Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ақмола өңіріндегі 1921-1922 жылдардағы ашаршылық толық зерттелді ме? - АРҚА АЖАРЫ

Ақмола өңіріндегі 1921-1922 жылдардағы ашаршылық толық зерттелді ме?

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында 1920 жылдардағы аштық туралы мәліметтерді мұқият зерттеу керек екенін айтқан болатын.«Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек. Сонымен бірге, осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдар мен жазушылардың да еңбегі қолдауға ие болуы және бағалануы қажет. Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беруге тиіс. Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді», – дейді Мемлекет басшысы.

Жасыратыны жоқ, қазіргі тәуелсіздік дәуірінде көбірек көзіміз жете түсінгендей, қазақ тарихының көптеген беттері осы кезеңдерге дейін, ашаршылық кезеңі империялық тұрғыдан жазылып келді де, өз тарихымыздың оның ішінде шындығын білмей келгендігіміз немесе шала білгенімізді жоққа шығара алмаймыз.
Соның бірі – отаршылдық тұсында белең алған Қазақстандағы ашаршылық тарихы. Кеңестік дәуірде бұған терең мән берілмей, берілсе де, бетінен қалқып өте шығып, 1932 жыл ғана – ашаршылық жылы деп аталатын. Оның өзінде оның басты себептері мен себепкері аталмайтын. Нақты күнәһарды атау – болашақ еншісінде қалып келді. Сондықтан, бұл жабық тақырып болып саналды. Бірақ, елім деп еңіреген ердің, намысты ұланның бұған қынжылмауы мүмкін емес еді. Енді ғана, міне, шындықтың беті ашыла түсіп, ашаршылық тарихы айқындалып келеді. Айқындалған сайын, оның аумағы мен аясы да кеңейіп, мерзімі ұзара түсуде. Мұның өзі мамандарға, ғалымдарға, саясат төңірегінділердің өзіне үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Олай дейтініміз, ашаршылық Қазақстанда, тіпті, ертерек белең алған. Егер Кеңестік дәуірмен өлшейтін болсақ, елде сұрапыл ашаршылық 1921-1922 жылдары-ақ орын алып, жергілікті халықты қырғынға ұшыратты, осы жылдардың өзінде қазақтардың үштен бірі қырылды. 1921 жылы Қазақстандағы жеті губерниясының бесеуі ашаршылық апатына ұшыраған еді.
Осы арада, бір анықтап, айқындап алатын мәселе бар. Біз, көбінесе, аштық тарихын Кеңестік дәуірмен байланыстырамыз да, оның негізі ертерек қаланғанын, алғашқы нышандары патшалық Ресей тұсында көрініс бере бастағанын есепке ала бермейміз.
Ашаршылық кезеңді зерттеуші тарихшылардың мәлімдеуінше, Қазақстанда, Кеңес революциясы жеңіске жеткен Қазан төңкерісіне дейін, яғни, 1873-1917 жылдар аралығындағы 44 жылдың ішінде 12 рет қазақ даласын жұт жайлаған екен. Табиғатында жуас халық сол алды-артын жалмаған сұрапыл жұттардың себебін табиғат апаттарынан көріп келді, яғни, жаңбырсыз қуаңшылықтан, сонымен жалғасқан ұзаққа созылған қыс, аязды, боранды болған ауа райының қолайсыздықтарынан деп білді. Ал, кейін анықтай түскеніміздей, осы жұттардың жедел қарқынмен жүргізілуіне патшалық үкіметтің де саяси ықпалы аз болмаған. Яғни, жоғарыдағы аталған кезең аралығында Қазақстанға ішкі Ресейден орыс шаруалары көптеп қоныс аудара бастағаны белгілі. Осыған орай, переселендерге қазақ жерінің құнарлы да құйқалы қоныстары босатылып берілді. Күштеп жасалған бұл әрекеттер көптеген қолайсыздықтар тудырды, сонымен бірге, елдің наразылығы да күшейе түсті. Атақты Ақан серінің «Патша өкіметі» деген өлеңінде:
Барабар крестианға тең болмадық,
Тартылып қай жараға ем болмадық?
Малымыз, жерімізден пайда тиіп,
Қалайша патшамызға дем болмадық?

Орыс, ноғай, сарт, сауан саудагерге,
Қалайша малмен, жермен тең болмадық?
Сексен бес жыл болыпты бодандыққа,
Қайырсыз патшамызға ел болмадық, –
деп ашына айтқаны дәл осы кезеңдер еді. Сондай-ақ, әйгілі Столыпин реформасы – патшалық саясаттың қазақ жерлерін ашық иеленуге, жергілікті халықты өз қоныстарынан күштеп ығыстыруға бағытталған нағыз империялық отаршылдық іс-шара болатын. Бұған Ә.Бөкейханов бастаған Алаш қайраткерлері патшалық үкіметіне жер петициясын жариялап, өз шарттарын қойғанымен, зорлықшыл саяси билік иелері бұған елең етпей, өз әрекеттерін жалғастыра түсті.
Қазақ қоғамын сілкіңдіріп, оятуға тырысқан алашшыл ақындардың шығармалары, міне, осы тұстағы ашынған халық наразылығының сипатын танытты. А.Байтұрсыновтың «Маса», «Қырық мысал» М.Дулатовтың «Оян, қазақ!» атты әйгілі жыр жинақтары, отаршылдық империяға қарсы бітіспес күрес ашқан өршіл ақын Мағжан Жұмабаевтың жалынды жырлары –
осы озбыр саясатқа қарсы халқымыздың өктем үнін білдіретін еді. Ол жырлар, міне, қазір де, елдік ар-намысымыздың туындай биікте желбіреуде. Сол алаш ерлерінің аңсаған азаттық таңы атқанына, тәуелсіз елде өмір сүріп жатқанымызға шүкіршілік етеміз. Алаш қайраткерлерінің, намысты ерлерінің қасықтай қаны бекерге төгілмепті…
Дегенмен, ащы да болса, тарихтан сабақ алмай болмайды, нақты ақиқатқа әркімдердің көзі жеткені дұрыс.
Империялық отаршылдық саясат ұстанған үкіметтің беті қатты болғанымен, алаш қайраткерлері қолдарынан келгенше, қарсы әрекет еткен, билікке халық наразылығын жеткізуге тырысып отырған.
Жоғарыдағы алаш қайраткерлері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Мәннан Тұрғынбаев, Шаймерден Тоқжігітов, Уәлитхан Танашевтардың белсенді қызмет-әрекеттері өз алдына, олар бұл қасиетті күреске әдеби шығармашылық еңбектерін арнағаны белгілі, баспасөз беттеріне де ойларын ашық жазған. Мұхтар Әуезов те аштар комитетінің көмегін зардап шеккен аудандарға жеткізу туралы мәселені талай рет айтқан, ат салысқан. Сондай-ақ, Кеңес қоғамына қызмет ете жүріп те, отаршылдық озбыр саясатпен, оның ішінде, ашаршылықпен күрескен ерлер еңбегін ұмытпауымыз керек. Олардың ішінен, әсіресе, билік басшылығында болған Т.Рысқұлов пен С.Сейфуллиндерді бөліп атауға болады. Т.Рысқұлов – ашаршылық нәубет туралы И.В.Сталиннің өзіне хат жазып, әлденеше рет көтерген қайраткер. Басқа көптеген іс-әрекеттері ерлікке парапар болатын.
Оның бір мәліметінде, Түркістанда Кеңес саясатын жүргізген басшылардың бірі Тоболиннің жоғарыға берген дерегі келтіріледі. Онда Тоболин ашықтан-ашық: «Жергілікті халық – экономикалық іс-әрекеттерге дәрменсіз. Сондықтан, олардың ашаршылыққа ұрынуы –
заңдылық» деп жазады. Өкінішке орай, осындай мәліметтер, жоғарыдағы биліктің нақты шешімдер қабылдауына ықпалын тигізіп отырған.
Ал, Сәкен Сейфуллин болса осы аса жауапты сұрапыл кезеңдерде, елге дүркін-дүркін сапарларға шығып, қолынан келгенінше аштықпен күресті, жұтаған халқына көмек қолын созды. Өкінішке орай, Тұрар Рысқұлов та, Сәкен Сейфуллин де, осы жанашыр іс-әрекеттері үшін, «халық жаулары» санатына ілігіп, жазықсыз құрбан болды.
Таң қалатын жағдай, сол кезеңдерде кеңестік саясатқа қызмет еткен қазақ әдебиетінде саясат қателігі шынайы көрсетіліп отырған.
Мысалы, қазір өте «советшіл белсенді жазушы» деп көбірек айыпталып жүрген С.Мұқанов «Өмір мектебі» трилогиясында ашаршылықты қолдан жасаған жауыз Л.И. Голощекинді қазақтар жек көріп, «Қужақ» атандырғанын, оның нақты бейнесін әжуалап, мазаққа айналдырып танытады. Сондай-ақ, совет қоғамына қызмет етті дейтін тағы бір әйгілі жазушымыз Б.Майлин кеңестік саясатты келекелеп, әжуалап көптеген шығарма, әңгімелер жазған. Оның «Күлпаш» деген әңгімесі – ашаршылық саясатын ашық танытқан тұңғыш шығарма еді. Сондықтан, қазақ әдебиетінде ақын-жазушыларымыз кеңес саясатын ашық көрсете алмады деуіміз дұрыс болмас деп ойлаймын. Олардың да сол кезеңнің жетегімен жүргенін естен шығармаған дұрыс. Олар, кейде, ашық, кейде астарлап, замана шындығын жеткізіп отырған. Халық солар арқылы жартылай болса да, шындыққа көзі жетті.
Жалпы ұлт зиялылары халық қамын ойлады, ел басына түскен нәубет оларды бей-жай қалдырмады. Үкімет орындарына хат жазды, көмек сұрады. Өздері елді аралап жәрдем ретінде көп жұмыстар атқарды.
Бір қосатыны, айрықша атап өтетін ашаршылық саясатының Ақмола, Көкшетау аймақтарында аса жедел қарқынмен жүргізілгендігі. 1904-1906 жылдары Столыпин реформасы іске асырылып босатқанда ішкі Ресейден көптеген «қара шекпенділер» көшіп келіп, қоныстанған. Тіпті, патшалық үкімет бұл өлкелерді зерттеуге арнайы комиссия жіберіп, оның құрамында жер зерттеуші ғалымдар кіріп, белсене жұмыс істеген. Мәселе зерттеуіне тереңірек үңілсек, кезінде Қазақ автономиялық республикасы Саяси ағарту басқармасының (Казглавполитпросвет) бөлім басшысы Н.И.Мардаровский алғашқылардың бірі болып сол оқиғаларға назар аударып еді. Оның пікірінше аштықтың себептері: патша үкіметінің отарлау саясаты, дүниежүзілік және азамат соғыстары, сонымен қатар халықтың сауат, мәдени деңгейінің төмендігі, яғни, сыңаржақты, атүсті бағалау, дегенмен де сол уақыт үшін батылдау қадам десе де болады.
Кеңес дәуіріндегі авторлардың басым бөлігі идеологиялық шығармаудың аясынан шыға алмай, бұл алапаттың себептерін біреулері бай-кулактардан немесе сыртқы жаулардан көрсе, енді біреулері табиғи апаттарымен байланыстырады, кейбіреуі большевиктер саясатына кедергі жасаған банды құрамаларын да кінәлап жатты. Дегенмен, аталмыш шектеулеріне қарамастан бұл зерттеулерде статистикалық мәліметтер, деректер мол болғанын айтқанымыз жөн. Сталиндік жылдарда бұл тақырыпқа тиым салынғаны тарихта белгілі жайт.
Сеңнің қозғалуы әйгілі «қайта құру» кезеңінде басталғанымен, тарихи үрдістерді қайта пайымдау, ақтаңдақтар бетін ашу тәуелсіздік жылдарында отандық ғалымдарымыздың қомақты да арнайы зерттеулерінен көрініс таба бастады. Талас Омарбеков, Мәмбет Қайгелдиев, Жұлдызбек Абдығожин, Мақаш Тәтімов, Мұрат Сдықов, Алексеенко, Прокопенко тағы да көптеген ғалымдарымыз аштық, демография тақырыбына арналған көптеген еңбектерді дүниеге әкелді.
Жалпы аштық мәселесіне ғалымдар әртүрлі қоғамдық пікір білдіріп келген. Оның саяси, экономикалық, психологиялық, әлеуметтік себептерін, негіздерін анықтауға, ғылыми тұрғыда баға беруге, тіпті таптық көзқараста да түсіндіруге тырысқан.
Айталық, 1981 жылы А.М.Прохоров редакциялығымен шыққан «Советский энциклопедический словарь» кітабында аштықтың қандай түрі болмасын, ол тек «қоғамды социалистік қайта құру негізінде жеңуге болады делінген. Ал, Нобель сыйлығының лауреаты, Гарвард, Кембридж университеттерінің профессоры Амартиа Сен аштықтың себебін халықтың әл-ауқатының төмендеуімен, жұқпалы ауру, өлім-жітімнің көбеюімен байланыстырады. Мысал ретінде, Үнді, Ауғанстан, Африка, Орталық Америка елдерін келтіреді. Солтүстік Кореядағы жасырын жағдайды, аштықты халықаралық сарапшылар саяси билікпен тікелей байланысты екенін айтады. Көршілес Ресей мұжығы, яғни, қарапайым шаруасы үшін аштық егінмен жер нәрін еміп отырған қауымға тарихы кәнігі үйренген үрдіс болған. Қуаңшылықты, табиғи апаттарды құдайдың қаһарынан көріп, егіннің шығу-шықпауын соған байланыстырып отырған. Осы тұрғыда орыс халқының ғұрыптары, наным-сенімдері, құрбандықтары, иланымдары да жетерлік. «Прогневали бога, видно, за грехи наши», «Господь захочет, так хлеб уродится и при поздней пахоте», «Голод не тетка, заставит работать» деген сияқты мақалдарды көнекөздердің айтуы осыған саяды.
Қазіргі отандық тарихнамада 1921-1922 жылдардағы аштық соғыс зардаптары мен қуаңшылық, ауыл шаруашылығының артта қалуымен ғана емес, Кеңес үкіметінің «әскери коммунизм саясатының кесірінен, яғни, мал, астық, ет-ұн салғыртының қарапайым шаруалардан күшпен, шектен тыс жиналуынан екендігі туралы көзқарас батыл жазылып жүр. Тартып алынған азық-түлік – орталық аудандарға, Москва, Петроград, өнеркәсіп орталықтарына, Қызыл Армияны қамтамасыз етуге жөнелтіліп жатты. Мал санының азаюы, егістік жерлердің қысқаруы, кәсіпорындардың, темір жолдың негізгі бөлігінің істен шығуы – көшпелі, жартылай көшпелі аудандардың жағдайын қиындатып, сыртқы дүниеден бөліп тастады деуге болады, мұның өзі кейін қажетті жәрдем алуды қиындатты, өзі де мардымсыз көмекті мүлдем жоққа шығарды.
Ашаршылықтың тағы бір себебіне аштық жайлаған Украина, Ресейдің ішкі аудандарынан Қостанай, Ақмола губернияларына мыңдаған босқындардың өз бетінше қоныс аударғандарын жатқызуға болады.
Жалпы осы ашаршылық теріскей өңірде қалай өтті, себептері мен зардаптарына келетін болсақ, ол әрине арнайы зерттеуді қажет ететіні сөзсіз. Үш жыл қатарынан болған жұт, 1921 жылдың қуаңшылығы, жаз айындағы қара шегірткенің қаптауы, көтеріліс, төңкеріс, соғыстың зардаптары, мал басының және азығының азаюы, аштық жайлаған аудандардан босқындардың қаптауы, азық-түлік саясатының қатаңдығы бұрын-соңды болмаған үлкен алапатқа әкелді. Халық арасында сүзек, тырысқақ, іш безгегі сияқты жұқпалы аурулар кең тарады, үкімет орындарының оны ауыздықтауға дәрмені де болмады. Дәрі-дәрмектер, мамандар жетіспеді. Жетім балалар саны күрт асты.
«Мир труда» атты губерниялық газеттің 11 маусымындағы санында «Сарыарқадағы аштық» атты мақаласында Мағжан Жұмабаев былай деп жазды: «1922 жылдың күз айынан Ақмола губерниясы ажал аранының алаңына айналды». Маусым айының басынан тамыздың орта кезіне дейін Петропавл, Көкшетау уездерін аралап, қиын жағдайды өз көзімен көрген Мағжан кейін ашыққандарға көмек көрсету комиссиясына (АшКом) берген есебінде:
«Көкшетау уезінің Шұңқырша, Қараша, Мезгіл, Айыртау болыстарында болдым. Жағдай өте ауыр. Халықтың 90 пайызы жидек теріп күн көріп отыр. Иманалы, Сарыайғыр болыстарында мал ұрлау көбейген». Айта кету керек, Мағжан 1922 жылдың 1 маусымынан күзге дейін КазЦИК-тің төтенше өкілі, Ақмола губерниялық ашыққандарға көмек беру комиссиясының төрағасы Қияқовтың орынбасары қызметін атқарған. Осы жылдың 9 маусымында Мағжан Жұмабаев губернияның әскери комиссары Приморскийге 100 қазақтың жетім баласына баспана, тамақпен қамтамасыз ету туралы хат жазады, орындалуын бақылайды. Көкшетауда қазақ балаларына жетімдер үйін салуға ат салысады. («Северный Казахстан» газеті, 2008 жыл 20 маусым).
Атбасар уездік атқару комитеті жоғары жаққа мынадай мәлімдеме жіберген: «…западная, южная и восточная часть уезда голодают, поступает масса ходатайств о снятии продналога и выдаче ссуды на продовольствие и на посев для будущего 1922 посевного года». Архив құжаттарында «Бағаналы, Орта Арғын болыстарындағы аштықтың өршіп тұрғандығы» айтылады. Көкшетау уездік комитетінің 1921 жылғы 12 желтоқсанындағы құпия баяндамасында «Кривоозер ауданында аштықтың белең алуына байланысты өздерін «махновшылар» деп атаған бандылар тобының пайда болуы, ашыққан, ашынған әйелдердің болыстық комитеттерден нан талап етіп, астық қоймаларын басып алу қаупі бар» екені туралы алаңдаушылық білдіреді. 1921 жылдың екінші жартысында, Ақмола губаткомының мәліметі бойынша ашыққандардың саны 440 мың адамнан асқан, оның ішінде Ақмола уезінде – 66,5 мың, Көкшетау уезінде – 115 мың, Атбасар – 110 мың, Петропавл уезінде – 150 мың адам аштыққа ұшыраған.
Көкшетау уездік атқару комитетінің төрағасы Жуков экономикалық жағдайды былай сипаттады: «Бидайды бір десятинадан орташа мөлшерде 5 пұттан ғана жинадық. Арпа, сұлы мүлде жоқ. 16 болысты азық салығынан босату қажет… Қоймалар бос. Басқындар саны 90 мыңға жуықтады. Әсіресе, қырғыздардың (қазақтардың) халі мүшкіл, малдарына жем-шөп жоқ, мал қырылып жатыр. Ұрлық көбейді, көшу тоқтар емес…».
Обалы нешік, осындай ауыр жағдайда жергілікті басқару органдары қолдан келгенше аштықпен күресіп бақты. Атбасар, Көкшетау уездерін ресми түрде аштық аймағына жатқызу туралы бірнеше рет жоғары жаққа хат жолданады. Орталық Атқару комитеті (КазЦИК) Ақмола губерниясындағы өте қиын ахуалды былай баяндайды: «… население уже обречено на голодную смерть. Местами люди питаются суррогатами и падалью, есть случаи людоедства…» Каннибализм фактілерінің жиілеуіне байланысты Ішкі Істер Халық Комиссариаты (НКВД) арнайы қаулы қабылдап, ондай адамдарды бірден көпшіліктен аластатып денсаулық сақтау орындарына жеткізу қажеттілігін тапсырды. Ақмола губерниясының ұлан-ғайыр жерінде (37 мың шаршы метр, 15 уезд, 200-ден астам болыс, мыңға жақын елді мекендер) небәрі 4 дәрігерлік пункт жұмыс істеді, маман-дәрігерлер мүлдем болмады деуге болады. Статистикаға сүйенсек, 1922 жылы Ақмола губерниясында сүзек ауруына шалдыққандар саны – 36.524, тырысқақпен – 4731, безгекпен – 4234, ішек ауруымен – 2780, цингамен (құрқұлақ) – 1137 адамға жеткен. Ауруханаларда 8373 адам қайтыс болған.
Оның үстіне 1921 жылы 21 сәуірде ғана Омбы губерниясының құрамынан шығып, Қазақ АССР-нің құрамындағы Ақмола губерниясы болып қайта құрылғанын ескерсек, бейбіт үкімет билігінің әлсіздігін, жаңа жүйенің әлі де қалыптасып бітпегенін, соғыстан кейінгі ауыр жағдаймен ұштасуы – әрине көп қиындық туғызғаны айтпаса да түсінікті еді. Сібір ревкомымен де территориялық-шекаралық дау-дамайдың бітпеген уақыты болатын. 1921 жылғы 23 маусымда болған КирЦИК-тің (Қазақ АССР Орталық Атқару Комитеті) екінші сессиясында Төралқаның атынан жасалған баяндамасында Әлихан Бөкейханов: «Ақмола облысында бұрынғы биліктің негізінде мемлекеттік басқару аппараты құрылды… Осылайша бұл облыс Қырғыз (Қазақ Республикасының құрамына енді», – деп хабарлады. Ал, Мәскеуден шығатын «Известия» газеті бұрынғы уездік деңгейдегі шағын ғана қала Петропавл ұлан-ғайыр байтақ Ақмола губерниясының орталығы болды», – деп жазды. Әкімшілік-территориялық өзгерістердің де ашаршылықты ауыздауға кері әсері болғаны байқалады.
Осы жылдардың бір келеңсіз көрінісі – ол қорғансыз, панасыз балалар санының күрт өсуі еді. Кеңестік баспасөз беттері 1921 жылдан-ақ панасыз балалар туралы мақалалар жариялай бастады, кейін тіпті «Известия» газетінде балалар арасындағы қаңғыбастық, қылмыс жөнінде жұмысшы-шаруа инспекциясының (РКИ) мәліметі берілді, бұрынырақ та мұндай ақпаратты тек шектеулі ғана адамдар, негізінен басшылар ғана білетін. Ашаршылықтың ауқымы кеңейген сайын жетім балалардың да саны өсті. Айталық республикада 1921 жылдың аяғында – 128000, ал, 1922 жылдың басында олардың саны 333046 адамға жеткен. Балалар үшін тамақтану орындары, еңбек коммуналары, мектеп-колониялар ашылды. Балалар мекемелерінің лық толып, қабылдай алмауына байланысты көшедегі балаларды тұрғындар арасына, не жұмыс орындарына бөлу немесе көршілес Ресей облыстарына, тіпті Украина мен оңтүстік өңірлерге орналастыру кең етек алды. Осы уақытта «Ақмола губерниясындағы 14 балалар үйінде 9426 бала тәрбиеленген, ал, көшедегі панасыздар саны 2963 адамға жеткен». Қаржы жағы, мамандардың жетіспеушілігіне және материалдық жағдайдың қиындығына қарамастан үкімет орындары қадағалаусыз қалған балаларға көмек беру үшін әртүрлі деңгейдегі әлеуметтік бөлімдер құрады. Олардың құзыретіне балаларды орналастыру, емдеу, оқыту, санитарлық бақылау сияқты міндеттер кірді. Орталық балалар комиссиясының жұмысының да нәтижесіз болмағанын айтқанымыз жөн.
