Қазақстанға ПТР анықтамасыз келетін әуе көлігі жолаушыларының саны 27 пайызға артып кетті. Бұл туралы коронавирус індетіне қарсы іс-қимыл жөніндегі жиын барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ақпан айынан бастап ПТР-зерттеу нәтижесі жоқ әуе жолаушылары санының екі есеге артқаны байқалады. Егер 2020 жылдың қаңтарында Қазақстанға ПТР анықтамасыз келетін тұлғалардың үлесі 7,3 пайызды құраса, қазіргі уақытта ол 27 пайызға жетіп отыр», – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, соның салдарынан елімізде коронавирустың мутацияға ұшыраған жұққыштығы біршама жоғары үш штаммы да анықталып отыр.
«Жұқтырудың жалпы өсімі жағдайы ауыр және өте ауыр пациенттердің көбейуімен, сонымен қатар өлім-жітім жағдайларының өсімімен бірге келе жатыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.