Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Байдалының ұрпақтары ата мен әке аманатына адалдық танытып жүр - АРҚА АЖАРЫ

Байдалының ұрпақтары ата мен әке аманатына адалдық танытып жүр

ағайынды Оразалиндер өз туған ауылын көркейтіп ұстап отыр

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі тоқырау кезінде қаншама ауылдардың сиқы бұзылып, өңі қашты, қаншама елді мекен жер бетінен жойылып кетті. Ал, Сандықтау ауданындағы Веселое ауылында ағайынды Оразалиндер ел игілігі үшін аянбай еңбек етіп, тәуелсіздігіміздің берген бар мүмкіндіктерін тиімді пайдалана отырып, туған елді мекендерін үлкен, жан-жақты шаруашылыққа айналдырды.
Тарихқа көз жүгіртсек, серіктестік жұмысын Социалистік Еңбек Ері Байдалы Оразалиннің баласы, кезінде Целиноград обкомының екінші хатшысы болған Амангелді Байдалыұлы інілері Амандық, Бағдат, Сағдаттың қолдауымен 1992 жылы небары 176 гектар жерді игеруден бастаған. «Елім» атты бұл шаруа қожалығында сол кезде ыдырап кеткен кеңшардан қалған екі Т-4 тракторы мен бір комбайн және ЗИЛ ғана болыпты. 1996 жылы «Байдалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып өзгертілді. Қазіргі таңда бұл серіктестік «Байдалы» және «Байдалы-2 АШК» болып бөлінеді. Екі серіктестікті де ағайынды Оразалиндер басқарады.
Ағайынды Оразалиндер жұмыс көлемін бөлісіп алған. Мәселен, Сағдат Байдалыұлы серіктестіктің құрылтайшысы, әрі бас инженер, техникалық құралдардың жұмыс істеуіне толығымен өзі жауапты. Інісі Бағдат Байдалыұлы серіктестіктегі мал шаруашылығының дамуына жауап береді, ал, Ерлан Оразалин бас агроном болса, Азамат Амангелдіұлы серіктестіктің ішкі саясатын жүргізіп, кадр мәселелерін шешеді. Бірнеше жыл ішкі істер саласында лауазымды қызметтер атқарған, қатаң тәртіпті ұстанатын Марат Амангелдіұлы болса, серіктестікке толығымен басшылық етеді.
«Байдалының» екі шаруашылыққа бөлінгендігінің себебі біреуінде пай иелері болса, екіншісінде серіктестіктің иелігіндегі жерлер мен өндірістік шаруашылықтар. Серіктестікте 14 егістік кешені бар. Өткен жылы серіктестік «Әулиекөлдің» етті бағыттағы ірі қараларын сатып алған. Биыл сол 100 бас ірі қарадан 92 бұзау алыпты. Сиырлардың әрқайсысы 450-480 келі салмақ тартады. Кешендегі малдарды 4 еңбеккер үш рет қоректендіріп, кезекпен күзетеді. Жемшөп дайындайтын өздерінің зауыты мен автоматтандырылған құрылғымен жылытылған суару кешені де бар. Биылғы жылы шаруашылық маусым айында Чехиядан сүтті бағыттағы симменталь сиырларын сатып алып, сиыр сауу орнын ашып, тәулігіне 1,5 тонна сүт алуды жоспарлауда. Жалпы жыл соңына дейін тағы 100 бас қара мал әкеліп, келесі жылы сүтті-тауарлы ферма ашу діттелген. Биыл сүтті уақытша Көкшетаудағы «Көкшетау сүт зауытына» тапсырмақ. Келесі жылы ферма ашылғанда өздері кілегей, қаймақ, ірімшік секілді сүт өнімдерін шығара бастайды. Тауардың логотиптері, белгілері де әзір тұр. Етті құс фермалары бар серіктестік алдағы уақытта жұмыртқа шығаруды да қолға алмақшы.
Серіктестік басшысының айтуынша, биылғы жылы егіншілік саласы бойынша тұқым кешенін тұрғызбақшы. Қазіргі уақытта құрылысы бас-талып кеткен. Келісім-шарт бойынша күзгі дала жұмыстары толық аяқталған кезде бұл тұқымдық кешен де пайдалануға беріліп, серіктестіктің аталмыш желісі іске асады. Соның арқасында маңайдағы шаруашылықтар да тұқыммен қамтылатын болады.
Биыл серіктестік жылдағыдай 21 мың гектар алқапқа бидай, арпа, зығыр, күнбағыс, бұршақ, жүгері, сұлы егеді. Егін оруға ерте қамданған серіктестік әлден 3 жаңа техника – «Джон-Дир» фирмасының соңғы үлгідегі шынжыр табанды тракторларын сатып алған. Бұлардың қуаты 10 «К-700» техникасының күшімен бірдей екен. Бір техниканың кешенін қоса есептегенде, 800 мың АҚШ долларына сатып алыныпты. Көзімізбен көрген бұл техникаларды «ақылды» робот-трактор деп айтуға болады. Кезінде небары 3-4 техникамен жұмысын бастаған шаруа қожалығында қазіргі таңда 210-нан астам түрлі ауыл шаруашылығы техникасы бар. Механизаторлар мен комбайншылар жаңа техниканы меңгеру үшін арнайы оқытудан өтеді. Серіктестіктің осы техникалық құралдарды жуу орны мен жөндеу цехтары да ойластырылыпты.
Серіктестіктің бетон, кесектас, пескоблок жасайтын өндірістік зауыты қарқынды жұмыс істеп тұр. Теміртау, Магнитагорск қалаларынан ангарларды салуға арналған материалдарды жеткізіп, құрылыс заттарын өндіруді де көздеп отыр. Күн панелдері сумен жабдықтап, маңайын электр энергиясымен қамтып тұрады. Жалпы, серіктестік алдағы уақытта тағы да қосымша өндірістік шеберханалар ашып, түрлі станоктар орнатып, токарьлық, дәнекерлеу құралдарын қоймақшы. Өздері металқұрастыру фирмасын ашуды да жоспарлаған. Өндірістік лазерлік үстелдері де көз тартарлық.
–Даладағы ағын сулардың жиналып, арналарынан тасып кетуі салдарынан жыл сайын сәуір айында 15-18 күндей байланыссыз, қызыл судың құрсауында қаламыз. Осы уақытта дүкендерді азық-түлікке толтырып, халықтың қажетінше барлық жағдайын жасауға тырысамыз. Судың деңгейі түсіп, арнасына келгенде, Новоселовка мен Веселое ауылдарының көпірлері мен құбырларын өзіміз ретке келтіреміз. Жыл сайын екі көпірге 7 миллион теңге жұмсалады, – дей келе, Марат Амангелдіұлы ауыл арасындағы жолдардың ойқы-шойқы тұстарын жөндеуге де серіктестік қазынасынан жыл сайын 15 миллион теңге бөлінетіндігін айтты.

Ауылдағы орта мектепке де серіктестік барынша көмек қолын созуда. Білім ордасындағы 124 оқушыны ыстық тамақпен қамтып, дене шынықтыруға қажетті спорттық құрал-жабдықтар мен жинақтарын, оқушылардан құрылған хоккей командасының формаларын, қыздарға конькилерін алып берген. Осыдан екі жыл бұрын шағын футболға арналған жасанды жабыны бар алаң да салып беріпті. Серіктестіктің қамқорлығы соншалық, жыл сайын «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында 1 сыныпқа баратын ауылдағы барлық балаларға кеңсе тауарларын, оқу құралдарын толық алып беруді әдетке айналдырыпты. Барлық аз қамтылған отбасылар мен мүгедек балалардың киім-кешегін толығымен әпереді екен. «Көпбалалы отбасылар мен мүгедек жандарға ғана көмектессеңіз болады ғой» дегенімізге басшы:
–Әкем салып кеткен игі жолдан тайсам, кім болғаным? Әке аманатына адал болуымыз керек. Атам Байдалыдан бастап, әкем Амангелді де халықтың қамы үшін қызмет еткен арда азаматтар. Олардың ізгі жолын жалғастыру біздің парызымыз, – деді. 2003 жылы ауыл мектебіне Үкіметтің қаулысымен Социалистік Еңбек Ері Байдалы Оразалиннің есімі беріліпті. Содан кейін серіктестік мектептің алдына ескерткіш орнатып, маңайына ағаш отырғызып, кесектастар төсеп, көркейтіп қойған.
–Мектепке үнемі көмек көрсетеді. «Балапан» бағдарламасы қолға алынбай тұрып, мектептің басты демеушілері ретінде шағын орталық ашып берді. Қазір онда қазақша және орысша екі топ бар. Оқушыларымыз аудандық, облыстық спорттық сайыстарға қатысуларына да демеушілік жасап тұрады. Әскери дайындық сыныбы мен музыка кабинетіне қажетті құрал-жабдықтарды әперді, –дейді мектеп директоры Алма Әмрина.
