НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Оқушылар арасында коронавируспен ауырғандар көбейіп кетті. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Дәстүрлі оқу форматы енгізілген сәттен бастап оқушылар арасында коронавируспен аурудың өсімі байқалады. 4-тоқсан басталғаннан бері 3 706 оқушы, оның ішінде офлайнда білім алып жатқан 1 093, онлайн режимде оқитын 2 613 бала ауырды», – деді министр.
Оның дерегінше, 4-тоқсанда дәстүрлі форматта білім алып жатқан Қарағанды, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облысы оқушылары арасында коронавирусқа шалдыққандар артқан. Ал онлайн режимде оқитындар арасында Нұр-Сұлтан мен Алматы облысында коронавируспен ауырғандар көп.
«Осыған орай әкімдіктер білім беру ұйымдарында санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына және коронавирустың алдын алудың негізгі іс-шараларын орындалуына тұрақты бақылауды қамтамасыз етуі қажет.
Сонымен қатар таңертең фильтрлеу, қызметкерлердің маска режимін сақтауы, үй-жайларды заласыздандыру жүргізілуі тиіс. «Қызыл» аймақта тұрған өңірлерде оқуды офлайн режимде жүргізуге болмайды», – деді Алексей Цой.
Дереккөз: inform.kz