Осылайша губерниядағы ашаршылықтың өршуімен және аштыққа ұшырағандардың, босқындардың да, жергілікті тұрғындардың да көбеюіне байланысты қалаларда ең кедей және жағдайы жоқ адамдарды тамақтандыру үшін асханалар ашудың шұғыл қажеттілігі туындады.
Петропавл қаласында 8 асхана, Көкшетауда – 5 асхана, Атбасар қаласында – 3 асхана, Ақмола қаласында – 3 асхана ашылды, барлығы қалаларда 19 асхана ашылды. Осы асханаларда күн сайын аштыққа ұшырағандардың келесі саны қанағаттандырылды: Петропавл қаласында 5000 адамға дейін, Көкшетау қаласында 1500 адамға дейін, Атбасарда 1250 адамға дейін, Ақмолада 1000 адамға дейін. Көкшетау уезінде жергілікті халықтың қаражатына 30 қоректік пункт ашылды, онда 900 адамға жуық тамақтандырылды (Орталық архив, Қор 1215, тізбе 1, іс 19, 53 бет).
1921-1922 жылдардағы ашаршылық туралы айтқанда, табылған құжаттар мен мұрағат көздеріне сүйене отырып, ашаршылық себептерінің тұтас кешенін бөліп көрсететін тарихшылардың пікірімен келісуге болады. Құрғақшылық және оның салдарынан болған егіннің шықпауы, бірінші дүниежүзілік және азамат соғыстары нәтижесінде ауыл шаруашылығы құлдырап, күйзеліске ұшырауы, большевиктердің азық-түлік саясаты, яғни, азық-түлік салғыртының жоғары нормалары, сондай-ақ апат мөлшерін кеш бағалаған жергілікті билік органдарының жауапсыздығы айналып келгенде ашаршылықтың негізгі себептері болды. Жылдар бойы болған апаттар мен күйреуден әлсіреген шаруа қожалықтары құрғақшылық пен егіннің шықпауына төтеп бере алмады.
Әсіресе, жаңа қоғамдық қатынастарға бейімделмеген қазақ жұртына аталмыш аштық алапаты өте ауыр тиді.
Жас Кеңес үкіметінің осалдығына қарамастан, ашаршылықпен күрестің небір тиімді әдістерінің де орын алғанын айтқанымыз жөн деп ойлаймын. Олардың қатарына аш адамдарды азық-түлікпен қамтамасыз ету, халықты эвакуациялау, егіс науқаны, қайырымдылық қорларының ашылуын, халықаралық « Қызыл Ай» қоғамының көмегін де атап өткен дұрыс. Қазақ Орталық Атқару комитетінің төрағасы Сейтқали Меңдешевтің бастамасымен құрылған «Ашыққандарға арнайы көмек комитетінің (Компомгол) атқарған жұмысы қыруар еді. «Жылу» жинау науқаны мен «Комбед», «Жарлы», «Қосшы» ұйымдарының да біршама іс атқарғанын тарихтан білеміз.
Аштық құрбандарын зерделеу, ауқымын анықтау әлі де тың деректерді қажет етеді.
Жалпы большевиктердің социализмге жедел көшу үрдісі көп ретте олар күткендей нәтижелер бермеді, бірақ күштеу-зорлау саясатының эксперименттері өзінің жалғасын тауып жатты.
Аманбай СейІтқасымов,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі,
тарих ғылымдарының кандидаты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар