Ақмола облыстық «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен студенттер арасында өткен «Қозы менен Баяндай» қалалық байқауы мәресіне жетіп, «Арна» колледжінің студенттері Ерзат Мекенов пен Нұргүл Едресова бас жүлдеге ие болды.
Соңғы жылдары 15 сәуір – «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» яғни, ғашықтар күні ретінде аталып жүр. Осы күнге орай ұйымдастырылған байқау қазіргі пандемия кезеңіне байланысты онлайн форматында өтіп, оған 16 мен 25 жас аралығындағы жас-тар қатысты. Іс-шараның мақсаты – жастардың санасына достық, адалдық, сыйластық сезімдерін сіңіріп, бір-біріне деген құрметтерін арттыру, қазақ фольклорының лиро-эпостық жырлардағы Қозы мен Баян, Қыз Жібек пен Төлеген, Қалқаман мен Мамыр, Еңлік пен Кебек, Естай мен Қорлан секілді ғашықтардың адал сезімдерін
насихаттау. Жастарды жұптастырып, додаға түсіруде де олардың бо-йында өжеттілік пен алғырлықты, жан-жақтылық пен білімпаздықты қалыптастыру, шаршы топқа шығып, сөз сөйлеуге машықтандыру көзделген. Таныстыру, өнер көрсету, еркін тақырыпта бейнероликтер түсіру секілді үш кезең бойынша бақ сынаған жұптар байқауға аса бір дайындықпен, жаңаша көзқараспен келгендерін байқатты.
Бұл іс-шараны сахнада өткізуді жоспарлаған едік, алайда, қазіргі эпидемиологиялық ахуалға байланысты онлайн ұйымдастыруға тура келді. Кеңсеге облыс орталығындағы оқу орындарының студенттерінен өте көп бейнероликтер түсті. Бірақ, қазылар алқасы солардың ішінде суырылып шыққандарын іріктеп алып, жүлдегерлерді әділ анықтады деп ойлаймын, – дей келе, «Рухани жаңғыру» кеңсесі басшысының міндетін атқарушы Ерлан Мұхамедияров жастарды өткен ғашықтар күні мерекесімен құттықтады.
Қазылар алқасының шешімімен «Арна» колледжінің студенттері Ерзат Мекенов пен Нұргүл Едресова бас жүлдеге лайықты деп танылды. Жүлделі бірінші орынды Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің студенттері Қуаныш Қайыржанов пен Сая Макулова еншіледі. Екінші орынды «Жоғары қазақ гуманитарлық-техникалық колледжінің білім алушылары Ерасыл Құдайберген мен Аружан Ығалы иеленсе, жүлделі үшінші орынды «Студенттер Альянсынан» қатысқан Ардақ Амангелдинов пен Сандуғаш Жеңісованың жұбы місе тұтты. Сонымен бірге, Жоғары техникалық және Біржан сал атындағы музыкалық колледждерінен қатысқан Нұржан Қайырбек пен Диана Павлюк, Санжар Ұлатай мен Мерейім Талғатова ұйымдастыру алқасының ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Жалпы, байқау өте жақсы ұйымдастырылғаны байқалды. Бірақ, осындай «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» күні жұптасқан студент жастар ғашықтық жырларды, лиро-эпостық дастандарды да жатқа оқып, өрелілік танытса, нұр үстіне нұр болар ма еді?!.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.