Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мәдениетті қолдау – ұлттық мұрамызды сақтап, дамыту - АРҚА АЖАРЫ

Мәдениетті қолдау – ұлттық мұрамызды сақтап, дамыту

Халқымыз ежелден төл өнеріміз бен мәдениетімізге ерекше мән беріп, ұрпаққа аманат етіп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Әлем үнемі өзгеріп отырады, жаңа жетістіктер мен технологиялық процестер пайда болады, бірақ мәдениет пен ұлттық дәстүрлер өзгерістерге ұшырамайды», – деп атап өткен болатын.

Қазіргі таңда елімізде мәдениет саласын дамытуға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Нормативтік-құқықтық база құрылып, мемлекеттік бағдарламалардың тұтас кешені қабылданды, Қазақстан Республикасының мәдени саясатының Тұжырымдамасы бекітілді, мәдениеттің барлық түрінде дарынды балаларды, талантты жастарды ынталандыру және қолдау шаралары іске асырылуда.

Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Көкшетау өңірінде 123 кітапхана, 7 мұражай және клуб үлгісіндегі 107 нысан қайта ашылды. Бүгінгі таңда облыста 266 клуб, 344 кітапхана, 11 мұражай, 2 театр, Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармония, облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы, тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы жұмыс істейді.

Мәдениет саласындағы инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлініп, соңғы үш жылда 4,8 миллиард теңгеден астам сомаға 113 нысан жөндеуден өтті, оның ішінде 2020 жылы 2,3 миллиард теңгеге 68 нысан жаңа көрікке енді. Биыл тағы қомақты қаржы бөлініп, оған 31 мәдениет нысанына жөндеу жұмыстары жүргізілмекші. Соның ішінде Көкшетау қаласының іргесіндегі Станционный кентіндегі мәдениет үйінің және Атбасар ауданының Бастау ауылындағы демалыс орталығының құрылысы аяқталады.

Ақмола өңірі – дарынды тұлғалардың мекені. Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай өмір сүрген киелі жерде облысымыздың мәдениет қызметкерлері ғасырлар бойы мұра болған асыл қазынаны ұрпақтан ұрпаққа жеткізу жолында ауқымды жұмыстар атқаруда. Олардың күнделікті қажырлы еңбегінің арқасында мәдени-адамгершілік құндылықтар сақталуда және көбеюде. Қазіргі таңда облыстың мәдениет саласында 3271 қызметкер жұмыс істейді. Олардың ішінде 2 «Құрмет», 1 «Парасат» орденінің, 4 «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, 9 Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 110 «Мәдениет саласының үздігі», 9 Еңбек ардагері бар.
Облыс музейлері ғылыми-зерттеу қызметінің орталығына айналғанын атап өткен жөн.

Мәселен, 2018 жылы облыстық тарихи-өлкетану мұражайы жеңіп алған археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге арналған лицензияның арқасында Қорғалжын ауданы аумағында Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі – Жәнібек ханның ортағасырлық кесенесінің қирандыларына ғылыми-зерттеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Былтырғы жазғы қазба жұмыстары кезінде 325 шаршы метр аумақ зерттелді, оның барысында кесене негізінің толық кескіні мен сәулеттік бөлшектері анықталды, 6 қабір шұңқыры мен 7 қаңқа тазартылды. Бұл үлгілер Щвецияның Уппсала қаласындағы зертханаға жіберілді. Осы зерттеулер Жәнібек Шалқар кесенесінің аумағында жерленген адамдардың генетикалық тұрғыдан кім екендігін анықтауға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда облыста еңбек етіп жатқан 111 көркемөнерпаздар ұжымының «халықтық» және «үлгілі» атақтары бар. Онда 2817 адам шығармашылықпен айналысуда. Тәуелсіздік жылдары ұйымдастырылған көркемөнерпаздар байқауының талантты қатысушыларының көбі бүгінде кәсіби әртістер мен музыканттар болып қалыптасты. «Астана-Опера» театрының солисі Салтанат Ахметова, Санкт-Петербург қаласының Мариин опера және балет театрының әншілері Наталья Спицина мен Дмитрий Федоров, Италия мен Германияның жетекші солистері Алдияр Ерғали мен Қайыржан Жолдыбаевтар өнер көгінде жерлестерінің мерейлерін үстем етуде.

