Өңірдің бас санитарлық дәрігері Айнгүл Мусинаның «Ақмола облысының аумағында карантиндік шектеу шараларын күшейту туралы» жаңа қаулысында сәуірдің 8-де шыққан қаулыға бірқатар өзгерістер енгізілген.
Осы құжатқа сәйкес, жүйелі жүрмейтін қалалық туристік тасымал қозғалысын тоқтатады. Бұл талаптың «Ashyq» жобасына қатысатын Көкшетау қаласындағы субъектілерге қатысы жоқ.
Сонымен бірге, азық-түлік супермаркеттері мен олардағы дәріханаларды, сондай-ақ уақытша егу пунктері ұйымдастырылған объектілерді (вакцина алу үшін алдын ала жазылу шартымен) қоспағанда, сенбі және жексенбіде ауданы 1000 шаршы метрден артық сауда ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, сауда орталықтарының, азық-түлік емес дүкендердің (қойма үй-жайларынсыз жалпы ауданы ескеріледі) жұмысы тоқтатылады.
Бұдан бөлек, балалар ойын алаңдары мен аттракциондардың қызметіне тыйым салынады. Ал, келушілердің санын 30 пайыздан асырмай және бір келушіге 4 шаршы метр әлеуметтік қашықтықты сақтаған жағдайда, сағат 22:00-ге дейін жұмыс режимімен сауда, ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлері мен сауда орталықтарының қызметіне рұқсат беріледі.
Қаулы 23 сәуірден бастап күшіне енеді.