Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Ақмола облыстық филиалы директорының орынбасары Нұрбек Қайыржанов аймақтағы фронт офистердің биылғы жылдың бірінші тоқсанында атқарған жұмыстары жайлы баяндап берді.
Облысымызда осы күні 24 фронт офис жұмыс істейді. Ағымдағы жылдың 3 айын-да бұл нысандар облыс тұрғындарына 203 мыңнан астам қызмет түрін ұсынған. Мемлекеттік қызметтер ішінде фронт офистерге баруға шамалары келмейтін адамдардың үйлеріне барып қызмет көрсету түрі бар. Бұл қызмет 1 және 2 санаттағы мүгедектерге, мүмкіндігі шектеулі балаларға, ҰОС-ның ардагерлері мен 70-тен асқан егде адамдарға көрсетіледі. «Үйде қызмет көрсету» қызметіне түскен өтінімдерді HelpDesk жүйесіндегі контакт орталықтардың операторлары тіркеп отырады. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында 1093 қызмет түрі 1071 рет үйге барып көрсетілген. Халыққа қызмет көрсету орталығының мобильді қосымшасы арқылы 136 рет үйге шығулар іске асырылып, азаматтарға 4208 қызмет түрі көрсетілген. Сонымен бірге, «еGovmobile» мобильдік қосымшасы сервисінде бүгінде жеке куәлік, некені тіркеу туралы, баланың туу туралы куәлігі, аты-жөнін, тегін қайта атау туралы куәлік, электронды техникалық паспорт, жүргізуші куәлігі, Covid-19-ға байланысты ПТР тестілеудің нәтижесі, білімі туралы куәлік, студенттік билет, зейнеткер куәлігі тәрізді цифрлық құжаттамалар ұсынылады.
–Біздің ең басты қол жеткізген жетістігіміз – Kaspi.kz мобильді қосымшасында автокөлік құралдарын қайта тіркеуден өткізуге болатындығы. Енді автокөлікті ресімдеу үшін азаматтарға арнайы халыққа қызмет көрсету орталығына барудың қажеті жоқ. Бар-жоғы смартфоныңыздағы Kaspi.kz қосымшасына кіріп, онда қайта ресімдеуді басып, тиісті ақпараттарды енгізесіз. Арнайы халыққа қызмет көрсету орталығына азаматтар тек көліктің нөмірін алуға ғана барады, –деді Нұрбек Қайыржанов.
Брифингте сонымен қатар, пандемияға байланысты тығыз қарым-қатынасты азайту мақсатында QR-кодпен мемлекеттік баж салығын төлеуге жағдай жасалғандығы да айтылды. Енді қызмет алушылар тез арада өз смартфондары арқылы мемлекеттік қызмет төлемін орындай алады. Мысалы, енді жер телімдерін ресімдеу актілерін әзірлеу мен беру, жылжымайтын мүлік құқығын тіркеу, заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, басқа да жер қатынастарына байланысты қызмет алушылар қызмет төлемін QR-кодпен төлеулеріне болады.
–Біз мынадай қиын кезеңде адамдардың ұзақ-сонар кезекте тұруына жол бермеуіміз керек. Homebank и Kaspi.kz қосымшаларында QR-кодты пайдалану арқылы алған қызметтеріне төлем жасауды іске қостық. Енді келушілер кассалардың жанында кезек күтіп тұрмайды. Қазіргі уақытта кез-келген адамның смартфонында аталған қосымшалар бар. Сондықтан, ыңғайлы әрі тиімді болу үшін осылай істейді, –деп атап өтті Нұрбек Қайыржанов.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.