Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өнегелі отбасы – қоғам құндылығы - АРҚА АЖАРЫ

Өнегелі отбасы – қоғам құндылығы

Облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова Халықаралық отбасы күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеп, өңіріміздің үлгі тұтар ұлағатты да өнегелі отбасыларына облыс әкімі атынан естелік сыйлықтар табыс етті.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1993 жылы 15 мамырды Халықаралық отбасы күні деп жариялаған болатын. Аталған мереке қоғамның назарын отбасының негізгі мəселелеріне аудару мақсатында жыл сайын əлем бойынша аталып өтілуде. Отбасы институтын нығайтып, отбасының беделін көтеруге, неке мен жанұяның ұлттық құндылықтарын насихаттауға бағытталған іс-шара Көкшетау қаласындағы «Неке сарайында» болып өтті. Облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова атадан-балаға мұра болған дәстүрлеріміздің барлығы оны сақтап келе жатқан отбасылардың беріктігі мен тұтастығының арқасында деп ерекше атап өтті.

–Тәуелсіздіктің 30 жылында отбасы инс-титутын нығайту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болды. Жыл сайын елімізде Отбасы күнін атап өту, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауын өткізу дәстүрге айналған. Қазақстандықтардың әл-ауқатын көтеруге, отбасын жан-жақты қолдауға арналған жалпы ұлттық жобалар жүзеге асырылуда. Қазіргі күні мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде, өңірімізде баспана кезегінде тұрғандар, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің қатысушылары, сондай-ақ көп балалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік-осал топтары үшін 23 жалға берілетін және 11 кредиттік тұрғын үй салынуда. 2020 жылы 183 отбасы «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша қолжетімді тұрғын үйге ие болды, – дей келе облыс әкімінің орынбасары отбасылық құндылықтарды сақтау бағытында атқарылып жатқан бірқатар әлеуметтік мәселелерге тоқталды.

Бүгінде облыста 15 мыңнан астам көп балалы отбасы болса, олардың 9,5 мыңы 18 жасқа дейінгі төрт және одан да көп балалары бар және 23 жасқа дейінгі білім алатын студент балалары бар отбасылар. Оған қоса, 5,8 мың отбасында «Күміс алқа» және «Алтын алқа» белгілерімен марапатталған көп балалы отбасылары бар. Көп балалы отбасыларды қолдау мақсатында, кірісіне қарамастан, 11,7 мың теңге сомасында әр сәбиге ай сайынғы жәрдемақы төленуде. Бұл көмек 9691 көп балалы отбасыға тағайындалған. Бұдан басқа, ағымдағы жылы 3 мыңнан астам аз қамтылған отбасыларына жалпы сомасы 1,7 миллиард теңгені құрайтын атаулы әлеуметтік көмек төленді. Аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан 30 студентке жоғары оқу орындарында білім алулары үшін облыс қазынасынан 9 миллион теңге ақша бөлініп, оқу гранттары берілді.

Салтанатты шарада Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Отбасы күні аясында бірқатар үлгілі отбасыларға облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың атынан естелік сыйлықтар табысталды. Олардың қатарында әулеттің мұғалімдік еңбек өтілі 348 жылды құрайтын Құдабаевтар отбасы бар. Отағасы Қажыбай Құдабайұлы 1939 жылы Зеренді ауданының Жолдыбай ауылында алғаш жеті жылдық мектеп ашқан ұстаз әрі «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері.

Отанасы Майнұр Ахметжанқызы 38 жылдық тәжірибесі бар бастауыш сынып мұғалімі және 10 баланы дүниеге әкелген алтын құрсақты ардақты ана. 1956 жылы туған қыздарының бірі Манар Қажыбайқызы да ата жолын қуып, ұзақ жылдар білім саласында еңбек етіп, Көкшетау қаласындағы №18 орта мектебінің директоры болған. Ал, еңбек өтілдері 155 жылды құрайтын дәрігерлер әулеті Родиндардың отбасынан шыққан Лариса Блажко (Родина) жоғары санатты дәрігер, облыстық балалар ауруханасының анестезиолог-реаниматоры, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталған.

Әкесі Анатолий Родин өткен ғасырдың 70-жылдарынан Көкшетау қаласындағы облыстық тері-венерологиялық диспансерін басқарып, оның бастамасымен диспансердің ғимараты салыныпты. Отанасы Лидия Яковлевна диагностика зертханасында бактериолог-дәрігер болып жұмыс істеген. Сонымен бірге, бұл салтанатты шарада теміржолшылар әулеті Қасеновтер, жүргізушілер әулеті – Агеевтер, көп балалы Шотбектер отбасы, отасқандарына 30 жыл толып отырған Қалианұровтар жанұясы мерекелік сыйлықтармен марапатталды.

Бұл күні өз некелерін тіркеуге келген жас отбасы – Қожахметовтер неке туралы куәліктерін салтанатты жағдайда алса, шаңырақ көтергендеріне 53 жыл толған ордалы отбасының иелері Бостанбаевтар да ортаға шығып, жиналған қауымға отбасы құндылықтары туралы ғибраты мол, өнегелі әңгімелерін айтып, жас ұрпаққа ақ баталарын берді.
Мерекелік кеш соңы концерттік бағдарламаға ұласып, әннен шашу шашылды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Суретте: Облыс әкімінің орынбасары А.Е.Мысырәлімова Қажыбай мен Майнұр Құдабаевтар отбасына құрмет көрсетті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар