«Ер Төстігім» бір төбе»

Еліміздің тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2010 жылғы «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауы мен 2020 жылға қарай дейінгі Стратегиялық даму жоспарына сәйкес бекітілген «Балапан» бағдарламасы бойынша 2020 жылға қарай мектеп жасына дейінгі балалардың барлығы бала бақшамен қамтылуы тиіс болатын. Осыған орай, ауданда «Ер Төстік» балабақшасы бой көтерді.

Тәуелсіздіктің қысқа жіп күрмеуге келмеген алғашқы жылдарында оңтайландыру кезінде бірқатар балабақшалар жекешелендіріліп, бірталайы бос қалып, қираған еді. Сөйтіп, 2000 жылға дейін облыс былай тұрсын, республика бойынша балабақшалар саны күрт азайғаны белгілі. Одан кейінгі жылдары білім жүйесінде түрлі реформалар жасалып, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға тиісті көңіл бөліне бастады. 2007 жылдан бері қарай елде мектепке дейінгі білім жүйесі қайта жандана түсті. 2010 жылы «Балапан» бағдарламасы бекітіліп, жер-жерде қарқынды түрде балабақшалар салынып, бүлдіршіндер мектепке дейінгі тәрбиемен жете қамтылатын болды.
­­–Мектепке дейінгі білім беретін «Ер Төстік» ясли-балабақшасы 2012 жылы «Балапан» бағдарламасы аясында салынып, пайдалануға берілді. 120 орындық мекеменің әр тобында 20 баладан тәрбиеленеді. Балабақшада санаторлық топ жұмыс істейді. Қазіргі таңда білім ордасында 18 педагог балаларға саналы тәрбие беріп, білім нәрімен сусындатуда. Жаңа балабақшаның салынуы біздің ауыл үшін үлкен сый болып табылады. Бақша ашылғанда тәрбиешілер балаларды қуана қарсы алса, балапандар ондағы ойыншықтар толы кең әрі жарық ойын бөлмелерде ойнағандарына мәз болатын, – дейді балабақша салынған жылдары ауданның білім бөлімін басқарған Гүлнәр Қадырова.
2013 жылы О.Конищенко мен Д.Парфенчик есімді тәрбиешілер білім ордасының ең алғашқы даярлық топтарына мектепке жолдама беріпті. Бала тәрбиелеу ісінде әбден ысылған білікті тәрбиешілер осы күні жас педагогтармен тәжірибе алмасып, оларға жол нұсқап, өздерінің білгендерін үйретуде.
Ясли-бақшада бүгінде 6 топ болса, оның 5-еуінде бүлдіршіндер мемлекеттік тілде тәрбие алады. Бақша балдырғандары аудандық «Балғын шақ» байқауына қатысып, жыл сайын жүлделі орындарды иеленеді. Тәрбиешілер өнерлі балалардың облыстық, республикалық және халықаралық байқауларға қатысуларына да мүмкіндік жасауда. Сонымен бірге, педагогтар да біліктіліктерін шыңдай түсу мақсатында түрлі байқауларға қатысып, тәжірибе жинақтауды мақсат тұтқан. Қазақ тілінің оқытушысы Аяжан Сұлтанова «Абай атындағы көркемсөз шеберлері» байқауында бірінші орынды жеңіп алыпты.
Білім ордасында «Жас шаңғышы» үйірмесі жұмыс істеп, бүлдіршіндерді шаңғы тебуге баулиды. Балабақша аумағында балалардың шаңғы спортымен шұғылдануы үшін барлық жағдай жасалған. Үйірме өз жұмысын аптасына үш рет жүргізеді. Оған қазіргі уақытта 36 бала қатысады. Аталмыш үйірмеге шаңғы спортының ардагері әрі шаңғы жарысы бойынша жаттықтырушы Наталья Трегубова жетекшілік етеді.
­­–Жақында балабақша түлектері шаңғы тебуден жарысқа қатысып, жүлделі орындарға ие болып, бағалы сыйлықтарды еншіледі, – дейді «Ер Төстіктің» меңгерушісі.
2014 жылдан бері балабақшаның ересек топтарында коррекциялық логопедтік жұмыс жүзеге асырылып келеді. Сонымен қатар, мекемеде балалармен педагог-психолог маман да жұмыс істейді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

 32 total views,  2 Views Today

By admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Өзге де жаңалықтар