Мектепте ауыл тарихына арналған музей бар. Ондағы құжаттар мен фотосуреттер, жәдігерлер ауыл құрылған 1911 жылдан бергі түрлі кезеңдерден сыр шертеді. Ең алғаш 20 переселен келіп қоныстанған көне ауылдың 110 жылдығы атап өтілмекші. Ауылда ашқан наубайханадан тұрғындар күн сайын ыстық нан мен басқа өнімдерді ала алады. Нанның бағасы қолжетімді – ­65 теңге. Серіктестіктің сонымен бірге, тұшпара мен манты жасайтын аспаздық цехтары да бар екен.
–Ауыл шаруашылығында ең басты мәселе – кадрларды табу. Қазіргі таңда шығарылып жатқан техникалардың барлығы компьютермен, спутникпен байланысқан. Сондықтан, кадрларды таңдау мен табу оңай емес. Жаңа тракторлардың мониторларына үңіліп отыра бермей, қажет кезде бағдарлама қою керек. Жаңашылдықтарға бейімделіп, оны тез іске асыру қажет. Алдағы 3-5 жылда сондай жас мамандарды да даярлап алуды ойластырудамыз, – дейді Марат Амангелдіұлы кадр мәселесін шешу жайлы сұрағымызға. Отбасы мүшелері толығымен осы серіктестікте еңбек ететін жанұялар да бар екен. Былтыр талай жылдардан бері ауыл шаруашылығы саласына сіңірген ерен еңбегі үшін серіктестік ардагері Дәркен Ыбыраев «Құрмет» орденімен марапатталыпты.
Серіктестіктің халыққа жасап жатқан жақсылығы телегей-теңіз. Мысалы, шаруашылықтың есебінен ауылға мешіт, наубайхана салып, жылу қазандығын қосып, ФАП ашып, мектеп оқушыларына барлық жағдайды жасауда. Әсіресе, қаншама адамды жұмыспен қамтып отыр. Былтыр «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен келген 7 мұғалімді баспанамен қамтыпты. Сондай-ақ, шаруашылықта бес жылдан артық жұмыс істеген адамдарға үй беріледі екен.
Серіктестік басшысы бізді кеңсеге қарама-қарсы орналасқан фельдшерлік-акушерлік пунктіне (ФАП) алып барды. Жақында шаруашылық басшылары халықтың пандемия мен жыл сайын орын алып келе жатқан тасқын сулардың салдарынан апталап, аудан орталығына не облыс орталығына қатынай алмай қалатындығын ескеріп, халықтың денсаулығын бақылауда ұстау үшін диагностикалық аппараттар алуды жөн көріпті. Шаруашылық сыйға тартқан аппараттар жаһанданудың төртінші кезеңінің соңғы үлгідегі құралдары десе болады. Бүгінде аудандық, тіпті кейбір қалалық ауруханаларда бола бермейтін құны 12 миллион теңге тұратын америкалық бұл аппараттар арқылы қан және зәрдің жалпы талдауларын енді осы ФАП жүргізеді.
­– ФАП селолық округтеғі Веселое, Жыланды, Барақбай, Новоселовка ауылдарының тұрғындарына, яғни, шамамен 1500 адамға медициналық көмек көрсетеді. Жуырда ЭхоКГ аппаратын да «Байдалы» шаруашылығы сатып әперді. Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларынан мамандар келіп, бұл құралмен қалай жұмыс істеу керектігін үйретті. Қазіргі таңда, гемотологиялық анализатор, биохимиялық аппарат арқылы барлық қажетті талдауларды жасай аламыз. Тұрғындар бір ғана қан талдауы үшін енді ауданға бармайды. ФАП-та 1 жалпы дәрігер мен 1 медбике қызмет көрсетеміз, – дейді медицина ғылымдарының кандидаты, Марат Амангелдіұлының зайыбы Жібек Оразалина. Иә, медицина ғылымдарының кандидаты, кардиолог маман ауылда не істеп отыр деп ойлауыңыз мүмкін. Ол осы уақытқа дейін елордадағы балалар ауруханасында кордиология бөлімшесінің меңгерушісі болған, ота жасап жүрген, ғалым, білікті дәрігер екен. Ауылға қалай келгендігі туралы айтар болсақ, жолдасы Марат Оразалинді әкесі серіктестікті басқаруға шақырады. Марат өзіне атасының бастаған ісін әрі қарай дөңгелетіп әкететіндігіне үлкен сенім білдірген әкесінің сөзін екі етпей, отбасымен ауылға көшіп келеді. Міне, солай әйелі Жібекке де отағасының шешімін құптап, ауылды көтеруге, қарапайым халықты емдеуге шалғайдағы елді мекенге баруына тура келеді. Төрт бала-шағасы бар отбасы бүгінде осы ауылдың өркендеп, гүлденуі жолында аянбай еңбек етуде.
