Солтүстік Қазақстан облысында Булаев қаласының тұрғыны Светлана Карабанова өңірде мал шаруашылығының кенже қалған саласы – ешкі шаруашылығын дамытуды қолға алды. Заанен тұқымды ешкілердің басын көбейтіп, шағын ферма ашқан әйелмен ҚазАқпарат тілшісі сұқбаттасып қайтты.
— Ешкі шаруашылығымен айналысуға не түрткі болды? — Ешкі өсіремін деген ой ойда-жоқта келді десем, өтірік айтқаным. Ешкі фермасын ашпас бұрын нарықты зерттедім, экономикалық тиімділігін сарапқа салдым. Шетелдерге шығып, ешкі өсіру ісін дамытуға қатысты бірнеше семинарға қатыстым. Осындай салмақты, жан-жақты дайындықтан кейін Ақтөбе қаласына заанен тұқымды ешкілерді сатып алуға аттандым. Осылайша былтыр 16 ақпан күні Булаев қаласында шағын асыл тұқымды ешкі фермасы пайда болды.
— Ауылдың ешкілері бап таңдамайды, не берсең соны жейді. Ал бұл ешкілерді қалай азықтандыру қажет? Жануар нені жақсы көреді? — Ия, ешкі негізінен күтімді көп қажет ете бермейтін мал, өзге түлікке қарағанда тез көбейеді, әрі төзімді мал. Азықты да көп талғай бермейді. Десек те жоңышқа, сұлы, арпа, түрлі шөп қоспасын және сәбіз бен қызылша береміз. Кепкен қытырлақ нанды, шекілдеуікті жақсы көреді. Ал алма, қарбыз бен банан олар үшін ең сүйікті ас.
— Ешкі ұстайтындар еңбек зая кетпеуі үшін нені ескеріп, неге мән беру қажет? — Ешкіде ауру тез асқынады. Мәселен ірі қара мал мен қой ауырса емдеу кестесі бойынша шешім қабылдауға уақыт болса, ешкілерді бірден емдеуге кірісу қажет. Бұл — бәрін көргісі келетін, мазасыздау түлік. Сондай-ақ қызғаншақ. Сипағанды жақсы көреді, бір жері ауырса немесе бір нәрсе керек болса – білдіреді, ақылды жануар. Олар өздеріне белгілі бір кезекпен сауылады, егер де біреуі кезексіз кіріп кетсе, сүзіп, шетқақпай қылуы мүмкін. Кезексіз сауған адамға да қыр көрсетіп, шақырса келмейді. Жалпы бәрі бас ешкіге бағынады, ал ол отардағы тәртіпті бақылап, «сүзісулерге» жол бермейді. — Заанен тұқымды ешкілердің басқаларынан айырмашылығы неде?
— Заанен ешкілері ірі келеді және олар тек қана ақ болады. Текелері 120 кг дейін, ешкілер 90 кг шамасында тартады. Олардың лақтары да ірі келеді, туған кезде салмақтары 4,5 кг. Ай сайын 5 кг салмақ қосып отырады. Бұл – сүтті тұқым. Бір ешкі бір жылда 1 тоннаға дейін сүт беруі мүмкін. Лақтаған сайын сүтті көп береді. Сүтті ең көп беретін уақыты – төртінші рет лақтағаннан кейін, сол кезде тәулігіне екі рет сауылатын болса 8-12 кг дейін сүт беруі мүмкін. Араларында жылына 2 тоннаға жуық сүт беретіндері бар. Жалпы бір жылдың ішінде бұл мал өз салмағынан 20 есе көп сүт береді екен. Сүті майлы, сиыр сүтінің майлылығы 3,2 % болса, ешкінікі – 4 %. 11 ай бойы сауылады.
Ешкінің бұл тұқымы мақтауға тұрарлық. Өнімділігі өте жоғары. 100 ешкі 180-250-ге дейін төл береді. Солтүстік Қазақстанның қатал табиғатына бейімделген. — Фермаңыз туралы айтып кетсеңіз. — Қазір шаруашылықта 72 ешкі, 5 теке бар. Асыл тұқымды мал басын көбейтумен айналысып жатырмыз. Малды 8 адам бағады. Сауылған сүттің бір бөлігін лақтарға береміз, қалғанын өзіміз тұтынуға крафт ірімшіктер жасаймыз. — Ешкінің сүтін іздеп жүріп ішетіндер бар. Бұл ақтың пайдасы неде? — Ешкі сүті жүректің жұмысына жақсы әсер етеді. В2 және В12 дәрумендеріне, аминқышқылдарға бай, нәтижесінде бүйрек пен бауырдың жұмысын реттейді, холестериннің деңгейін түсіреді. Сиыр мен ешкі сүтінен жасалған өнімдер құрамы жағынан ұқсас болғанымен, ешкі сүтінен жасалған, мысалы ірімшік тез әрі 100 % толық қорытылады. Ағзаны ақуызбен байытады, сол себепті емшектегі сәбилерге және қатты ауырған сырқаттарға береді.
Ешкінің еті де жеңіл. «Табиғи дәріхана» аталып кеткен. Қой етіне қарағанда майы аз, яғни диеталық өнім. Сол себепті де сұранысқа ие. Әсіресе қарт адамдар тұтынғаны жөн. Ешкі шаруашылығымен айналысудың осындай ұтымды жақтары көп. — Ешкі шаруашылығына мемлекеттен субсидия беріле ме? — Мемлекет бізге осы шаруашылыққа сатып алған трактор үшін пайыздық мөлшерлемесі бойынша субсидия берді. Өткен жылдық ақпан айынан осы күнге дейін 4,5 млн теңге демеуқаржы алдық. Сиыр сүтінің әр литріне, жемазыққа мемлекет субсидия береді. Ал ешкі шаруашылығына, өкінішке орай, ондай жеңілдіктер қарастырылмаған. — Әңгімеңізге рахмет!
Дереккөз inform.kz