Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тәуелсіздік және тіл - АРҚА АЖАРЫ

Тәуелсіздік және тіл

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мәселесі тәуелсіздік алған сәттен күн тәртібінен түскен емес. Мәселе біртіндеп шешіліп келе жатқанымен, түбегейлі шешілді деп айта алмайтынымыз қынжылтады. Тіпті жыл өткен сайын туған тілін білмейтін халықтың саны арта түскен сыңайлы. Бұл әрине, қандай да бір мекеменің жұмысына байланысты емес.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру төңірегінде біраз ауқымды жұмыстардың атқарылғандығы және жүйелі ұйымдастырылып келе жатқандығы және анық. Тілдің тұйыққа тірелген тұстарын түбегейлі шешу үшін Қазақстанның әрбір азаматы осыған мүдделі болуы керек. Ең алдымен, қазақ халқы.
Хош, Тәуелсіздік біздің төл тіліміздің өркендеуіне қалай ықпал етуде? Алдымен кешегі Кеңес дәуіріндегі орысша атаулардың біразы қазақшаланғандығын айта кетсек орынды. Егемендіктің бірден бір жемісі осы деп нық сеніммен айтуға болады.
Ақмола облыстық ішкі саясат жанындағы тілдерді дамыту бөлімінің берген мәліметіне сүйенетін болсақ, алғашқы лекпен сонау 1991-2004 жылдары жаңарған 112 атаудың ішінде 6 аудан, бір қала, 21 елді мекен, 84 көше бар екен. Солардың арасында бірқатар аудандар мысалы, Алексеевка-Ақкөл, Макинка-Бұланды, Державинка-Жарқайың, Балкашино-Сандықтау ауданы болып өзгерсе, облыс орталығы Кокчатав-Көкшетау қаласы болып түзетілген еді.
2004 жылы Ақмола облысында тілдерді дамыту басқармасы ашылғаннан кейін, ономас-тика жұмысы қарқынды жүргізіле бастады. Екінші лекпен 2004-2015 жылдар аралығында 114 елді мекен, 1717 көше жаңа атауға ие болды. Соның ішінде шоқтығы биігі – әлемдік деңгейде курорттық аймақ болып табылатын Щучье ауданы Бурабай ауданы болып қайта аталды. Ендігі кезекте Щучинск қаласының атауын өзгерту мәселесі қолға алынуда.
Ал, соңғы жылдары, нақтылап айтар болсақ, 2016 жылы – 239 көше, 2017 жылы 299 көше және 7 елді мекен қайта аталса, 2018 жылы 23 елді мекен мен 696 көшенің атауы жаңартылған. Бір атап өтерлігі, оның 69-ы облыс орталығы Көкшетау қаласына тиесілі екен. Ал, соңғы жылдары тағы да 6 елді мекен мен 81 көшенің атауы қазақшаланды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік тілдің дамуына қолайлы жағдай жасап отырғаны анық. Қазақстанда тіл үйренемін дегендерге тиісті жағдай қарастырылған. 2003 жылы Көкшетау қаласында Ақмола облыстық тілдерді оқыту орталығы ашылды. Қалалар мен аудандарда осы орталықтың бөлімшелері жұмыс істейді. Қолдағы бар мәліметке сүйенсек, 2003-2020 жылдары аралығында орталықта барлығы 21341 мемлекеттік және азаматтық қызметшілер қазақ тілін үйреніп, арнайы сертификат алған.
Соңғы жылдары жергілікті атқарушы органдардан іс қағаздарын мемлекеттік тілде рәсімдеу мәселесіне баса назар аударылып жүр. Қалай дегенмен де, әлі де болса, мемлекеттік тілде іс жүргізу мәселесі көбіне тек қағаз жүзінде, яғни, формальды түрде ғана орындалатыны байқалып қалады. Мәселен, егемендік алғанымызға отыз жылдың жүзі болса да, салтанатты шаралардың барлығы дерлік ресми тілде өтіп жатады. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне таратылатын ақпараттың басым бөлігі орысша. Кей сәттерде байқасаңыз, қазақ тілінің рөлі аударма тіл сияқты. Абыз Абай «Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды» деген емес пе еді?! Шындығында да, кез-келген істен нәтиже шығару үшін алдымен ден қойып, ынталы болу керек. Тіл игеру үшін де, оны дамыту үшін де жүректің қалауы болғаны абзал.
«Тәрбие тал бесіктен» деген қазақ әрбір істің түп-тамыры үйдегі тәрбиемен сабақтас екендігін ашып айтқан. Бүгінгі өскелең ұрпақ әлеуметтік желінің ықпалынан шыға алмай келе жатқаны жасырын емес. Яғни, өзге ұлттың ділі, тілі, өмір сүру салты біздің де үйімізге дендеп енгенін өзіміз де байқамай қалудамыз. Үйде де, көшеде де жаппай орысша сөйлеуіміз соның белгісі емес пе?! Негізінде тіл дегеніміз кез-келген ұлттың болмысын айшықтайтын өлмес құндылық. Ұлттың ұлт болып қалыптасуы, мәңгілік жасауы ана тіліне тікелей байланысты. Осы орайда, өз отымызды өзіміз өшіріп, сөндірмейміз десек, тілімізден безіп, жарымжан болмаймыз десек, ұрпағымызды дүбара қылып тәрбиелегіміз келмесе, арымыздың таза, намысымыздың жоғары екендігі рас болса – әр қазақ қазақша сөйлеуі керек. Әр қазақ мен неге өз тілімді құрметтемеймін деп ойланғаны абзал. Бәлкім, көзқарастың өзгермей келуінің себебі, санамызға сіңіп қалған кеңестік дәуірдегі өктемшіл саясаттың екпіні емес ме екен?!
Әлі де айтудан жалықпаймын, қазақ мектебінде білім алғанымды өзіме бақыт санаймын бүгінде. Бұл да болса, елдігімнің арқасы. Ана тілімді жадыма тоқып, жүрегіме ұлтымның ұлағатын сіңіріп өспеген болсам, тағдырым қалай өрбитін еді, кім білсін? Ауылда өскеннен бе, үйдегі тәрбие сондай болды ма, тіліміз қазақша шықты. Кеңестің құйтырқы саясатының кесірінен үйдегі үлкен аға-әпкелерім орыс мектебінде оқыған. Кезінде қазақ мектебінде оқығандар нан тауып жей алмайды деген керағар пікір болатын. Бүгінде ел мүддесі жолында еңбек етіп жүргендердің басым көпшілігі қазақ мектептерінің түлегі. Ал, енді тап қазіргі жағдайда қазақ мектебінде оқып жүрген балалардың өзі ойын қазақша дұрыс жеткізе алмайды. Неге?..
Жалпы, тәуелсіздік білім саласына қандай өзгеріс әкелді?! Ресми деректер бойынша рес-публикамызда қазақ мектептерінің үлесі – 65 процент. Облыстық білім басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, тәуелсіздік жылдары Ақмола облысында 500-ден астам мектепке дейінгі мекеме ашылған екен. Ал, Кеңес заманында облыс орталығында таза қазақ тілінде тәлім-тәрбие беретін бірде-бір балабақша болмаған екен. Бұл да болса егемендігіміздің толайым табысының бірі.
Қазіргі таңда Ақмола облысында 556 мектеп бар. Оның ішінде 159 мектеп қазақ тілінде білім береді. Орыс тілінде білім беретін 178 мектеп бар болса, 219-ы аралас мектеп тағы бар. Қуантарлығы, егемендік алғаннан бері соңғы он жылда өңірімізде қазақша оқитын балалардың саны арта түскен. Сонымен қатар, қазақ мектептерінде білім алатын өзге ұлт өкілдерінің де балалары жоқ емес. Қазіргі таңда өңірімізде 1000-ға жуық өзге ұлт өкілдерінің өрендері мемлекеттік тілде білім алуда. Бұл сәл де болса дәтке қуат. Дегенмен, мемлекеттік тіл әлі де болса, өз деңгейінде дамымай отырғандығын ешкім де жоққа шығара алмайды.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар