Көкшетау қаласында тұратын көп балалы ана Шынар Мусина бір жылдан бері жеке кәсібін ашып, шаштараз болып жұмыс істеуде. Бұл кәсіпті ашуды ол көптен бері жоспарлап жүрген еді.
Шынар үйде отырып бала бағып, еңбектен қол үзгендіктен, жеке кәсіпті меңгеруді жөн санаған. Жекеменшік шаштараз ашсам деген арманы көптен бері мазалайтын. Жас кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларды естіп-біліп, өз бағын сынап көргісі келді. Нәтижесінде 2015 жылы «Бастау-бизнес» жобасына қатысып, грант ұтып алды және үш айлық курста оқып, өз үйінде жеке кәсібін жүзеге асыруды бастады.
Шынар Маратқызының айтуынша, Көкшетау- Краснояр тас жолының бойында жер үйде тұрғандықтан, шаштараз ашу аса қиын соққан жоқ. Бірінші клиенттері манайдағы көршілер болды. Бүгінгі таңда «Сарыарқа» шағын ауданында тоғыз қабатты үйде орын жалдап, кәсібін жалғастыруда. Тұрғын халық көбейе түскен бұл жерде де аз уақыттың ішінде тұрақты клиенттер пайда болды. Бұған қоса, ол айына бір рет Қарттар үйінде тегін қызмет көрсетеді. Алдағы уақытта кәсібін одан әрі дамыту да жоспарында бар.
Суретте: Шынар Мусина шаштаразшы.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.