Облыстың көркемөнерпаздар ұжымдары бірнеше рет беделді және халықаралық іс-шаралар мен фестивальдарға Қазақстанның атынан қатысу құрметіне ие болды. Осы жылдар ішінде Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының, Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармонияның шығармашылық ұжымдары, «Көкшетау», «Шалқыма», «Он алты қыз», «Сувенир» халықтық би ансамбльдері, «Тұмар» қазіргі заманғы халықтық би ансамблі, «Полянка» үлгілі хореографиялық ұжымы, «Балдәурен» үлгілі вокалдық-хореографиялық және «Кербез сұлу» халық фольклорлық ансамбльдерінің әншілері Литва, Молдова, Ресей, Украина, Түркия, Венгрия, Франция, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Чехия, Греция, Испания, Болгария, Үндістан, Тунис, Индонезия, Черногория, Тайланд, Германия, Әзірбайжан сияқты елдерде ұйымдастырылған халықаралық байқаулар мен фестивальдердің бірнеше мәрте лауреаттары атанды. Жыл сайын облыстық театрлардың кәсіби әртістерінің деңгейі артып келеді, олардың алыс және жақын шетелдердегі шығармашылық жеңістері осыны дәлелдейді.

2020 жылдың ақпан айында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаһандағы заманауи Қазақстан» арнайы жобасы мен «шекараны кеңейту» инновациялық жобасы аясында Ақмола облыстық орыс драма театры облыс әкімдігінің қолдауы арқасында «Панночка» спектаклімен алғаш рет «Кипрдегі бес кеш» V Халықаралық театр фестиваліне қатысты.

Былтырғы наурызда басталған эпидемиологиялық жағдайға қарамастан, облыстың әуесқой әртістері Ресей, Түркия, Испания мемлекеттерінде онлайн форматта қашықтықтан өткізілген 16 республикалық және 22 халықаралық байқауға қатысып, біраз биіктерді бағындырды. Ақмола облысының 61 солисі мен 18 көркемөнерпаздар ұжымы халықаралық байқаулардың лауреаттары атанып, 25 Гран-при және 56 жүлделі орынға қол жеткізілді.

2020 жылы Мәдениет және спорт министрлігінің «Рухани қазына» III республикалық онлайн-байқауының қорытындысы бойынша Ақмола облысы «Облыстық маңызы бар үздік музей», «Бір отбасы – бір кәсіп» «Мемлекеттік кітапханалардың үздік сайты», «Аудандық маңызы бар кітапхананың үздік қызметкері» аталымдары бойынша жеңіске жетті.
Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын мерекелеу аясында облыста Абай атындағы үш әдеби орталық ашылды, онлайн форматта жас ақындардың «Сәулең болса кеудеңде» атты республикалық айтысы өткізілді.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы мәдениет саласындағы бірқатар нысандардың жөндеуден өткізіліп, қайта қалпына келтірілуіне зор септігін тигізіп келеді. Атбасар ауданының Бастау ауылында жастардың демалыс орталығының құрылысына қоса, Жақсы ауданының аудандық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізілді. Сонымен бірге, биыл Степногорск қаласы, Ақкөл, Бұланды, Бурабай, Жақсы, Жарқайың, Зеренді, Сандықтау және Шортанды аудандарында 24 мәдени нысанның жөнделуіне облыс бюджетінен 562,3 миллион теңге қаржы қарастарылды. Сонымен бірге, облыста кітапхана жүйесін жаңғырту жұмыстары одан әрі жалғасуда.

Биылғы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына 500 іс-шара дайындалуда, олардың 100-і ауқымды шаралар. Сондай-ақ, биыл Үкілі Ыбырай облыстық филармонияның, Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың 75 жылдық мерейтойы және қазақ музыкалық-драма театрының 25 жылдығы атап өтілуде. Қыркүйек айында осыған байланысты бірқатар фильмдер мен мерейтойлық жинақтар шығарылып, салтанатты іс-шаралар өтетін болады.
21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні. Осыған орай, облыстың барлық мәдениет қызметкерлеріне қажырлы еңбектері үшін шынайы алғысымды білдіремін. Баршаңызға зор денсаулық, ынтымақ-береке, Қазақстанның игілігі жолында тың табыстар тілеймін!

Айгүл СӘБИТОВА,
Ақмола облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының басшысы

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар