Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Еңбекпен келген құрмет - АРҚА АЖАРЫ

Еңбекпен келген құрмет

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев 9 мамыр қарсаңында Көкшетау қаласында тұратын тыл еңбеккері, даңғайыр диқан Ғазез Бұзаукинді Жеңіс күнімен және 20 мамырда 90 жасқа толуымен шын жүректен құттықтап, ел игілігі жолындағы қажырлы еңбегі үшін алғысын білдірген болатын. Бұл – еңбек ардагеріне көрсетілген зор құрмет екені айқын.

Көне тарихтан сыр ақтарсақ, тоқсанның тұғырына көтерілген қазыналы қария Ғазез Бұзаукиннің кіндік қаны тамған бүгінгі Қошқарбай ауылы – Арқада саятшылық өнерімен даңқы шыққан Қарауыл-Жаулыбайдан тарайтын Дүйсен сері ұрпақтарының ата қонысы. Үш ғасырға жуық осы әулетті бақыт құшағына бөлеп отырған табиғаты әсем бұл аймақты жерұйық десе болғандай. Қарағай мен қайыңы аралас Қошқарбай тауы ауылды жел өтінен қорғаса, бұлақтың мөп-мөлдір салқын суын ішкен сайын мейірімін қанатын. Ырысты өлкенің таза ауасы, жасыл желегі, дархан дала төскейіндегі жайқалған егіні мен жайылымдағы төрт түлік малы пейілдері кіршіксіз таза ауыл адамдарының мерейін өсіруде. Қажырлы еңбектің арқасында шынайы ілтипатқа бөленген қайсар жанның қатарына көнекөз қария Ғазез Бұзаукинді жатқызар едім. 1931 жылғы 20 мамырда өмірге келген ол анасынан тым ерте айырылып, он екі жасынан майданға кеткен әкесінің орнына колхоздың қара жұмысына жегілсе де тағдырдың тәлкегіне мойымай есейіп, ер жетті.
Дала төскейін еңбек дүбіріне бөлеген диқан-механизатор кәсіпшілігінің сыры маған да етене таныс. Көкшетау аудандық партия комитетінде істеген кезімде шаруашылықтардың дала қостарың жиі аралап, звенолар арасындағы социалистік жарыстың қорытындысын дер кезінде шығарылуына зер салатынбыз. Ондағы басты мақсатымыз – еңбек өнімділігін арттырумен бірге адамдардың жұмысқа деген құлшынысын, бәсекелестігін шындай түсу. Ол кездегі шағын шаруашылықты былай қойғанда, тұтастай республика көлемінде кеңінен өріс алған игілікті бұл шаралар өз жемісің берді де. Ел дәулетін еселеу жолындағы маңдай тердін өтеуіндей қарапайым жұмысшылар мемлекеттік деңгейде үлкен ілтипатқа бөленді. Мәселен, зерлі Зерендінің мақтанышына айналған азамат Ғазез ақсақалдың ғибратты ғұмырына зер салған сайын осындай ұлағаттылықты айқын байқауға болады. Жерлестерінің құрметіне бөленген ол 1965 жылы №15 Зеренді сайлау округі бойынша Тың өлкелік советіне депутат болып сайланды. Ал, 1966 жылы тынымсыз еңбектің айғағындай омырауына Ленин орденін тақты. Ежелден жанымыз аралас, қойымыз қоралас ел болғандықтан зеренділік әріптестерімізбен жиі араласып тәжірибе бөлісіп тұратынбыз. Атақ-даңқы кеңінен тараған Ғазез ағайды біз де мақтан ететінбіз.
Он екі жасар балғын жасөспірімнің соғыс жылдарғы атқарған жұмысы өз алдына бір хикая. Әкесі Бұзауке, ағасы Мақыш майданға кеткен соң, әулеттің бас көтерері болғандықтан үйдегі, түздегі жұмыс оның мойнына жүктелді. Сүйектері асыл ма, әлде уақыттың қатаң талабы солай ма, жастығына қарамастан ол ересектерден қалыспай өзіне жүктелген шаруаны тып-тиянақты орындады. Иә, айтса айтқандай, Ғазез Бұзаукеұлы етінің тірлігі арқасында 1949 жылы Лобанов селосындағы механизаторлар даярлайтын курста оқып, төрт жылдай Қиыр Шығыс әскери округінде азаматтық борышын өтеп келгенде Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеру дүрбелеңі басталған-ды. Есіл өзенінің бойындағы Рузаев, Чистополь аудандарына Украина, Белоруссия мен Ресейден комсомолдық жолдамамен жас жігіттер мен қыздар келе бастады.
Бойында жігер оты лапылдаған Ғазез де 1954 жылы Зерендідегі механизаторлар даярлайтын мектепті бітірісімен Рузаев ауданына тың көтеруге баруды ұйғарды. Намысты қолдан бермейтін Қошқарбайдың жайсаңы жалғыз өзі 400 гектар жер жыртып, «Тың жерлерді игергені үшін» медалімен марапатталды. Дала кемесі мен темір тұлпарды тізгіндей білген диқан-механизатор Ғазез Бұзаукин 1992 жылы зейнеткерлікке шыққанша үйренішті осы кәсібінен қол үзбей, жастарды жаңашылдыққа баулып, өнеге көрсете білді.
Ғазез ақсақалмен алпыс бес жылдық жұбайлық ғұмырын бірге өткізген асыл жары Гүлнәзия Рамазанқызы да совхоздың тауарлы-сүт фермасында, қызыл қырманда еңбек көрігін қыздырып, ел алғысына бөленді. 1956 жылы Қошқарбай ауылына келін болып түскенде Бұзауке ақсақалдың үйінде екі ата, екі әже, үш қайын сінлі, бір қайнысы болатын. Отаудың отынымен кіріп, күлімен шығатын жас келін үшін үлкеннің де, жастың да бабын табу оңай емес-ті. Алайда, сүйіп қосылған ерінің сағын сындырмай, сынаққа шыдай білді. Құдайға шүкір, шанырақтың іргесін шайқалтпай, Ғазез екеуі тату-тәтті ғұмыр кешіп, сегіз перзент, жиырма бір немере, он сегіз шөбере сүйді. Осылай жастайынан отбасының құндылығын көздің қарашығындай сақтады.
Бүгінгі әңгіме арқауы екі дәуірдің куәгері – тыл еңбеккері жайлы болғандықтан аға ұрпақ өкілдеріне көрсетіліп отырған әлеуметтік қамқорлықтарды да айта кеткенім жөн болар. Жеңіс күні қарсаңында Көкшетау қаласында тұратын Ұлы Отан соғысына қатысушы алты майдангердің әрқайсысы
1 миллион теңгеден, Ленинград блокадасына қатысушы, концлагерьдің кәмелетке толмаған тұтқындары, 1986-1987 жылдары Чернобыль атом-электр станциядағы апатты жоюға және Семей полигонындағы ядролық сынаққа қатысушылар мен мүгедектері, басқа мемлекеттердің аумағындағы соғыс іс-қимылдарына қатысушылар 58340 теңгеден ақшалай көмек алды.
Майдангерлердің жесірлері мен 1988-1989 жылдары Чернобыль атом-электр станциядағы апатты жоюға қатысушыларға 29170 теңгеден, үкімет наградасымен марапатталған тыл еңбеккерлеріне 35004 теңгеден, соғыс жылдары ең кемі алты ай жұмыс істегендерге 17502 теңгеден материалдық көмек көрсетілді. Алайда, ата-апаларымызбен бірге тылда қажырлылық, табандылық көрсеткен жасөспірімдердің еңбегі де баға жеткісіз. Қаршадайынан қиындыққа қасқиып қарсы тұра білген зеренділік диқан-механизатор Ғазез Бұзаукинді бүгінгі 90 жасқа толуымен шын жүректен құттықтай отырып, деніне саулық, ұрпақтарына амандық тілеймін.

Шияп Әлиев,
Көкшетау қалалық соғыс және
еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар