Аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Бақтияр Мұстафиннің айтуынша, Степняк қаласында 2019 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 21 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталған.
«Бұл үйдің құрылысы өткен жылдың қазан айында аяқталды. Мұндағы пәтерлерге биылғы 22-ші наурызда көпбалалы отбасылар, жетімдер үйінің тәрбиелушілері, тұрғын үй кезегінде тұрғандар және бюджеттік мекеме қызметкерлері қоныстанды», – дейді Бақтияр Мұстафин.
Құрылыс бөлімі басшысы атап өткендей, өткен жылдың күзінде тағы 21 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталды. Ол үшін мердігер компания «Оңтүстік құрылыс компаниясы» жауапкершілігі серіктестігімен 190 миллион теңгеге келісімшарт жасалыпты.
Абылайхан көшесінің бойында салынып жатқан бұл үш қабатты тұрғын үйдің құрылысы қазір қарқынды жүргізілуде. Ғимараттың қабырғалары тұрғызылып, төбесі плитамен жабылуда. Сонымен бірге, есік, терезелері орнатылуда. Жоба бойынша бұл тұрғын үйді биылғы жылғы тамыз айында пайдалануға беру жоспарланған.
Алдағы жылдары осындай тағы бірнеше тұрғын үй салу жоспарда бар.