Облыстың агроөнеркәсіп кешені машина-трактор паркін жыл сайын жаңа техникалармен толықтыруда. Жыл басынан бері 12,5 миллиард теңгеге 529 техника сатып алынды. Оның ішінде 128 трактор, 67 астық жинайтын комбайн, 22 себу кешені, 97 тұқым сепкіш бар.
Өткен жылдың осы уақытында 4,7 миллиард теңгеге тек 265 техника түрлері ғана алынған болатын.
Жаңа техникалар Сандықтау, Астрахан және Есіл аудандарында басқа аудандарға қарағанда көбірек алынды.
Биыл облыс егіс алқаптарында өнімділігі жоғары, осы заманғы «Джон-Дир», Версатиле-Бюлер, К-744, 734 тракторлары, Вектор, Акрос маркалы астық комбайндары, Эмити, «Хорш», «Борго» сияқты себу кешендері көбірек болады.
Көктемгі дала жұмыстарын қолайлы мерзімде өткізуге осындай өнімділігі жоғары жаңа техникамен машина-трактор паркін толықтырып отырудың маңызы зор.
Бұл жерде жаңа техника алуда алдымен, мемлекеттің қолдауының орны бөлек. Жыл басынан бері 1518 өтінім қолдау тауып, техника алуға 7,7 миллиард теңге бөлініп отыр.
Совет БАЛТАБАЙ,
Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы.