Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Нұрсұлтан Назарбаев: «1991 жыл ел халқы үшін жаңа дәуірдің басы болды!» - АРҚА АЖАРЫ

Нұрсұлтан Назарбаев: «1991 жыл ел халқы үшін жаңа дәуірдің басы болды!»

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасының төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы» атты XXIX сессиясы болып өтті. Сессияның жұмысына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.

Қазақстан Халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен басталған сессия жұмысына онлайн форматта 550-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында барлық өңірлерден келген Ассамблея мүшелері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің басшылары, ҮЕҰ, ғылыми, шығармашылық зиялы қауым және БАҚ өкілдері болды.
– Биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтетін жыл болып отыр. 1991 жыл еліміздің халқы үшін жаңа дәуірдің басы болды. Бұл – бостандық, ата-бабамыздың тарихи мекенінде еркін өмір сүру, жаңа мемлекет құру, оның тағдыры үшін жауапкершілік алу уақыты болды. Соның барлығын өзіміз басымыздан кешіріп, көзімізбен көрдік. Енді міне, биыл сол 30 жылдықты атап өтеміз. 30 жыл бұрын көпұлтты, көпконфессиялы халқымыз еліміздегі бірлікке, бейбітшілік пен келісімге қарай жылжу үшін тағы бір іргелі таңдау жасады», – деді ҚХА-ның ХХІХ сессиясын ашқан Елбасы.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің атап өтуінше, осы уақытқа дейін жүріп өткен жолдың, ұлттық дамудың стратегиялық формуласының дұрыстығы мен тиімділігін сеніммен айтуға болады. «Бұл ең алдымен мемлекеттілік құрылысы үшін барынша қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік берді және қазіргі заманғы Қазақстанның бет-бейнесін қалыптастыруға қуатты ресурспен қамтамасыз етті. Осы ретте басты камертон қызметін «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы» деген сөзбен басталатын Конституциямыздың преамбуласы атқара алады. Бұл сөйлемнің мәні өте маңызды. Өйткені, Конституцияны жазу барысында оған өте маңызды мән берген едім. Ата заң ұлтына, сеніміне немесе тіліне қарамастан барлық отандасымыздың ортақ мүддесін білдіреді. Конституциямыздың 11-бабы мемлекетіміздегі бірлікті, бейбітшілік мен келісімді бекітеді, қорғайды және нығайтады. Елімізде тіліне, дініне, ұлтына байланысты белгілер бойынша қандай да бір кемсітушіліке тыйым салынады.
– 30 жылдың ішінде Қазақстан жылнамасының көптеген жарқын беті жазылды. Күннен күнге алға қарай ілгерілеп, алдымызда өршіл мақсаттарды қойдық. Қазақстан халқы Ассамблеясының әрбір сессиясында мен осындай баяндама жасап, бұл жайында айтып келемін. Бүгінде барлық жетістікті тізбелеп айтып шығу мүмкін емес. Бүгінде бүкіл әлем сынақ болып жатқан кезде біз елімізді дамытуды, экономикамызды жаңғыртуды жалғастырып келеміз. Қараңыздаршы, барлық жерде барлығы тоқтап жатыр», – деді Елбасы ҚХА-ның ХХІХ сессиясында. ҚР Тұңғыш Президенті елімізде кәсіпорындар салынып, жаңа қалалар тұрғызылып жатқанын баса айтты. Біз кәсіпорындар салып, жаңа қала тұрғызып жатырмыз. Каспий теңізінде қазақстандық Ривьера салатын боламыз. Мың адамға арналған бір қонақ үй әлемдегі кез-келген қонақ үйден жақсы. Антальядан да жақсы. Тағы осындай 3 кешен салынып, қазақстандық Ривьера жасалады. Біз мұны пандемия жағдайында да іске асырамыз. Бұл дұрыс та. Ертеңгі күн туады және біз дайын боламыз.
– Бізді ядролық қаруға қарсы күресте көшбасшы ел деп санайды. Атап айтқанда, басқа елдермен бірлесе отырып интеграциялық жобаларға бастамашылық етіп, жүзеге асырдық. Яғни, ЕАЭО, АӨСШК, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі секілді жобалар қамтылды. Бұл бірлестіктер менің қатысуыммен әрі ұсыныстарым арқылы құрылды. Осы орайда маған қолдау білдерген әріптестеріме алғысымды білдіремін», – деді Елбасы Н. Назарбаев.
Елбасының айтуынша, аталған жобалар халықтардың игілігі үшін қызмет етіп келеді. «Көпвекторлы сыртқы саясат бізді ынтымақтастық пен әлемдегі бейбітшілікті қамтамасыз етуге бағытталған бейбітшіл ұлт ретінде көрсетті. Бізге әлем елдері сеніммен қарайды, сондай-ақ, бізді мемлекеттер арасындағы қақтығыстар мен келіспеушіліктер кезінде табыстырушы, бітімгер болуға шақырады. Қазақстан мен біздің елордамыз сенімгерліктің алаңына айналды, бұл жерде осындай маңызды келіссөздер өтіп келеді.
ҚХА-ның ХХІХ сессиясында Елбасы, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемнің барлық елінде халықты тіл біріктіретінін баса айтты. Бұған қоса, біз еліміздегі этностардың мәдениетін, тілін дамыту үшін қажетті барлық жағдайды қамтамасыз еттік. Соның аясында қазақстандықтар ортақ мақсатымыздың және ортақ ұмтылысымыздың төңірегіне топтасты. Әрқайсысы біздің бірлігімізді, өзара құрметімізді,
отаншылдық пен жауапкершілігімізді нығайтуға үлес қосты.
Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы, ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев пандемия кезіндегі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясаты туралы пікір білдірді. –Қазіргі кезде Қазақстан жаңа жауапкершілікті кезеңге аяқ басып отыр. Ол пандемия, жаһандық экономикада дағдарыстық құбылыстардың күшеюі, алдыңғы қатарлы әлемдік ойыншылардың геосаяси бәсекелестігінің ушығуы кезеңімен сәйкес келді. Осы және басқа да қолайсыз жағдайлар біздің мемлекеттің де дамуына өзінің теріс әсерін тигізбей қоймайды. Бұл жағдайда еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жан-жақты түгенделген, сындарлы саясатты жүргізуді жалғастырып келе жатқанына сенімдімін. Сондықтан, біз осы қадамдарды қолдауымыз керек. Бұл саясат барша қазақстандықтардың мүддесіне және ұлтымыздың ары қарай дамуы мақсаттарына қызмет етіп жатыр.
Сессияны қорытындылай келе Елбасы ҚХА төрағасы лауазымын елдің іс басындағы Президенті атқаруы тиістігін атап өтті. «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңға, Ассамблея туралы заңға сәйкес маған Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы лауазымын өмір бойы атқару құқығы берілген. Жалпы, мен сіздермен барлық уақытта бірге боламын әрі одан бас та тартпаймын. Дегенмен, Ассамблея-
ны басқаруға қатысты бірқатар құзырет еліміздің Президентіне жүктелген. Тіпті, бұл да маңызды емес. Қазақстан халқы Ассамблеясы тірек ретінде іс басындағы Президенттің жанында тұруы тиіс және екінші жағынан Мемлекет басшысы да Ассамблеяға арқа сүйейді. Сондықтан мен Ассамблеяны басқару құқығымды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа беру туралы шешім қабылдадым», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, Ассамблеяның да алдында жаңа міндеттер тұрғандығын және кез- келген сынаққа төтеп беру үшін бірлігіміз әрдайым бекем болуға тиісті екендігін айтты.
– Ассамблеяны басқару өте жауапты жұмыс. Бұл – үлкен саясат. Сондықтан, осы жауапты міндетті жауапкершілікпен атқарамын деп айтқым келеді. Қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіз Тәуелсіздігімізді нығайтып, Қазақстанды дамыған елдер қатарына қосу үшін ең алдымен ауызбіршілік, татулық аса қажет екенін үнемі айтып келесіз. Бұл көне заманнан келе жатқан ақиқат. Қазіргі ұрпаққа да қажетті құндылық. Табысты реформаларымыздың мызғымас тұғыры – халқымыздың бірлігі. Ал, еліміздің бірегейлігі – әралуан ұлт пен ұлыстың жарасымды татулығы. Сіз «Қазақстан жолы» тұжырымдамасын күллі әлемге паш еттіңіз. Қазіргі таңда мемлекетіміздің дара жолын дүние жүзі мойындайды және жоғары бағалайды. Жаһан жұртшылығы Сізді аса көрнекті реформатор және әлем деңгейіндегі саясаткер ретінде құрметтейді. Парасатты басшылығыңызбен қол жеткізілген табыстарымыз мәңгілік тарихи мән-маңызға ие болды. Сондықтан, елдің жолында сіңірген ерен еңбегіңіз әлемнің және Қазақстанның тарихында мәңгі жазылатындығы сөзсіз. Халқымыздың тату-тәтті тіршілігі Сіздің салиқалы саясатыңыздың арқасы. Осы дәстүрді сақтап, елімізді одан әрі өркендету қашанда маңызды. Осыған орай мемлекеттік саясаттың сабақтастығы айрықша маңызға ие. Бұл Қазақстанның болашағы үшін керек екені айдан анық», – деді ҚР Президенті.
Мемлекет басшысы Ассамблея бұрын-соңды еш елде болмаған бірегей құрылым екендігін, басқа елдер де біздің үлгіміз бойынша түрлі ұлт өкілдерінің басын қосатын осындай ұйым құруды бастағанын атап өтті. «Бүкіл қоғамды ұйыстырып, ырыс-ынтымағымызды арттыру аса өзекті мәселе. Біз әрқашан «береке басы бірлікте» деген қастерлік қағиданы ұстандық. Қазақстан 30 жылдың ішінде халқы тату, жері тыныш, қоғамы тұрақты мемлекетке айналды. Бұл шын мәнінде мақтан тұтарлық жетістік. Сантүрлі ұлттың басын біріктіріп, бір мақсатқа жұмылдыру оңай шаруа емес. Бұл табандылықты талап ететін күрделі жұмыс. Біз сыйластық пен келісімнің, бауырмалдық пен өзара құрметтің негізінде еңселі, өркениетті ел болып отырмыз. Бұл әрине, Елбасының арқасы. Мұны әрдайым есте ұстауымыз керек. Әсіресе, коронавирус дерті қыспаққа алған күрделі кезеңде халқымыздың алдында тұрған міндеттерді жүзеге асыру үшін біз бәріміз бір ел, бір ұлт болып жұмылуымыз керек. Ассамблеяның да алдында жаңа міндеттер тұр. Татулық пен келісім саясатын жалғастырып, дамыта түсу баршамыздың ортақ парызымыз. Себебі, бүгіндей алмағайып заманда кез-келген сынаққа төтеп беру үшін бірлігіміз әрдайым бекем болуға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар