Оқу жылының аяқталуына екі апта уақыт қалды. Облыс бойынша биыл орта мектепті 5040, негізгі мектепті 10196 оқушы аяқтайды. Осы оқу жылының бір жаңалығы қорытынды аттестаттауды өткізу форматы өзгерді. Биыл оқушылар пандемияға қарамастан, барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, мектепте мемлекеттік емтихандарын тапсырады және жоғары оқу орындарына түсу үшін ұлттық бірыңғай тестілеуді электронды түрде өтеді. Осы және балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері жайында облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте кеңінен айтып берді.
Биылғы оқу жылында эпидемиологиялық ахуалға байланысты білім саласына көптеген өзгерістер енгізілгені белгілі. Ағымдағы жылдың төртінші тоқсанының басынан бастап облыстағы 556 жалпы білім беретін мектептің 80 пайызы штаттық режимде, 20 пайызы қашықтықтан оқыды.
–Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2021 жылғы 5 мамырдағы бұйрығына сәйкес биыл оқу жылы барлық мектептерде 25 мамырда аяқталады. 9 сынып оқушыларының қорытынды емтихандары ағымдағы жылдың 28 мамыры мен 5 маусымы аралығында, ал, 11 сынып білім алушыларының мемлекеттік емтихандары 1-10 маусым аралығында өтеді. Нақты айтқанда, санитарлық талаптарды сақтай отырып, 9-сынып оқушылары оқыту тіліне байланысты қазақ немесе орыс тілінде эссе жазады, математика (алгебра) бойынша бақылау жұмысын, орыс тілінде оқитын оқушылар қазақ тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан және қазақ тілінде оқитындар орыс тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан тапсырады. Ал, 11 сынып оқушылары оқыту тіліне байланысты қазақ тілі немесе орыс тілінде эссе жазып, математикадан бақылау жұмысын тапсырады және Қазақстан тарихы мен оқыту тіліне сәйкес орыс не қазақ тілінен тест өтеді. 9 және 11 сынып бітірушілерге аттестат тапсыру рәсімі 12-14 маусым аралығында барлық санитарлық талаптарды сақтау негізінде өткізілетін болады, – деді облыстың бас ұстазы Бейбіт Жүсіпов.
Ағымдағы жылдың 6-мамыры мен 30 маусымы аралығында үш орталықтың базасында ұлттық бірыңғай тестілеу электронды форматта өткізіледі. Олар «U-FUTURE» серіктестігінің Көкшетау, Атбасар қалалары мен Ақкөл ауылындағы пункттерінде ұйымдастырылуда. Бүгінге дейін 369 оқушы ҰБТ тапсырған. Алдын ала өткізілген тестілеулерге қарағанда, мектеп бітіруші 5040 оқушының 3300-дейі ғана тест тапсыруы мүмкін.
–Оқушылардың білім алу сапасындағы олқылықтардың орнын толтыру үшін сабақтан тыс уақытта 10 мың оқушы үшін 2137 жеке консультативтік топтың жұмысы ұйымдастырылады. Яғни, пандемия кезіндегі шектеулер негізінде оқушылардың үлгермей, түсінбей қалған тақырыптарын қайта өткізуге арналған жазғы мектептер жұмыс істейді. 19 маусымға дейін оқушылар түсінбеген тақырыптары бойынша жеке пәндерден білім алады. Жазғы мектепке әр бала өз еркімен ата-анасының өтініші бойынша қатыса алады, –деп түсіндірді Бейбіт Жүсіпов бүгінде баршаны толғандырып отырған бесінші тоқсан мәселесін.
Балаларды жазғы лагерьмен қамту мәселесіне тоқталсақ, облыстағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты мектеп оқушылары үшін демалыстың үш түрлі моделі қарастырылуда. Алғашқысы – «дәстүрлі». Аталмыш модель бойынша оқушылар қала сыртындағы 18 балалар сауықтыру орталықтарында, яғни 7 жеке меншік, 11 мемлекеттік орталықта және 248 тамақтануы қамтамасыз етілген мектеп жанындағы лагерьлерде демалады. Сонымен бірге, 458 демалыс алаңы ұйымдастырылады, алайда онда тамақтану болмайды және шығыны аз болатын 332 демалыс түрі қамтылмақшы. «Дәстүрлі» демалыс түрімен 105 мың оқушы қамтылмақшы. Бұл жалпы оқушылардың 87 пайызын құрайды екен. Бұған қоса, қосымша «Балдәурен» республикалық орталығында 1728 бала жазғы демалысқа жіберіледі. Жыл басынан бері онда 13 аудан, 2 қала мен Ақкөлдегі жетім балалар үйінен 5-9 сынып оқушыларынан бас-аяғы 1440 оқушы демалыпты. Бұдан бөлек, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан 150 балаға тегін жолдама «Звездный» сауықтыру орталығына беріледі. Келесі модель –«сырттай» демалу түрі. Бұл модель бойынша балалар қашықтықтан қатысып, әлеуметтік желілер арқылы лагерьлердің белгіленген ауысымдық кестесіне сай онлайн ұйымдастырылған іс-шараларға қатысады. Бұл орайда, 460-онлайн-лагерь ұйымдастыру жоспарланыпты. Онда балалар аптасына 5 күн, сағат 10-нан 13-ке дейін қатысады. Ауысым кезінде шығармашылық шеберлік сыныптар, түрлі ойындар, флешмобтар мен виртуалды экскурсиялар өткізіледі. Орта және жоғары буын оқушылар үшін облыстық виртуалды ІТ-лагерьлер «Болашақ» сарайы инновациялық орталығының базасында ұйымдастырылады. Осылайша, қашықтықтан оқыту форматымен оқушылардың 95 пайызы қамтылады деп жоспарлануда. Ал, үшінші – «аралас формат» моделі туралы айтсақ, балалардың тұрғылықты жері бойынша демалысты мектеп жанындағы лагерьлер мен мектептен тыс білім беру ұйымдары офлайн және онлайн режимде іске асырады.
Брифинг барысында БАҚ өкілдері тарапынан түрлі сауалдар қойылып, облыстық білім басқармасының басшысы тұщымды жауаптар берді.
Ырысалды АХМЕТҚАЛИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.