Барлық әкімдер халықты жаппай вакциналау бағытындағы ақпаратық-түсіндіру жұмыстарын жеке бақылауға алуы қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Эпидемиологиялық жағдай Үкіметтің күнделікті бақылауында. Бүгінде өңірлерге жеткілікті көлемде вакцина жеткізілді. Дегенмен, өңірлердегі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру үшін келесі бағыттар бойынша нақты іс-шаралар қабылдануы қажет.
Біріншіден, барлық әкімдерден халықты жаппай вакциналау бағытындағы ақпаратық-түсіндіру жұмыстарын жеке бақылауға алуды сұраймыз. Ай соңына дейін халықтың вакциналауға жататын бөлігінің 20 пайызына жеткілікті вакцина көлемі қамтамасыз етілді. Әкімдіктер азаматтарды вакцинациямен қамту жұмысын күшейтуі қажет. Екіншіден, «Ashyq» жобасы оң нәтиже көрсетуде.
Бағдарлама қоғамдық орындарға кірмек болған 809 ауру жұқтырған және 340 байланыста болған адамды анықтады», — деді ол. Вице-премьердің айтуынша, сондықтан әкімдер кәсіпкерлік субъектілеріне «Ashyq» жобасын енгізу бойынша жұмысты жеке қадағалауда ұстау керек. Шұғыл түрде осы жұмысты ұйымдастыруы қажет. «Үшіншіден, қабылданған шектеу іс-шараларының қатаң сақталуына бақылауды күшейту керек.
Бүгінде Алматы, Шымкент қалаларында, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Алматы облыстарында бұл жұмыс нәтижелі жүргізілуде. Алайда Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда облыстарында мониторингілік топтардың жұмысы әлі де бәсең. Бұл бағытта барлық өңірде белсенділік артуы тиіс», — деді Ералы Тоғжанов.
Дереккөз: inform.kz