Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, саясаттанушы Марат Шибұтов пен «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, жазушы Дәурен Қуатты қабылдап, олардың қоғамдағы өзекті мәселелер төңірегіндегі ой-пікірін тыңдады.
Мемлекет басшысымен кездесуде Марат Шибұтов еліміздің аумақтық даму мәселелері жөніндегі көзқарасымен бөлісті. Сонымен қатар ақпараттық-сараптамалық орталықтардың, қоғамдық кеңестердің жұмысын жандандыру туралы ұсыныстарын айтты. Саясаттанушы мемлекет пен қоғамның ұлтаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайту бағытында бірлесіп атқаратын жұмыстары туралы ойын жеткізді.
Дәурен Қуат Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдарының ахуалы, оның ішінде, «Қазақ әдебиеті» газетінің бүгінгі жағдайы жайында айтты. Сондай-ақ қазақ тіліндегі әдебиетті және баспа ісін қолдау жөніндегі ойымен бөлісті. Оның ішінде балалар әдебиетін дамыту туралы айтылды. Бұдан бөлек кездесуде отандық және шетелдік тарихшылар арасында тұрақты байланысты қамтамасыз ету мәселесі көтерілді.