Бурабай ауданындағы «Журавлевка-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл 33 мың гектар алқапқа дән себуді жоспарлап отыр.
Ұрымқай ауылында орналасқан облыстағы іргелі шаруашылықтардың бірі «Журавлевка-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірумен айналысады. Өткен жылы шаруашылық диқандары әр гектарынан 20,8 центнерден астық жинады.
Шаруашылықтың озық технологияны пайдалануға ынтасының арта түсуі, өнімділігі жоғары шетелдік техникаларды қолдану – осылардың бәрі егін шығымдылығын арттырып, оны егу және жинау жұмыстарын неғұрлым қысқа мерзімде шығынсыз өткізуге игі ықпалын тигізетіні анық. Осы ретте, шаруашылықта ауыл шаруашылығы кешендерімен машина-трактор паркін жаңарту жұмыстарына ерекше көңіл бөлінген.
«Қазіргі кезде, меншігімізде 90 трактор, 11 егіс кешені, 52 комбайн және 11 жүк көлігі сияқты өзге де ауыл шаруашылығы техникалары бар. Олар жыл өткен сайын жаңартылып отырады. Бұдан бөлек, МТМ, қырман, 10 астық қоймасы мен 2 машина троктор жөндеу орны бар. Қазіргі кезде көктемгі дала жұмыстарына дайындықты бастап кеттік. Жалпы, биыл биыл 33 мың гектар алқапқа дән себуді жоспарлап отырмыз», – дейді серіктестік басшысы Николай Радченко.
Бүгінгі таңда серіктестікте 150-ден астам адам еңбек етеді.
Айта кетсек, ағымдағы жылы аудан бойынша 163,4 мың гектар алқапқа дәнді және дәнді бұршақ дақылдарын себу жоспарланған. Оның 121,5 мың гектар дәнді дақылдар, 65,5 мың гектары жаздық бидай. Бұл өткен жылдың деңгейінен 1,6 мың гектарға жоғары. Бұдан бөлек арпа және сұлу егіледі. Майлы дақылдар алқабының көлемі 25,2 мың гектарды құрайды. Сонымен бірге, картоп пен көкөніс отырғызылатын болады.