Көкшетау қаласындағы 5510 әскери бөлімінің клубында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында өзге ұлт өкілдері арасында «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты тіл байқауы болып өтті.
Сайыс барысында қатысушылар мемлекеттік тілдің маңыздылығына тоқтала отырып, мақал-мәтелдерді жатқа айтып, театрландырылған қойылымдар көрсетті. Сондай-ақ, жыр оқып, ән шырқады, ресми құжаттарды қазақ тілінде жүргізе отырып, қазылар алқасы тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, берілген тапсырмалардан сүрінбей өтті.
Аталмыш іс-шараға бөлімнің жергілікті ұлт өкілі емес 4 әскери қызметшісі қатысты. Осы сайыстың өткен жылдардағы сайыстан ерекшелігі – жеке орналасқан бөлімшелердің қатысушылары онлайн режимінде «Zoom» платформасы арқылы қатысып, олар да бұл байқауда өз қабілеттерін барынша көрсетуге тырысып бақты.
Сайыстың қорытындысы бойынша жедел мақсаттағы батальонның 1 бөлімше командирі, сержант Данияр Вотин жеңімпаз деп танылса, жүлделі екінші орынды материалдық-техникалық қамтамасыз ету ротасы байланыс взводының аға маманы, қатардағы жауынгер Максим Грушецкий иеленді. Атқыштар ротасының аға маманы ефрейтор Александр Пичик болса, үшінші орынға тұрақтады.
Көрермен көзайымына айналған сайыс жеңімпаздары дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сайыс кезеңдері арасында көрермендердің құлақ құрышын қандыратын әндер орындалып, тыңдарман қауым рухани сусындай түсті.
Заман талабына сай бәрі болмаса да, кей өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілде сөйлеуі, олардың елімізде жүргізіліп жатқан тіл саясатын дұрыс түсініп, оның өркендеуіне қосар үлесі деп білуіміз керек. Бұл, әрине, құптарлық жай!
Бауыржан НҰРҒАЛИЕВ,
Көкшетау қаласындағы 5510 әскери бөлімінің аға лейтенанты.