Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жер мәселесі дұрыс шешімін табуы тиіс - АРҚА АЖАРЫ

Жер мәселесі дұрыс шешімін табуы тиіс

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысы әкімінің орынбасары, жер реформасы жөніндегі комиссияның мүшесі Ғалымжан Әбдіхалықов жаңадан құрылған осы комиссияның отырыстары және облысымызда жерге қатысты жұмыстардың қалай атқарылып жатқандығы туралы айтып берді.

Мемлекет басшысының ел халқына арнаған Жолдауына сәйкес, елімізде жер ресурстарын тиімді пайдалануға ерекше назар аударылуда. Өңір басшысының орынбасары өз сөзінде біздің аграрлық өңір үшін жер активтерін тиімді пайдалану экономикалық және әлеуметтік дамудың кепілі болып табылатынын айтты.
– Бүгінгі күні Ақмола облысының жер қоры 14 миллион 613,2 мың гектарды құрайды. Оның 1,3 миллион гектар жерін елді мекендер, 108,8 мың гектарын өнеркәсіп, транспорт, байланыс және ауыл шаруашылығына бағытталмаған жерлер алып жатыр.
Сондай-ақ, 519 мың гектар жер ерекше қорғалатын табиғи аймаққа жатады. Орман қорының жері 514,8 мың гектарды, су қорының жері 200,8 мың гектарды, запастағы жер 1061,4 мың гектарды құрайды. Облыстың жер қоры құрылымындағы ауыл шаруашылығы жерлері 10 миллион 848 мың гектарды алып жатыр,–деген облыс әкімінің орынбасары Мемлекет басшысының ағымдағы жылдың 25 ақпанында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында сөйлеген сөзінде Үкіметке ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге, шетелдік заңды тұлғаларға және шетелдік қатысу үлесі бар қазақстандық заңды тұлғаларға сатуға және жалға беруге заңнамалық түрде тыйым салуды тапсырғанын айтты. Жер заңнамасын жетілдіру мақсатында республикада Жер реформасы жөніндегі комиссия құрылып, оның төрағасы болып Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов тағайындалды. Комиссия құрамына Ақмола облысынан облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықов, «Родина» агрофирмасы» серіктестігінің директоры Иван Сауэр, «Гормолзавод» серіктестігінің директоры Әсен Жақсылықов, «ТНК» агрофирмасы» серіктестігінің бас директоры Батырбек Уәлиев, «Қараөзек» серіктестігінің директоры Нартай Ысқақов енгізілді.
– Комиссияның негізгі міндеті жер қатынасы саласындағы өзекті мәселелердің дұрыс шешілуіне ықпал ету. Комиссияның бірінші отырысында экономикалық, құқықтық және ұйымдастырушылық негіздегі 55 мәселе көтерілді. Мәселен, бүгінгі таңда мал бағатын жайылым жерлер жетіспейді. Сондай-ақ, отырыста жерді үшінші тұлғалардың жалға алу құқын алып тастау, жерді жеке меншікке беруге тиым салу, жердің ғарыштық мониторингін қолдану, пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге салықты көбейту, ауыл шаруашылығы жерлерінің шекті ең төменгі және ең жоғары алқаптарын белгілеу мәселелері көтерілді. Бүгінгі таңда халықты жайылым жерлермен қамтамасыз ету мәселесі Мемлекет басшысының бақылауында тұр.
Ақмола облысы аумағында халық малын бағатын жайылым жерлерді 522 елді мекен қажетсінеді.
Бұл өзекті мәселені шешу үшін жергілікті атқарушы органдар өткен жылы елді мекендердің әкімшілік шекарасындағы жерден жақын жер учаскелерін енгізу, көшпелі мал шаруашылығын қолдану, орман шаруашылығының жайылым жерлерін пайдалану тәрізді біршама шаралар атқарды,–деді Ғалымжан Әбдіхалықов.
Бүгінгі күні жергілікті өкілетті органдар жергілікті атқарушы органдардың ұсынысы негізінде Қазақстан Республикасының Жер заңнамасына сәйкес, пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлеріне салықтың базалық ставкасын он есе арттыруға құқы бар. Ал, 2022 жылдан бастап бұл салықтың базалық ставкасы 20 есе көбейеді. Комиссияның екінші отырысында да қырықтан астам мәселе талқыланған.
– Бұлар да жерге орналастыру жұмысына рұқсат беру, жайылым жерлерді басқару жоспарын жасау бойынша мемлекеттік органның жауапкершілігін анықтау, егіс алқаптарын жайылым жерлерге ауыс-тыру сияқты өзекті мәселелер. Барлық көтерілген мәселелер бойынша облыстық әкімдік комиссияға өз ұсыныстарын енгізуде. Қолданыстағы жер заңнамасының нормаларын жетілдіру мақсатында әркім жер реформасы жөніндегі комиссия мүшелері арқылы өз ұсыныстарын енгізуге немесе оны Ақмола облыстық жер қатынастары басқармасына жолдауға құқылы,–деген облыс әкімінің орынбасары журналистер қойған сауалдарға нақты жауап берді.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар