Қазақстанның «Ақжол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев Көкшетау қаласына жұмыс сапарымен келіп, қоғамдық жұртшылық өкілдерімен кездесті.
Облыстық әкімдіктің мәжіліс залында өткен осы шарада партия төрағасы бүкіл әлемді жайлаған коронавирус пандемия-сымен күресте ақмолалық дәрігерлер мен медбикелердің, волонтерлер мен кәсіпкерлердің де жанқиярлық еңбектің, ізгілік пен қайырымдылықтың асқан үлгісін көрсеткенін айта келе, олардың бір тобын аталған партия тағайындаған «COVID-19» коронавирусымен жанқиярлық күресі үшін» медалімен марапаттады. Облысымыздан мұндай наградаларға ие болғандардың қатарында Нариман Сыздықов, Саржан Қалмұратов, Нұрлан Жаров, Уәлихан Мейрамбеков, Мұхтар Досқожин, Абай Ахмадиев сияқты абзал азаматтар бар.
Сонымен бірге, бұған дейін «Ақжол» демократиялық партиясы «Менің елім – менің халқым» атты республикалық фотоконкурс жариялаған болатын. Конкурсқа қатысқан 56 үміткердің ішінен әділ қазылар алқасының шешімімен 21 үздік фототілшілердің еңбектері іріктеліп алынып, финалға жолдама алған еді. Солардың ішінен Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің фототілшісі Советбек Мағзұмов жүзден жүйрік шығып, бас жүлде – Гран-приді жеңіп алған болатын. Осы салтанатта «Ақжол» демократиялық партиясының төрағасы осы жүлде иесіне де конкурс жеңімпазының дипломын және сертификатын тапсырды. Біз осы мүмкіндікті пайдаланып, әріптесімізді тағы да бір осы табысымен құттықтаймыз!
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген
Советбек Мағзұмов.