Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жайылымның тапшылығы жанға батып тұр - АРҚА АЖАРЫ

Жайылымның тапшылығы жанға батып тұр

Өңірдегі 605 елді мекеннің 525-інде жайылымның аздығы таяу уақытта шешіле қоймайтын мәселеге айналған. Елдің өкпесі қара қазандай болатын тұс та осы. Елді мекендердегі малсақ қауымға төрт түлік малын жаю үшін 1,7 миллион гектар жайылым керек.

Қалыптасып отырған жағдайды көз алдымызға елестету үшін облыстағы малсақ қауымның 212 мың жылқы, 491 мың қара мал, 610 мың қой-ешкі бағып отырғандығын айта кетуіміз керек. Ғылыми есеп бойынша қара малдың әр басына 8, жылқының әр басына 9-10 гектар жайылым керек. Бірақ, бұл есеп те нақты жағдайды білдіре алмайды. Өйткені, өңірдің кей тұсы орман-тоғайлы алқап. Ол жерде өсетін он сан шөптің құнары жақсы. Таулы-тасты, мал тісіне тиер қылтанақ өспейтін тақыр жер де бар. Оның үстіне қолда бар мал шаршы тақтаның үстіндегі дойбының тасы тәрізді емес, ойлағандай орналастыра алмайсың.
Жайылымның жетімсіздігі бүгін ғана пайда болып отырған жоқ. Кешегі кеңес заманынан мұра болып қалған, сағыздай созылып келе жатқан мәселе. Астыққа айрықша мән берілген уақытта тусырап жатқан дала ауыл-үйдің табалдырығына дейін тақап жыртылды. Мал жаятын алақандай бос жер қалмады. Ел амалсыздан жылқы жайылған жерге қой-ешкісін, қара малын қоса бақты. Бұл амалсыздан атқарылған шаруа еді. Жылқының тісі тістеуік тәрізді, шөпті тамырына дейін қырши алады. Ал, қара мал жайылымдағы шөпті тілімен орап жұлады. Жылқы жайылған жерге қара мал бағу обал.
Ол кездегі жер саясаты былайша өрбіген. Түгін тартса, майы шығатын құнарлы алқаптың барлығы егістік жердің еншісінде. Жеке шаруаның малын құнарлылығы бір саты төмен аймақтарға бақтырды. Жекеменшіктің қолындағы малды басқа ұрып санап, шектеу қойды. Себебі, мал басы өсіп кетсе, жаятын жер жоқ. Кеңшарлар тараған кезде ауылдағы ағайын жер үлесін алуға бейқамдық танытты. Экономикалық байланыстар ыдырап, жер игеруге күш-қуат жетпей жатқан кезде құнарлы алқаптарда арамшөп қаптап, жай жатып тозды. Заңдастыруға мойны жар бермеген де өзіміздің ағайын. Ауылдың жанындағы жайы-
лымды әлдекімдер келіп арқалап алып кетпейтін шығар деп, «ұзын арқан, кең тұсауға» салды. Қазір ірі шаруашылықтар бар жерді өлшеп кесіп, бауырына басып алғаннан соң сүмесінен күн көріп отырған бірер қарасын бағатын тоқымдай жер таба алмай зар илеуде.
Пікірімізді шегендеу үшін мұңын шаққан кәсіпкердің шағымын да келтіре кетелік. Астрахан ауданындағы «Маймақов» шаруа қожалығының басшысы Рыспай Маймақов ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына арыз жолдапты. Онда 2017 жылы «Сыбаға» бағдарламасы арқылы несие алып, етті бағыттағы асыл тұқымды қара мал сатып алғандығы айтылады. Қолда бар малды бағуға әрі мал санын өз төлі есебінен көбейтуге жайылымның жоқтығы кесірін тигізіп отырғандығын жеткізеді. Шағым иесінің жазуына қарағанда, жайылым және шабындық жер сұрап ауданда өткізілген бірнеше конкурстарға қатысса да еш нәтиже шықпаған. Шаруа қожалығының хаттағы мәлімдеуіне қарағанда, конкурста ірі шаруа қожалықтары үнемі жеңімпаз болып танылады екен. 2019 жылы жергілікті атқарушы орган конкурстан тыс мемлекеттік бағдарламаға қатысушы ретінде он жыл мерзімге жалпы көлемі 403 гектар жерді жалға берген. Бүгінгі күні бұл әрекет заңсыз деп танылып, басы дауға қалған жайы бар.
–Мен әкімдік қаулысындағы көрсетілген барлық талаптарды бұлжытпай орындап отырмын, – дейді Рыспай Маймақов, – жерімді қайтарып алатын болса, қыруар шығынға ұшыраймын. Жайылымда малшыларға арнап үй салдым, бағымдағы малға жазғы қоршау жасадым. Қаншама қаражат пен еңбегімнің зая кететін түрі бар.
Малсақ жанның жан айқайын әбден түсінуге болады. Бүгінгі таңда шағын және орта бизнесті дамыту, ауыл адамдарына қамқорлық жасау туралы қаншама айтылып келе жатқанымен, алға ұмтылып, жұмыс істегісі келген адамның меселесін қайтаратын мәселе жердің жайы болып тұр. Енді жайылымсыз, шабындықсыз мал баққан Маймақовқа төнер қатер қандай?! Талап бойынша жайылымдық жері болмағандықтан, субсидия беру сап тиылады. Қара малды қысы-жазы қорада қамап баға алмайды ғой. Мал азығы онсыз да қымбат. Жаз түгіл қыстың өзіне әзер тауып отыр. Амалсыздан пышаққа ілігеді. Егер ондай шарасыздықтан оқыс оқиға орын алса, мемлекеттен алған несиесі төленбей қалады. Мал баққан малшылар жұмыссыздықтардың санын көбейтеді. Ең бастысы, осы сарында өрбіген оқиғаны көріп отырған өзге ауыл тұрғындары несие алып, тәуекел етуге бата алмайды.
Бұл бір ғана шаруа қожалығының басындағы жағдай емес. Бәріне тән демесек те, көпшілігінің көрген күні осы. Өткен жылы өңірде 1573,2 гектар жайылым жер еріксіз түрде қайтарылып алынды. Оның ішінде 934 гектары жер иелеріне баламалы жер телімдерін беру арқылы қайтарылған. Жайлауларды пайдалану үшін 3 мың гектар шамасындағы жайылым кәдеге асырылуда. Орман шаруашылықтары мекемелерімен тұрғындар арасында келісім-шарт жасалып, 13 мың гектар жер мал жаюға берілген. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен меморандум жасау арқылы 1,1 миллион гектар жер пайдаланылуда. Ағымдағы жылы жергілікті атқарушы органдар елді мекендердің шекараларын белгілеп, жер мөлшерін нақтылау арқылы бұрыннан іркіліп қалған 40,8 мың гектар жерді айналымға енгізіп, 4,4 мың гектар жерді еріксіз қайтарып алмақ. Тағы бір көңіл аударатын дүние 113,2 мың гектар жайлауларды пайдалану көзделуде. Өңірде әлденеше жылдан бері тусырап бос жатқан, шөбінің құнары да, белінің бедері де жақсы, жаз бойы шөбінің бояуы қашпайтын жайлау баршылық. Бұл сары сағымға бөгіп, елді игілікке кенелтетін, ұшы-қиырына көз жетпейтін, кең көсілген келісті жайлаулар кешегі кеңес кезінде кәдеге жаратылған. Бір ғана Көксеңгірдің кең көсілген жайлауында әлденеше мың мал бағуға болар еді. Бірақ, оның да аяққа тұсау болар қиындығы бар екен.
–Жайлау дегеніміз – бос жатқан жер. Малға азық болар шалғынның бар екендігі рас. Бірақ, онда су тапшы. Ең алдымен малшыға үй салу керек, құдық қазу керек. Қысқаша айтқанда, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын туғызу керек, – дейді еңбек ардагері Қоянбай Қиясов, – бұрын Зеренді, Көкшетау аудандарының малшылары жаз шыға кеңшардың бар малын Көксеңгір жайлауына айдайтын. Қазір ол жерде ел жоқ. Алты ай жаз отбасынан алыстап, иен жайлауда мал бағатын малшыны қайдан табасың? Мүмкін оларды осы еңбегі үшін зейнет демалысына ертерек шығарып, ынталандыру керек шығар. Әрі оларға әлеуметтік пакет ретінде жәрдем көрсетілсе жөн. Еңбекақылары да толымды болуы керек. Сонда ғана өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай, бос жатқан құнарлы жайылымды игеріп, мәселені оңынан шешуге болар еді.
Ал, ел ішінде мал бағатын жайылым, мал азығын дайындайтын шабындық таба алмай отырғандар жыртылып артылады. Осы тақырыпты індетіп облыс орталығының іргесіндегі Краснояр ауылына барып қайттық. Ауыл тұрғыны Бекжан Қырқаев өткен жылы несие алып, асыл тұқымды ешкі сатып алған екен. Бірақ, қиындығы көп шаруадан жүрек шайлығып қалыпты.
–Ешкі бағатын жайылым да, мал азығын дайындайтын шабындық та жоқ, – дейді кәсіпкер, – қысы-жазы қамап бағып отырмын. Азабы шаш-етектен. Алғаш бизнес жоспар жасағанымда, ауылдық округтің әкімдігі жайылым болады деп сендірген. Конкурсқа қатыстым, бірақ, жер жоқ деген желеуден тайынатын емес. Асыл тұқымды ешкілердің сүтінен неше түрлі сүт өнімдерін дайындап, тұтынушыларға ұсынып жатырмыз. Өтімі жақсы. Олар да үйреніп қалды. Тәп-тәуір мал қорасын салып алдық. Сүт сауатын құрылғыларды да. Енді бастап қойған ісімізді орта жолдан үзгіміз келмей, жоғарыға қарайлап отырмыз.
Шынтуайтында алға ұмтылып, шаруа істеймін деген адамның аяғына тұсау болып отырған өзекті мәселе – жайылымның тарлығы. Барлығы ретке келіп, малсақ қауым мұрты көкке шаншылып, масайрап отыратын күн қашан туар екен?!
Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар