Ұлттық қолөнерді ұлықтасақ…

Бір кезде тағдырдың тәлкегімен төрткүл дүниеге тарыдай шашылып кеткен ағайын ел тәуелсіздігінің арқасында атажұртқа оралып, өсіп-өнуде. Шет жайлап, шалғайда жүргенде елді аңсап, сарытап сағыныш ет жүректерін елжіретіп, бір көруге зар болып жүрсе, бүгінде туған елдің тәуелсіздігін бекем етуге ат салысуда.

Көп балалы ана Марта Хайсар айтулы қолөнер шебері. Макинск қаласының тұрғындары жансызға жан бітіретін адам деп есептейді. Әрине, образға орап айтқан теңеу. Әдейі іздеп келгенде көркем кестесін, көз жауын алатын құрақ көрпелерін көрдік. Адам жатырқамайтын, бауырмал кісі екен. Бастан өткен тағдырын да, бүгінгі күні көкірегін бебеулеткен арманын да толайым ақтарып, ағынан жарылып айтып берді. Сөйлеп жүріп өз қолынан шыққан бағалы бұйымдарын, олардың жасалу жолдарын, кей шебер тіс жарып айта бермейтін тәжірибесін де, әдіс-тәсілдерін де жыр етті. Бұл күнде біздің өңірде ілуде бір кездесетін алашасы мен текеметін көрсетті. Басқа бағалы бұйымдары да толып жатыр. Бауырындағы сегіз баланы тәрбиелеу, қолындағы енесіне қарау көп уақыт алатын күйбең тіршілік. Соның бәріне қалай үлгереді десеңізші?!

–Біз 2005 жылы ата-бабамыздың туған топырағына табанымыз тиді. Сол шақтағы көкірегімізде атойлаған сезім әлі күнге дейін сақталып қалды, – дейді қолөнер шебері, – бәрі тәуелсіздіктің арқасы ғой. Сегіз баланы өмірге әкеліп, жарық дүние сыйладым. Жаңа көп балалы ананың қарбаласы көптігі жайлы айтып жатырсыз ғой. Көп екені рас, бірақ, үлгеру керек. Шынын айтқанда мен ешқашан, ешкімге алақан жайып, «көп балалы анамын» деп міндетсіреген емеспін. Өмірге әкелдім екен, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, мәпелеп өсіру ата-ананың парызы. Ал, қолөнер қанымда бар дүние. Анам Зура Шайхыш Баян-Өлгийде жүргенде мұқым ел шеберлігіне тәнті болып, құрметтеген кісі. Ел ішінде қолы епсекті адамның абыройы да өзгеден сынықсүйем асып тұрады ғой. Бұйымтайын айта келген кісінің бетін қайтарған жері жоқ. Барлығын бауырым деп жанына жақын тартып тұрады. Шеберліктің сырын анамнан үйрендім. Кейін енем Мекей Хажинбай тәрбиеледі. Бұл кісі де шебер адам. Шет жайлап, шалғайда жүрген ағайын қазақтың көшпелі дәуірдегі қолөнерін жоғалтпай, сақтап қалғандығын айтсам, ешкімнің көңіліне келмес. Балаларым да арыдан сабақталған осы өнерге бейім.

Шебердің айтуына қарағанда, қолөнерді дамытуға мүмкіндік аз емес екен. Жүн мен тері аяқ астында шашылып жатыр. Құнсыз аласың десе де болар. Әрине, бар қазақтың келіншегі көрпе көктеп, алаша тоқып кетуі керек деген сөз емес. Әйтсе де, әжеміз сүйген, атамыз киген бұйымдар шебердің қолынан шықса, салтанаты асып кетері сөзсіз. «Тоғыз қабат торқадан, тоқтышағымның терісі артық» деп бұрынғы қазақ неге айтты дейсіз? Кең отырып кеңестік. Бұл күнде көзден бұл-бұл ұшқан қолөнердің сырын ұғуға тырыстық. Түгел болмаса да, жұқанасын.

Асылында қолөнер ілкі заманнан бері үзілмей келе жатқан кәсіптің төресі. Бағзы заманда елдің тұрмысымен бірге ұдайы дамып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отырғандығы мәлім. Ел ішінде өнер туындысы іспетті әдемі заттарды көркемдеп жасай алатын адамды шебер деп атаған. Олар болса қиялға бай, қиядағыны көретін шалымпаздық қасиетке ие. Азық болары – көркем табиғаттың келісті көрінісі. Шеберліктің өзі табиғаттан ауған. Сол көріністі айнытпай кестелеуге тырысқан. Ертеде күн кешкен ата-бабамыздың эстетикалық талғамы туралы әңгіме өрбітсек, бұл орайдағы мақтануға тұрарлық жетістік жетіп артылады. Шебердің айтуына қарағанда, қазақы кілем тоқу – қолөнер шеберлерінің табан тіреген биік шыңдарының бірі. Кілем – киіз үй мүлкінің бірі болып есептелсе де, қолы жеткен адамдар ғана тұтынатын зат болған. Өйткені, айрықша еңбекті, ең алдымен хас шеберлікті қажет етеді. Міне, қараңыз кілемнің әрбір шаршы метріне шамамен 300-400-ге дейін, ал, тұтас өн бойына бір миллионға жуық жіп тіндерін келтіріп, тоқу қажет екен. Сондықтан да, бағалы бұйымның санатында. Көшпелі халық кілемді киіз үйдің туырлығы мен үзігі орнына да жапқан көрінеді.

–Бай тәжірибеңіз бар екен, шеберлік мектебін ашсаңыз, жастарды төл өнерімізге үйретер едіңіз. Осы жағын ойластырған жоқсыз ба? – деп сұрадық.
– Әрине, халқымыздың асыл мұрасын жоғалтпау әркімге де парыз ғой. Ашқым келген, – дейді шебер, – бірақ, барлығы қаражатқа тіреліп тұр. Несие алу үшін кепіл қоятын тәртіп бар. Кепіл қояйық десек, жылжымайтын мүлкіміз жоқ. Үйіміз сонау 1958 жылы салынған, қаусап тұрған баспана. Оны кепілге алмайды.

Әйтпесе, орталықтан шеберхана әрі дүкен ашсақ, арманымыз орындалып-ақ қалайын деп тұр. Қазір ата-салт шымшымдап орала бастаған соң, ұлттық киімге аңсары ауатындар аз емес. Менің тіккен қамзолдарымды талайлар киіп жүр. Тиындап қаржының басын құрастырып, тігін машинасын сатып алдым. Сынып қалса өзім жөндеп аламын. Кейде жарым Сайлау Бекболат та көмектеседі. Ол да шебер.
Тапсырыспен қолқа салатындар да аз емес екен. Демек шебердің қолынан шыққан заттар тұтынушының талғамынан шығып тұрғаны ғой.

 376 total views,  2 Views Today

By admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Өзге де жаңалықтар