Ауыл мектептерінің ахуалы жақсарады

«Powered by NIS ауыл мектебі» бағдарламасының бірінші кезеңін жүзеге асыруға 155 миллионнан астам теңге қаржы бөлініп отыр. Жақсылық шарапаты мол жоба еліміздің 4 мектебінде жүзеге асырылуда. Соның бірі – Бұланды ауданында.

Елімізде ауылдық жерлердегі мектептер 75 пайызды құрайды. Зерттеу жұмыстары нақты көрсетіп отырғанындай ауылдағы білім ошақтары оқу құралдары, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілуі жағынан қала мектептерінен артта қалып қойғандығы да жасырын емес. Жоба бастамашыларының пікірінше, Үкімет, қоғам және бизнес арасындағы ынтымақтастық ауылдарды тұрақты дамыту стратегиясын жүзеге асыруға және Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесін ауыл мектептерінде қолдануға мол мүмкіндік береді. 2020 жылдың шілде айында «Аitas KZ» АҚ-ымен «Назарбаев Зияткерлік мектептері арасында жалпы бюджеті 800 миллион теңгені құрайтын ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Бағдарлама үш жыл ішінде кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Алғашқы кезеңде мектеп диагностикасы, информатика, робототехника, ұл балаларға арналған инженерлік кабинет, қыздарға арналған көркем еңбек, аспаздық шеберхана, кітапхана, мұғалімдердің біліктілігін арттыру қарастырылған. Екінші кезеңде, яғни, 2021 жылы биология, химия, физика, математика, география, тарих кабинеттері жабдықталып, пән мұғалімдері оқытылып, тәжірибеден өткізіледі. Үшінші кезеңде, 2022 жылы бастауыш, негізгі және орта мектептерге арналған кабинеттер жабдықталып, мұғалімдерге арналған оқу және өндірістік тәжірибелер ұйымдастырылады. Бірінші кезең аяқталды, жоба аясында мұғалімдер біліктілігін арттыру тренингтерінен өткізілді. Ауыл мектептері оқушыларының білім сапасы көп-көрім жақсарып қалды. Жоба білім беру саласындағы үлкен стратегияға көшуге мүмкіндік беріп отыр. 2020 жылдың соңына дейін 164 мектеп осындай қамқорлыққа алынбақ. Бастаманы әрі қарай жүзеге асыру үшін кәсіпкер серіктестіктерді тарту жоспарланған. Ұзақ мерзімді бағдарламаның жалпы бюджеті шамамен 32,8 миллиард теңгені құрайды.

–Біз үшін қаланың және ауылдың білім деңгейін теңестіруге мүмкіндік беретін білім беру жобасының бір бөлшегі болу үлкен мәртебе, – дейді «Аitas KZ» акционерлік қоғамының бас директоры Серік Толықбаев, – бірінші кезеңнің оң нәтижелері дұрыс бағытта келе жатқанымызды білдіреді. Болашақта бағдарламаны еліміз бойынша дамытуды жоспарлап отырмыз.
Ауылдық жердегі білім ошақтарының ахуалы жақсарса, ауыл тұрғындары да балаларының білім алуын көксеп, қалалық жерге көшуі саябыр табар еді.

By admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Өзге де жаңалықтар