде Манарбек өз шығармашылығы жайлы қаламгер ағаларының айтқан жақсы пікірлері, түрлі байқауларда жеткен жетістіктері өзіне шабыт сыйлайтынын айтты.
–Бірнеше драмалық, прозалық, поэзиялық шығармалардың авторы болсам да, әлі өзімді драматургпын, жазушымын немесе ақынмын деп атаған, «болдым, толдым» деп санаған емеспін. Керісінше, үлкен ізденіс үстіндемін. Адам бойындағы таланттың бір пайызы табиғатынан берілсе, қалғаны еңбекпен келеді ғой. Бойыңдағы қабілетті шыңдау үшін көп еңбектену қажет. Көп ізденіп, оқығанды жақсы көремін. Шығармашылығыма берілген ең үлкен баға – жеткен жетістіктерім. Қандай да бір марапат алғанда оған бір жағынан шабыттансам, екінші жағынан маған артылған үмітті қалай ақтасам екен деп ойға батамын, – дейді тәуелсіздік құрдасы.
Осы арада, халқымыздың «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген нақылын кейіпкерімізге қарата айтқымыз келеді. Неге десеңіздер, Манарбек өлең, әдеби шығармалар жазумен қатар, қазақтың халық әндерін домбырада өте шебер орындайды. Актерлікпен де айналысады. Қазақ ұлттық өнер университетінің бірінші курсында оқып жүрген кезінде Қазақстан ұлттық арнасының «Поэзия әлемі» деректі хабарының ақын Әмірхан Балқыбектің өмірі мен шығармашылығына арналған санында Манарбек Әмірхан ағасының жас кезін сомдаған екен. Сондай-ақ, ол 2018 жылы түсірілген «Біржан сал елі» деректі фильмі мен «Менің құрбым Мира», «Құштарлық» атты қысқа метражды фильмдердің сценарийін жазған. «Сал-серілер» атты инсценировкасы Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрында сахналанған. Бүгінде Манарбек жазған сценарийлер бойынша әлеуметтік роликтер, қысқа метражды фильмдер түсірілуде. Жуырда сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін адамдарға ой салу мақсатында түсірілген «Бәсеке» қысқаметражды фильмнің де сценарийін жазған өзі. «Үскірік» деп аталатын қысқаметражды этнографиялық фильмі көпшіліктің ықыласына бөленген.
–Қазақ елі егемендігін алған тәуелсіз мемлекет. Сол себепті, еліміздің болашағы жарқын болатынына сенемін. Мені көп алаңдататыны ата-дәстүріміз бен тіліміз. Ащы да болса айта-
йын, отыз жылда қазақ тілі әлі шын мәнісінде мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеріле қойған жоқ. Кейде соған қатты қынжыламын. Және де көптеген замандастарымның халқымыздың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін ұмытып бара жатқаны алаңдатады. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын қоғам әлі дұрыс түсінбеуде. Рухани жаңғыруымыз үшін қазақтың тілінде сөйлеу керек екенін, өз тілімізді, тарихымызды, дәстүрімізді ұмытпау керек екендігін санамызға түюіміз керек. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді дана халқымыз. Сондықтан, уақыт өте келе осындай кемшіліктердің орны толады деген үміттемін, – деген кейіпкеріміз сөз соңында еліміз аман, тәуелсіздігіміз баянды болсын» деген ақ тілегін қоса жеткізді.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар