Салықтық және кедендік берешектерді мәжбүрлеп өндіріп алуды тоқтата тұру керек. Бұл туралы коронавирус індетіне қарсы іс-қимыл жөніндегі жиын барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банкке экономиканың зардап шеккен секторларындағы шағын және орта бизнестің кредиттері бойынша төлемдерін кейінге шегеру мүмкіндіктерін пысықтауды тапсырамын», — деді ҚР Президенті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы ең алдымен Үкіметке зардап шеккен салалардағы шағын және орта бизнес субъектілері үшін жекелеген салықтар мен төлемдерді төлеуді кейінге шегеру мәселесін жедел пысықтауды тапсырды.
«Екіншіден, салықтық және кедендік берешектерді мәжбүрлеп өндіріп алуды тоқтата тұру керек. Бұл шаралар шын мәнінде жаппай вакцинациялау басталғанға және шектеулердің басым бөлігі алынғанға дейін қолданыста болуы тиіс», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.