Былтыр серіктестік аудандық ауруханаға жедел жәрдем көлігін сыйға тартыпты. Науқастарды жедел жеткізу керек болса, серіктестік жанар-жағар маймен де көмектеседі. Биыл өздері сатып алған бұрынғы совхоздың кеңсесін күрделі жөндеуден өткізген соң, бірінші қабатын толығымен ФАП-қа бермекші. Онда алдағы күндері 4 орынға арналған күндізгі стационар да ашылады. Ауылдық әкімдік, пошта, учаскелік полиция барлығы осы кеңсенің екінші қабатына орналастырылады. Жақында УДЗ аппаратын сатып алып, онымен жұмыс істеу үшін Жібек Оразалинаны УДЗ-дәрігері мамандығына оқуға жібермекші.
Бір мәселе, 2018 жылы ашылған мешіттің елге уағыз айтып, дұға оқып беретін имамы жоқ екен. «Имам келсе, үймен де, еңбекақымен де қамтамасыз етуге дайынбыз» дейді серіктестік басшысы.
Былтыр ауылға биологиялық отынмен жағылатын қазандық салыныпты. Экологиялық таза отыннан азғантай күлден басқа айтарлықтай қалдық қалмайды екен. Қазандық ФАП-ты, мешітті, кеңсені, жұмысшылар жатақханасын, қоғамдық моншаны, өндірістік мекемелер мен өздері салған жаңа үйлерді жылытады, биыл желі тартып, мектепті де қоспақшы. Биоотынды өздерінің алқабында өсірілген зығырдың қалдықтарынан дайындайды. Қуаты 2 МВт қазандық 20 мың шаршы метр аумақты жылытуға қауқарлы. Жанып жатқан биоотын ауаны ластамайды. Ауыл тұрғындарына да өз еріктері бойынша осы жылу қазандығына желі тартып, қосылуларына болады екен. Қазіргі уақытта қазандықтың жылу тарату аумағы 10-15 пайызға ғана жұмыс істеп тұр. Сондықтан, ауыл тұрғындарына қосылуға мүмкіндік мол.
–Тәулігіне 8 орама кетеді, қатты суықтарда 12 орамаға дейін жағамыз, –деді бізбен әңгімесінде от жағушы жігіт Василий Щербаков. Қазандықтың орнатылуына бас-аяғы 60 миллион теңге жұмсалыпты. Мұнда үш от жағушы кезектесіп жұмыс істеп, әрқайсысы айына 80 мың теңге жалақы алады. Ал, жазда науқанға байланысты қырманға шығып, шаруашылық ісіне араласады екен. «Байдалының» екі шаруашылығын қосқанда 150 адам жұмыс істейді. Олардың орташа еңбекақылары 120 мың теңге. Маусым кезінде жұмысшылардың еңбекақылары 200 мың теңгеден асып жығылады. Серіктестік тұрғындарды жыл он екі ай бойы жұмыспен қамтиды.
Көп балалы әке Иван Поперчактың отбасына 190 шаршы метрді құрайтын 5 бөлмелі үй салып беріпті. Жұмысшыларға да барынша жағдай жасалады. Ауылдағы ескі үйлерді жөндеп немесе жаңадан салып, уақытша жұмысшыларға береді. Кейін шаруашылықта бес жыл жұмыс істеген соң, үй сол адамға сыйға тартылады.
Шаруашылық әр мереке сайын серіктестіктің қызметкерлері мен ауылдың зейнеткерлеріне, мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша сый-сияпат жасап, әлеуметтік пакеттер тапсырады екен. Пандемияның өршіген кезінде ауылдың қарияларына да азық-түлік толы пакеттер ұсыныпты. Сонымен бірге, жыл сайын үздік оқушыларға 50 мың теңгеден сертификат тапсырады. Мүгедектерге нан тегін беріледі. Қарттар айлығы мен 9 мамыр күндері де ауылдың ақсақалдары мен ақ самай әжелеріне сыйлықтар үлестіреді.
Биыл серіктестік құрылтайшылары келісіп, ауыл мектебінің маңайындағы аумаққа Жеңіс саябағын салуды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Жобаның жоспары мен макеттері жасаулы. Ауыл тұрғындарының болашақ демалыс орны – аталмыш саябақ жыл соңына дейін ашылады деп болжануда. Міне, шаруашылықтарын шалқытып, ауылдарын осылай гүлдендіріп, көркейтіп отырған мұндай серіктестіктен басқалар да үлгі алса артық емес. Барлық жағдайын жасап, ауылды қалай жарқыратып қоюға болатынын сөзбен емес, іспен дәлелдеп отырған ағайынды Оразалиндерге тек сәттілік тілейміз!

Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар