Облыс әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Атбасар, Астрахан және Егіндікөл аудандарында болып, бірінші аталған екі өңірде көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында атқарылып жатқан шараларды пысықтады, сондай-ақ бірқатар әлеуметтік, өнеркәсіптік нысандардың жұмыс барысымен танысып, аудандардың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін алға тың міндеттер жүктеді.
2014 және 2017 жылы Атбасарда болған көктемгі су тасқындары өңірді су басу қаупі зор екенін көрсеткені анық. Сол жылдары Атбасар қаласын қарғын су шайып кеткенде мұндағы № 1 орта мектепті де су алған болатын. Мәселен, 2017 жылғы су тасқынынан кейін білім ошағының ғимаратын бір ай кептіруге тура келіпті. Сол жылы мектепке 117 миллион теңгеге жөндеу жүргізілген. Ал, 2014 жылы болған су тасқынынан кейін мектепті жөндеуге 132 миллион теңге қаражат жұмсалыпты. Биыл да нысанға қарғын судан қауіп бар. Апатты жағдайдың алдын алу үшін мектептің айналасына құм салынған қаптардан қоршау жасалған екен. Айта кетерлік жайт, биыл мектеп ғимаратының периметрі бойынша қоршау салынбақшы. Оның құрылысы осы жазда аяқталып, осылайша мектеп көктемгі су тасқыны мәселесінен біржола құтылады. Ауданға сапарын осы жерден бастаған облыс әкімі төтенше жағдайлар қызметінің өкілдерімен ауданда қарғын судың алдын алу мақсатында атқарылып жатқан шаралар туралы сөйлесіп, жағдайды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары полковник Манарбек Шапағатовтың айтуынша, биыл Целиноград және Аршалы аударындағы бірқатар елді мекендерге су басу қаупі төніп тұр. Астанадағы су қоймасынан Есіл өзеніне көп мөлшерде су құйылып жатқан көрінеді. Өзен Атбасар, Астрахан, Жарқайың, Жақсы және Есіл аудандарында әлі ери қоймаған. Алайда, мұз қыртысы бүгін-ертең сөгіле бастайды. Сол үшін жағдайды бақылауда ұстап, дер кезінде әрекет ететін боламыз деді төтенше жағдай қызметінің мамандары. Мұздың сөгілуі кезінде мұз кептілісін болдырмай, суды апатсыз өткізу үшін жарылыс жұмыстары жүргізілген. Атап айтсақ, Атбасар қаласының маңында қосылатын Жыланды мен Жабай өзендерінің су ағынын кедергісіз өткізіп жіберу мақсатында тиісті шаралар жасалуда. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті ауданға 44 адам мен 12 техника, 15 мотопомпа, 4 жүзу құралын бөлген.
–Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласының айналасындағы елді-мекендерге су басу қаупі төніп тұр. Сол үшін төтенше жағдай қызметінің күшін ұлғайттық. Павлодар, Қарағанды облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласынан қосымша күш құралдарын сұраттық, себебі, судың ағыны жоғары болып отыр. Атбасар ауданын қиын жағдайға жеткізбеуге әлі уақыт бар. Дегенмен, босаңсуға болмайды, – деген Ермек Маржықпаев төтенше жағдай департаментіне қауіпті кезеңде қырағылық танытып, жедел әрекет етуді тапсырды. Бүгінде Жабай өзенінің арнасын тереңдету жөніндегі жобалық-сметалық құжаттар сараптамаға жіберілген. Ауданда болғанында облыс басшысы Атбасардағы теміржол көпірінің маңындағы үйілген бөгетті көріп, одан әрі қаладағы №6 орта мектепке ат басын бұрды.
1976 жылы пайдалануға берілген бұл мектеп осы уақытқа дейін күрделі жөндеу көрмепті. Дегенмен де, мұнда ұзақ уақыттан бері мектеп ауласын тазарту, ағаш отырғызу секілді жұмыстардың да атқарылмағандығын көрген облыс әкімі мектеп басшылығын сынға алды. Үстіміздегі жылы жобалық-сметалық құжаттар әзірленсе, келесі жылы мектепте жөндеу жұмыстары басталатын болып шешілді. Сондай-ақ, бұл күні әкімге жергілікті жерде мемлекеттік бағдарламалар аясында қолға алынған жұмыстардың барысы баяндалды. Ауданға сапары кезінде Мариновка ауылында болған облыс әкімі мұндағы ескі аурухана ғимаратын балаларға арналған оңалту орталығы етіп қайта салып шығуға ұсыныс білдірді.
Бүгінгі күні Астрахан ауданында да көктемгі су тасқынының алдын алу бағытында тиісті шаралар жүргізілуде. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Аят Серәлиевтың айтуынша, аудан аумағында ағатын Колутон өзенінде су деңгейі азайып келеді. Енді екі-үш күннен кейін жағдай тұрақталады деп күтілуде. Жалпы, биылғы көктемде су тасқынын болдырмау үшін жергілікті бюджеттен 21,8 миллион теңге қаражат бөлініп, оның 6,6 миллион теңгесіне су тоқтататын қаптар, кесек тастар мен қиыршық тастар, құм, қажетті мөлшерде жанар-жағармай сатып алынған.
Астрахан ауданында болғанында әкім бірқатар өндірістік нысандарды да аралап көрді. Соның бірі – бидай кептіретін кешендер салумен айналысатын «AZAM-KC» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. 2012 жылы құрылған бұл кәсіпорын осы уақытқа дейін еліміздің түкпір-түкпіріндегі шаруашылықтарда бидай кептіретін 70-тен астам кешен тұрғызған. Бүгінгі күні мұнда 150-ге жуық адам еңбек етеді. Жаңадан келген жұмысшыларды серіктестік өздері оқытады. Айта кету керек, «AZAM-KC» – облысымызда бидай кептіретін кешен салумен айналысатын жалғыз кәсіпорын. Осы орайда, Ермек Боранбайұлы іскер азамат Аязбек Мусин басқарып отырған серіктестіктің жұмысына оң бағасын берді. Және де бұл күні «Астраханская птица» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшылығының өндіріс көлемін кеңейту жөніндегі жоспарларына сәттілік тіледі.
Жалпы, Астрахан ауданын дамытуға мемлекет тарапынан зор көңіл бөлінуде. Өткен жылы №3 Жалтыр орта мектебі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткен. Бұл мақсатта 320 миллион теңге қаржы жұмсалса, оның 294 миллион теңгесі республикалық бюджеттен бөлінген екен. Осы ретте, мектеп директоры Айнаш Башимова оқушылардың заманауи құралдармен жабдықталған, жаңарған ғимаратта білім алуларына жағдай жасағаны үшін Мемлекет басшысына және де облыс әкіміне ауыл тұрғындарының атынан алғыс айтты. Ал, әкім білім алу үшін қажетті жағдай жасалғаннан кейін білім сапасын көтеріп, еліміздің көк байрағын әлемдік аренада желбірететін, ауылдың атын шығаратын талантты шәкірттер тәрбиелеу керектігін еске салды.
–Ауданды дамыту үшін былтыр республикалық, облыстық бюджеттен қомақты қаражат бөлінді. Астрахан селосында жаңа жылу қазандығы салынып, аудандық аурухана күрделі жөндеуден өтті. Ауылдағы дәрігерлік амбулатория қалпына келтірілді. Осының бәрі тұрғындардың өмір сапасын арттыру үшін жасалуда. Ауыл азаматтары да осыны дұрыс түсініп, туған жерлерін таза ұстауға, оны көркейтуге үлес қосуы тиіс, – деді облыс әкімі бұл сөзін қоқыстың уақытында шығарылмайтынына уәждерін білдірген Жалтыр ауылының тұрғындарына қарата айтып. Сондай-ақ, облыс әкімі тұрғындардың өтініш-тілектеріне уақытында жауап бермегені үшін Жалтыр ауылының әкіміне ескерту жасап, қоқыс мәселесі бойынша коммуналдық қызметпен жұмыс істеуді тапсырды.
Шынымен де, аудан жылдан жылға жаңарып келеді. Былтыр «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткен Астрахан аудандық ауруханасының іші-сырты көз тартады. «Жаңарған аурухана тұрғындардың игілігіне қызмет етіп, мұндағы медициналық көмектің сапасы артуы тиіс», – деді әкім. Аурухананы күрделі жөндеуден өткізуге бағдарлама аясында 924 миллион теңге бөлініп, оның 874 миллион теңгені игерілген. Аудан орталығында жаңа жылу қазандығын салуға да осынша қаражат кеткен. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған жылу қазандығы жуырда алғашқы жылыту маусымын аяқтайды. Алдағы жылыту маусымында мұнда тағы бірнеше нысан қосылғалы отыр.
Одан әрі облыс әкімінің жұмыс сапары Егіндікөл ауданында жалғасты. Мұнда Ермек Маржықпаев аудан активіне өңірдің жаңа басшысын таныстырды. «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша Егіндікөл ауданының әкімі лауазымына Ерлан Қыздарбекұлы Мұхамединнің кандидатурасы ұсынылып, аудан активі тарапынан қолдау тапты.
Ерлан Мұхамедин 1980 жылы Қорғалжын ауданында дүниеге келген. Бірнеше жоғары білімі, магистр дәрежесі бар. Алғашқы еңбек жолын Шортанды ауданы бойынша салық комитеті ұйымдастыру-құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің жетекші маманы болып бастаған. Әр жылдары Шортанды ауданы бойынша аудит, салық төлеушілермен жұмыс жүргізу, салықтық әкімшілендіру, салықтық тіркеу, салық есебін қабылдау және пысықтау, кәсіпкерлік бөлімдерінің жетекші және бас маманы, бөлім басшысы, аудан әкімі аппаратының басшысы қызметтерін атқарған. Жаңа қызметіне тағайындалға дейін Шортанды ауданы әкімінің орынбасары болған. Аудан активінің алдында сөйлеген сөзінде облыс әкімі Ермек Маржықпаев Ерлан Қыздарбекұлының бұрын атқарған қызметтерде өзін сауатты, білікті басшы ретінде көрсете білгенін, кәсіби қабілеті зор екенін айта келе, аудан активінен жаңа әкімге қолдау білдіруді сұрады. Сондай-ақ, облыс әкімі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты алға бірқатар жаңа міндеттер белгіледі.
Пандемияға қарамастан Егіндікөл ауданында да былтыр құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілгені байқалады. Егіндікөл ауылында өткен жылы жөндеуден өткен стадион бүгінде балалар мен жасөспірімдердің спортпен айналысатын сүйікті орнына айналған. Осы күні мұнда ауылдың жас өрендері, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері футбол, баскетбол ойнап, бокспен шұғылдануда. Осында жаттығып жүрген 14 жасар Азамат Елтай жуырда Шығыс Қазақстан облысында өткен Қазақстанның Ұлттық біріншілігі чемпионатында жүлделі үшінші орынды иеленіпті.
Ауданға сапары кезінде әкім былтыр ашылған ангар типтес спорт залды және жөндеуден өткен мәдениет үйі мен аурухананы, сондай-ақ, Егіндікөлде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында салынып жатқан 16 пәтерлік тұрғын үйді аралап көрді. Соңғы аталған нысанға қатысты мердігер компания өкілдеріне құрылысты сапалы жүргізуді және оны уақытында пайдалануға беруді ескертті. Тұтас аудан бойынша небары 9 мектеп бар екеніне қарамастан, мұнда білім сапасы төмен. Мәселен, №2 Егіндікөл орта мектебі өткен жылы ұлттық бірыңғай тестілеуде өте нашар нәтиже көрсеткен. Облыс әкімі аудандық білім бөліміне, мектеп директорына білім сапасын қолға алуды тапсырып, биыл жобалық-сметалық құжаттар дайындалса, келесі жылы мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өткізілетінін айтты.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.
Атбасар, Астрахан, Егіндікөл аудандары.