Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазақстан Президенті Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавровты қабылдады - АРҚА АЖАРЫ

Қазақстан Президенті Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавровты қабылдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласына жұмыс сапарымен келген Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровты қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттер арасындағы өзара қарым-қатынастар мен ынтымақтастыққа тың серпін беру тұрғысынан министрдің бұл сапарының маңызды екенін айтты.

– Қазақстан мен Ресей – одақтас әрі стратегиялық серіктестер. Ынтымақтастығымыздың күн тәртібі өте тығыз және қол жеткізген уағдаластықтарды жүзеге асыру үшін көп жұмыс атқаруды қажет етеді. Сондықтан сіздің сапарыңыз барысында және ведомство басшылары деңгейіндегі, сондай-ақ, ең жоғары деңгейдегі кездесулер барысында алға қойған мақсаттарымызға  қол жеткіземіз деп ойлаймын. 23 наурызда Владимир Путинмен өңіраралық кездесу өткізудің маңыздылығы туралы сөйлестік. Өкінішке қарай, пандемия салдарынан кейінге шегерілді. Біз кез келген форматта, мүмкіндігінше бетпе-бет кездесуге уағдаластық. Егер мұның сәті түспесе, онда аталған кездесуді видео конференция режимінде міндетті түрде өткіземіз. Өйткені бұл аса маңызды, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға вакцинаның қосымша бөлігін жіберу мәселесіне қолдау көрсеткені үшін Владимир Путинге ризашылығын білдірді.

– Біз пандемияға қарсы бірлескен күресте түсіністік танытып, көмек көрсеткені үшін Ресей басшылығына, Ресей Федерациясының Президентіне ризашылығымызды білдіреміз. 23 наурызда сөйлескен кезде Ресейден қосымша 4 миллион мөлшерде вакцина алу жөнінде мәселе көтердім. Менің өтінішімді түсіністікпен қабылдады. Бұған дейін біз Қарағанды фабрикасында бірлесіп вакцина өндіруге уағдаласқан едік. Қазір өндіріс жолға қойылды. Жақында ғана мен өзім де Қазақстанда өндірілген «Спутник V» вакцинасын салдырдым. Жуырда Үкіметтің кеңесін өткізіп, халықты жаппай вакциналауды жеделдетуді тапсырдым. Бұл міндет, біріншіден, нарыққа вакцинаны тиісті мөлшерде жеткізуге, екіншіден, халыққа вакцина салудың маңыздылығын түсіндіру жұмыстарын жүргізуге байланысты. Қазір жұрттың көпшілігі бұл шараның маңыздылығын толық түсінбей жатыр. Әрине, біз вакцинаны тегін саламыз. Сондықтан мен өзім де вакцина егуден басқа жол жоқ екенін үнемі айтып келемін, – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Сергей Лавров Президент Владимир Путиннің сәлемі мен ілтипатын жеткізіп, Ресей тарапы вакцина жеткізу мәселесін шешетінін айтты.

Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың негізгі аспектілері, оның ішінде, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстар, ғарыш саласындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

– Келесі айда видео конференция форматында Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің отырысын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл біздің короновирус індетінен кейінгі кезеңдегі ынтымақтастығымызды жалғастыруға бағытталған ортақ күш-жігерімізді жұмылдыру жолындағы маңызды кезең. Өзіңіз атап өткендей, біз Президенттердің қатысуымен өтетін 17-аймақаралық форумды өткіземіз. Бірақ оның қандай форматта болатыны эпидемиологиялық жағдайға байланысты. Біздің қарым-қатынастарымыз өте жақсы. Сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелері бойынша премьер-министрлер екі рет кездесті, вице-премьерлер одан да жиі байланыс жасап тұрады. Қарым-қатынастар пандемия кезінде де үзілген жоқ. Ю.Гагариннің ғарышқа ұшқанына 60 жыл толуын атап өтеміз. Бұл – біздің ғарышты бейбіт игеруге қосқан ортақ үлесіміз. Байқоңырдағы біздің өзара іс-қимылымызды одан әрі өркендету және Қазақстанның ғарыштық әлеуетін дамыту жөніндегі бірлескен жұмыстарымыз қарқынды жүріп жатыр, – деді Сергей Лавров.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар