Целиноград ауданының меценаттары Иван Сауэр, Марс Итбаев, Тимур Пшенов, Максим Божко және Айтқожа Байжанов аудандық емхана мен полиция бөліміне арнайы техника сатып алып берді.
Жуырда аудан әкімі Бақытбек Оспанбеков медицина мекемелері мен учаскелік инспекторларға осы жеңіл автокөліктердің кілтін салтанатты жағдайда табыс етті. Ол өз сөзінде ауданның бетке ұстар азаматтарының осы өнегесіне ризашылық білдіріп, алда да ел игілігі жолында жаңа табыстар тіледі.
Осынау игілікті істерден шет қалмаған ауыл шаруашылығы саласының ардагері Қуанышбек Ахмедин да Тасты ауылдық округінде жергілікті медицина мекемесіне жаңа дәрігерлік амбулаторияны сыйға тартып, Ақмешіт ауылындағы клуб үйін мәдениет бөлімінің қарамағына тегін табыс етті.
Ал, Т.Пшенов, А.Нұрақышев, К.Нұрақышев, Б.Әбдіқалықов секілді ауданымыздың жомарт жүрек жандары өз қаржыларына Қоянды, Жалғызқұдық, Приречный, Опан және Жарлыкөл ауылдарындағы дәрігерлік амбулаторияларды күрделі жөндеуден өткізді. Салтанатты шара барысында сондай-ақ, «Целиноград» несиелік серіктестігінің жетекшісі, еңбек ардагері Сағадат Әшебеков дәрігерлер мен полицейлерге тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында айтулы сый жасаған атымтай жомарт жандарға алғысын айтып, ізгі тілегін жолдады.
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.
Суреттерді түсірген автор.
Целиноград ауданы.