Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Арайдың мақсаты айқын - АРҚА АЖАРЫ

Арайдың мақсаты айқын

Зеренділік Арай Маекенова биыл аудан орталығында тұрғындарға педикюр қызметін көрсететін «Medpedicure» кабинетін ашты. Ол үшін алдымен Алматыға барып, подология негізіндегі педикюр курсында оқыған екен.

Сонымен қатар, ол «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында бизнес негіздерінен сабақ алып, өзінің бизнес жобасын қорғап, 555 мың теңгенің сертификатын алған. Бұл соманың үстіне тағы өзі ақша қосып, педикюр жасауға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алған және өзі тұрып жатқан үйдің бір бөлмесін арнайы педикюр кабинеті етіп жабдықтаған.
–Педикюр кабинетін ашқандағы мақсатым тырнақтары зақымданған адамдарға көмек көрсету болып табылады. Мен мұнда сән салондарында секілді тырнақты боямаймын, тек подология негіздері бойынша тырнақта және өкшеде пайда болған саңырауқұлақты арнайы аппаратпен алып, қисық өскен тырнақтарды дұрыстап, тырнақтың түзу өсуін ретке келтіремін. Әдетте, инфекцияның салдарынан пайда болатын тырнақ саңырауқұлағы егде адамдарда жиі кездеседі, – деген педикюр шебері Арай Маекенова қарт адамдарға үйлеріне барып қызмет көрсетсе, бірінші топтағы мүгедектерді тегін қабылдайды. Педикюр кабинеті жуырда ашылғаннан кейін мұндай жеңілдіктер барын тұрғындардың көбі білмейтін көрінеді. Арай күн жылынып, қар ерігеннен кейін ауданның шалғай ауылдарынан да адамдар көптеп келеді деп үміттеніп отыр.
Педикюр жасау үшін арнайы медициналық білімнің қажеті жоқ. Дегенмен, кейіпкеріміз тырнақ ауруларын подология негіздеріне сүйене отырып қана емес, тұрғындарға медициналық жағынан да көмек көрсете алу үшін биыл Көкшетау жоғары медициналық колледжіне оқуға түспекші. Қазір кейіпкеріміз жұмысынан, үйдің тірлігінен қолы босаған кезде мектепте өткен тақырыптарды қайталап, емтиханға дайындалуда.
–Жуырда медициналық колледжге хабарласқанымда олар маған оқу орнына түсу үшін жас мөлшеріне қатысты ешқандай шектеу жоқ екенін айтты. Мұны сұраған себебім, жақында жасым 40-қа келеді. Кейбіреулер мұндай жаста колледж түгілі, жоғары оқу орнына түсуге қысылып жатады. Алайда, мен білім алуға ешқашан кеш емес деп ойлаймын. Кезінде мектеп бітіргенімде медицина мамандығына оқуға түскім келген. Бірақ, анам өзі медицина қызметкері болғаннан кейін менің бұл салаға баруыма рұқсат бермеді. Сөйтіп, басқа мамандықта білім алуыма тура келді. Қазір менің екі жоғары білімім бар. Он жыл халыққа қызмет көрсету орталығында, одан кейін зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықта жұмыс істедім. Балалы болғаннан кейін күнімен жұмыста отыру қиын. Ал, мемлекеттік қызметте жүргенде жиі сұрана алмайсың. Сол себепті, жеке кәсіп ашып, өз-өзіме жұмыс істеу керек деген ой пайда болды. Педикюр кабинетін ашу үшін істеп жүрген жұмысымды біржола тастап, сүйікті ісіммен айналысуға қадамдар жасай бастадым, – деген Арай Маекенова өзіне көрсетілген қолдау үшін мемлекетімізге, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына алғысын айтты.
Зеренді ауданында подология негізіндегі педюкюр жасайтын жалғыз шебер осы біздің кейіпкеріміз болса, облыс орталығының өзінде сондай төрт-ақ шебер бар екен. Бізбен әңгімесінде педикюр шебері қазір көп қыз-келіншектер тырнақтарына гель-лак жасатуды әдетке айналдырғанын, алайда оның өте зиян екенін, көп жасатса тырнақты жұқартып тастайтынын айтып, қыз-келіншектерге тырнақты табиғи қалпында сақтауға кеңес берді.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар