Қасиетті Рамазан айы ізгілік пен мейірімділік айы саналады. Ораза басталғалы мешіттер өздерінің қал-қадірінше мұқтаж отбасыларға көмек қолын созып, азық-түлік қоржындарын таратып жатыр.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қатысуымен «Берекелі Рамазан керуені» атты республикалық қайырымдылық акциясы тікелей телекөпір арқылы ұйымдастырылды. Онда дінбасы өз батасын беріп, адамға жақсылық жасау асыл дініміздің ең қастерлі бағыты екенін айтқан болатын.
Осыған орай, Ақмола облысының бас имамы Қуаныш қажы Сәбит бастаған өңірдің бүкіл мешіттерінің имамдары республикалық қайырымдылық акциясына бір кісідей қатысып, игі іске өздерінің үлестерін қосуда. Жалпы, өңіріміздің бірде-бір ауданы қайырымдылық шарасынан тыс қалған жоқ. Шама-шарықтарынша қайырымдылыққа демеушілер тауып, аз қамтылған отбасыларға азық-түлік салынған қораптарды таратуда.
Ақмола облысы бойынша «Зекет» корпоративтік қорының өкілі Ерболат Шәріповтың айтуынша, тұрмысы төмен 760 отбасыға көмек көрсетілген. Болашақта да бұл ізгі шара жалғасын таппақшы. Жалпы, Ақмола облысының мешіттері жыл он екі ай бойы қайырымдылық жасайды десек қателеспейміз. Қайта мұқтаж адамға қарасу дініміздегі ең ізгі істердің бірі екені даусыз. Сондықтан, осыған ат салысқан барлық имамдар мен қайырымды жандарға Алла разы болсын демекпіз.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.