Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Нұрлы жер» бағдарламасы: құрылыс қарқыны бәсеңдемейді - АРҚА АЖАРЫ

«Нұрлы жер» бағдарламасы: құрылыс қарқыны бәсеңдемейді

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының басты мақсаты – тұрғын үйдің қолжетімділігі мен жайлылығын арттыру және тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту болып табылады.

Бағдарлама 5 бағыт бойынша жүзеге асырылады. Атап айтсақ, бірыңғай тұрғын үй саясатын іске асыру, халықты сапалы ауыз сумен және су бұру қызметтерімен қамтамасыз ету, коммуналдық секторды жаңғырту және дамыту, тұрғын үй қорын күрделі жөндеу және жаңарту, құрылыс саласын дамыту болып табылады. Осының шеңберінде қазақстандықтар табыс деңгейіне сәйкес тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.
2017 жылы бастау алған бағдарлама аясында Ақмола облысында 2 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй алаңы салынды. Тарқатып айтар болсақ, 2017 жылы – 426 мың, 2018 жылы – 478 мың, 2019 жылы – 534 мың және өткен жылы – 574 мың шаршы метр пайдалануға берілді. Осының арқасында 17 мыңнан астам ақмолалық баспаналы болды.
Өткен жылдың қорытындысына сүйенсек, Ақмола облысы тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіштері бойынша көршілес өңірлермен салыстыратын болсақ көш бастап тұр. Егер 2020 жылы Солтүстік Қазақстан облысында 306 мың шаршы метр пайдалануға берілсе (ол облыста халық саны 549 мың адам), Қостанай облысында 379 мың шаршы метр (халық саны 868 мың адам), Павлодар облысында 372 мың шаршы метр (халық саны 752,0 мың адам), ал, Ақмола облысында 2020 жылдың қорытындысы бойынша 574 мың шаршы метр пайдалануға берілді (халық саны 737 мың адам).
2020 жылы мемлекеттік инвестициялар есебінен Ақмола облысында 50 көппәтерлі тұрғын үй, 2432 пәтер пайдалануға берілді. Оның 45-і «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша (2235 пәтер), «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша 4 тұрғын үй (152 пәтер), ал, «Ірі қалалардың шетін дамыту» бағдарламасы бойынша 1 үй (45 пәтер).
Халықтың бірнеше санатын қамтитын ең танымал бағыттардың бірі – «сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй салу» деп аталады. Мұнда да айқын өсу бар. Мәселен, 2017 жылы – 19 мың шаршы метр болса, өткен жылғы көрсеткіш 34 мың шаршы метрді құрайды. Өткен жылы салынған 537 жалдамалы пәтердің 186-сы Атбасар, Степногорск, Макинск, Есіл, Степняк қалалары мен Целиноград ауданындағы Қосшы ауылындағы көп балалы отбасыларға берілген. Айта кетуіміз керек, тұрғындарға жалға берілетін жылжымайтын мүлік көп балалы, толық емес, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларға және әкімдіктерде кезекте тұрғындарға арналған.
Бұдан басқа, «Кредиттік тұрғын үй құрылысы» бағыты бойынша өткен жылы Бұланды ауданының Макинск қаласында 45 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Облыстың басқа өңірлерінде кредиттік тұрғын үй құрылысының географиясын кеңейту мақсатында 2020 жылдан бастап Ақкөл, Бұланды, Ерейментау аудандарында кредиттік тұрғын үйлердің құрылысы басталды.
Биылғы жылы Ақмола облысында бағдарламаның барлық бағыттары бойынша 600 мың шаршы метрден астам тұрғын үй салынады. Атап айтсақ, Ақкөл, Шортанды, Ерейментау, Целиноград, Бұланды, Біржан сал, Егіндікөл, Қорғалжын, Жақсы, Сандықтау аудандарының, сондай-ақ, Көкшетау және Степногорск қалаларының тұрғындары өздерінің тұрғын үй жағдайларын жақсартатын болады.
Жалпы, «Нұрлы Жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша Ақмола облысының барлық 19 өңірінде тұрғын үй құрылысы жандандырылғанын және жүргізіліп жатқанын көрсетіп отыр. 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көп пәтерлі тұрғын үйлердің, сондай-ақ, оларға инженерлік желілердің құрылысы жоспарланған. Қазіргі таңда облыстық және жергілікті бюджет есебінен 132 жоба әзірленуде. Тұрғын үй құрылысына арналған 104 жобаның 66-сы оң қорытынды алды. Сараптаманың қарауында 38 жоба бар, қорытынды алудың жоспарланған мерзімі 2021 жылдың 2 тоқсаны.
2020 жылы әзірленіп жатқан инженерлік желілер құрылысының 28 жобасының 15-і құпталды. 13 жоба сараптама қарауында жатыр, қорытындыны алу мерзімі 2021 жылғы 2 тоқсан. Әзірленіп жатқан жобалық-сметалық құжаттардың көп бөлігі Көкшетау қаласы мен Целиноград ауданына тиесілі.
Қорытындылай келе, Ақмола облысының құрылыс басқармасы тұрғын үй құрылысын дамыту, құрылыстың өсу қарқынын арттыру, азаматтардың тұрғын үй жағдайларын айтарлықтай жақсарту бойынша барлық күш-жігерді жұмылдыратынын атап өткім келеді.

Марат ӘУБӘКІРОВ,
Ақмола облыстық құрылыс басқармасының басшысы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар