Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тіл тәуелсіз болмай, ел тәуелсіз болмайды - АРҚА АЖАРЫ

Тіл тәуелсіз болмай, ел тәуелсіз болмайды

Бүгінгідей ақпараттық заманда әлеуметтік желі арқылы қысқа күнде қырық түрлі ақпарат алатын болдық. Әрине, әркім өз деңгейінше, өз ортасына сай ақпаратпен бөлісіп жатады. Оны елеп, екшеп жатқан ешкім жоқ. Бір жақсы хабарға он шақты бұрыс хабар қабаттаса келеді. Соның ішінде ара-кідік кешегі кеңес дәуірін көксеген пікірлер кездеседі. Басқа жұртты қайдам, сондайды көргенде менің есіме талай рет ана тілім үшін көрген қорлықтарым түседі. Әсіресе, алғашқысы мені төбемнен ұрғандай бұқтырып, бүріп тастап еді.

1977 жылы Жаңажол ауылының сегіз жылдық қазақ мектебін бітіріп, Көкшетау қаласындағы облыстық қазақ мектеп-интернатына оқуымды жалғастыруға жаңа келген бетім болатын. Сыныптас қыз екеуіміз интернат жанындағы аялдамадан автобусқа отырып, орталыққа келе жаттық. Екеуара шүйіркелесіп сөйлесіп келеміз. Бір кезде автобустың орта тұсында отырған бір орыстың кемпірі: «Ей, что вы там на своем гыр-гыр, а ну-ка, говорите на нормальном языке», деп бар дауысымен зекіп тастады. Сол сәтте не болғанымды білмеймін, құрбым екеуіміз баратын жерімізге де жетпей, абдырап автобус тоқтасымен түсіп кеттік. Мұндай қорлықты кім көрген?! Ес білгелі сөйлеп келе жатқан ана тілімде сөйлесуіме қайдағы біреудің тыйым салғанына налыдым ба, ана орыстың жаман кемпіріне «нормальный» тілде тойтарыс бере алмағаныма ызаландым ба, білмеймін, әйтеуір ебіл-дебілім шығып жыладым.
Елімізде тәуелсіздік таңы атып, ана тілім мемлекеттік тіл болып заңмен бекітілгенше талай жерде таяқ жеп, талай жерде сағым сынды. Сондықтан, дәл мен үшін кеңес дәуірі келмеске кеткен. Оны аңсамаймын да, көксемеймін де. Керісінше, әлі күнге ортасындағы жалғыз орыс тілдіге бола таңдайлары тақылдап, орысша сөйлеп отыратын қандастарыма қайран қаламын, соларға қарап отырып көрген жәбірлерім есіме түсіп, намыстанып кетемін. Барды бағалай алмайтындары үшін. Намыс оты өшкен қуыс кеуделер үшін. Қазақ «ауру қалса да әдет қалмайды» дейді, біз сол кеңес дәуірінде ұшынған кеселден арыла алмай, ой-санамызды бұра алмай, ұрпағымызды да шала қазақ етіп өсірдік. Бұл ащы болса да шындық. Мұны мойындау керек. Әйтпесе, тоталитарлық режимдегі кеңес өкіметінің құқайын көрмеген, тәуелсіз елде туып, еркін өскен, алды отызға енді жеткен ұл-қыздарымыз, орыс, ағылшын, қытай, жапон тілдерін жетік білетін білімді ұрпағымыз қазақшаға келгенде неге шідерлеулі аттай кібіртіктеп келеді?! Өйткені, ана тілдің уызына жарымаған. Туып, өскен отбасында қазақ тіліне деген құрмет қалыптаспаған.
Қаламгер Ғабиден Мұстафин: «Біз ұлтшылдықпен күрестік, енді сендер ұлтсыздықпен күресіңдер»,– деп бекер айтпаған екен. Өйткені, тілдің өмір сүріп, қызмет етуінің негізгі шарттарының бірі – тілді қолданушылар санының жеткілікті болуы. Яғни, ана тіліміздің бағын жандырмай отырған өзіміз. Орны төрдегі төл тілімізді әлі күнге босағадан сығалатып қойған да өзіміз. Әйтпесе қазақ тілі қай тілден кем?! Ешбір тілден кем емес. Қайта артық. Қазақ тілі – әлемдегі алты мыңға жуық тілдердің ішіндегі қолдану өрісі жағынан жетпісінші, ал, тіл байлығы мен көркемдігі, оралымдығы жағынан алғашқы ондықтар қатарына енген тіл. Ғасырлар бұрын поляк саяхатшысы А.Янушкевич: «Қазақтардың ақыл-ой қабілетінің зорлығына барған сайын менің көзім жетуде. Қандай әсем сөйлейді. Кез келгені айтайын дегенін тез түсіндіре, қарсыласының сөзіне шебер тойтарыс бере біледі. Тіпті балаларының ақыл-есі де өте тез жетіледі»,– деген екен. Расында да, тіліміздің байлығы ғажап, білгенге маржан, білмегенге арзан.
Осы орайда, мемлекет және қоғам қайраткері С.Абдрахмановтың мына бір дерегін келтіре кеткім келіп отыр: «Сіз орыс тілінде А әрпінен басталатын сөз қанша деп шамалайсыз? 1974 жылы «Русский язык» баспасынан шыққан «Орфографический словарь русского языка» деген сөздікті алып қарайық. Көлемі орташа сол сөздікте 106 мың сөз қамтылған. А әрпінен басталатын сөздер тұтас 14 бетті алып жатыр. Барлығы 3360 сөз. Сол 3360 сөздің қаншасы орыстың өзінің төл сөзі деп ойлайсыз? Мың ба? Жоқ. Бес жүз бе? Жоқ. Жүз бе? Жоқ. Елу ме? Жоқ. Он ба? Жоқ… Сонда қанша?.. Алты сөз! Атап-атап шығайық: аз, азбука, аж, авось, ага, агу… Бұлардың соңғы екеуі, яғни, «ага» мен «агу» лепті сөздер – восклицания. Біздегі «ой», «түу» деген сияқты. Ол екеуін алып тастасақ, орыс тіліндегі А әрпінен басталатын төл сөздерді санауға бір қолдың саусақтары да жететін болып шығады… Сенсеңіз де осы, сенбесеңіз де осы. Сенбесеңіз, Интернетті шұқылап, «Русские слова на букву А» деген мақаланы тауып алып оқыңыз».
Егемендіктің елең-алаңында еліміздің ұлтжанды азаматтары ең бірінші азаттықтың басты атрибуты ана тіліміз үшін күресті, барын салды. «Қайта құру жылдарында жер-жердегі естияр қауым бәрін жиып қойып, алдымен ана тілімізге мемлекеттік статус алып беруге бел буды. Ақыр аяғында алғашқы тіл заңының республика Жоғары Кеңесінде қаралғаны есімізде. Ол Рейхстагты шабуылдағаннан да қиын болды. Ауызы дуалы қазақ азаматтары аянбай-ақ айқасып бақты», дейді сол тіл майданының алғы шебінде болған күрескер Ә.Кекілбаев. Сол кездегі тіл майданы Алаш көшбасшыларының тәуелсіздікті тілден бастау керек деген ұстанымының нақты көрінісі болатын.
Отыз жылдың ішінде, әрине мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру тұрғысында қыруар жұмыс атқарылды. Оны жоққа шығаруға болмайды. Алайда, мемлекеттік тіл өз мәртебесіне сай дәрежеге жетті ме? Ұлт мақтанышы Бауыржан Момышұлы: «Тіл байлығы – елдің елдігін, жұртшылығын, ғылыми әдебиетін, өнеркәсібін, мәдениетін, қоғамдық құрылысын, салт-санасының, жауынгерлік дәстүрінің, мұрасының қай дәрежеде екенін көрсететін сөзсіз дәлелі, мөлшері», – деген. Бүгінгі қазақ тілі батырдың осы сөзін растай ала ма? Жоқ. Не себепті? Бәлкім, тіл жанашырлары, ғалымдар айтып жүргеніндей, қазақ тілі «Мемлекеттік тіл туралы» жеке заңмен қорғалуы керек шығар (қолданыстағы заң талаптарының орындалмай отырғанын не дейміз?). Мемлекеттік мекемелерде мемлекеттік тілдің мүлтіксіз қолданылуы, яғни, қағаз жүзінде емес, іс жүзінде қолданылуы үшін қатаң бақылау керек шығар. Егер Үкіметтен бастап ауыл әкіміне дейінгі билік деңгейінде тіл мәселесі тұрақты түрде тыңдалып, тексеріліп, қадағаланып отырса, мемлекеттік тілді тиісті дәрежеде меңгермегендер мемлекеттік қызметке алынбаса, басшылық қызметке тағайындалмаса, түрлі деңгейдегі жиылыс, мәжілістер өзге ұлт өкілдеріне синхронды аударма мүмкіндігі беріліп, мемлекеттік тілде өткізілсе, республика көлемінде қазақ тілінің жарнамадағы жарлы кейпін түзетуге қатаң талап қойылса, қазақшалағысы келмегендерге жаза қолданылса қоғамда қазақ тілі бүгінгідей шалажансар болмас па еді?!
Алаштың ардақтысы Ж.Аймауытовтың осыдан бір ғасыр бұрын «Ұлтты сүю» атты мақаласындағы: «Естеріңізде болсын: қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек. Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды» деген сөзі әлі де өзектілігін жойған жоқ. Әрине, тәрбиенің көзі – отбасы. Әр қазақтың өз отбасында қазақша сөйлеуіне, әке мен баланың, ата мен немеренің ана тілінде тілдесуіне қандай заң қажет? Мінбеден мемлекеттік тілдің жырын жырлап жүрген талай тіл жанашырының ұрпағы қазақ тілін қақпайтыны жасырын емес. Өзінің жалғызын ана тіліне жарыта алмаған ата-ана жұртты қалай жарылқамақшы? «Ана» деген қасиетті сөзбен тел аталатын тілімізді бүгінгі аналар балаларының, әжелер немерелерінің санасына сіңіре алып жүр ме? Жоқ. Себебі, олар таңның атысы, күннің батысы жұмыста. Әйтеуір, балаларының тамағы тоқ, көйлегі көк болса болғаны. Баланы телефон мен теледидар тәрбиелеп келеді. Жұмысбасты болып, өз балаларын толыққанды тәрбиелей алмаған аналар, енді немерелерін де тәрбиелей алмайды, себебі, бұдан былай алпыс үш жасқа дейін жұмыс істеуге мәжбүр. Сонда баланың бойына жастайынан тіл мәйегін кім сіңіреді, ұлттық рухын кім қалыптасырады, иманды ұл мен инабатты қызды кім тәрбиелейді, қашан тәрбиелейді?!
Облыстық тілдер басқармасына басшылық етіп жүріп, тіл мәселесіне қатысты отырысқа шақырғанымда «Айта-айта аузым ауырды. Айтамыз қалады. Түк шықпайды», деп келуден бас тартқан тіл жанашырларын да көрдім. Жетпіс жыл желкемізден тұқыртып ана тілімізді ұмыттыруға айналдырған, амалсыз орыс тілін таңдауға мәжбүр қылған кер заманнан кейін тілімізді тірілтіп алуға күш-жігер жұмсауға шаршап-шалдығып қалғанымызды қалай түсінуге болады? «Батпандап кірген ауру, мысқалдап шығады» демеуші ме еді?
Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының хатшылығын басқарып жүргенімде ұлтаралық тұтастықты нығайтып жүрміз деген талай этно-мәдени бірлестіктердің ұйымдастырған іс-шаралары тек өз тілдерінде және орыс тілінде ғана жүргізілетінін көріп жағамды ұстадым. Ол жерде мемлекеттік тілді менсініп тұрған жандар кемде-кем. Ассамблеяның жұмысына мемлекеттік тілді шым-шымдап болсын, енгізу үшін жылға таман уақыт кетті. Неліктен бұлай? Мұның басты себебі, сол маңда қызмет ететін басшының да, қосшының да өзге ұлттар ортасында қазақ тілінің қолданылуын талап етпеуінде. Өзіміз керек қылмай отырған тілімізді өзге қайтсін?! Әрине, мемлекеттік тілді меңгерген азды-көпті жастар бар. Оларды кездестіріп қалсақ, төбеміз көкке жеткендей қуанамыз. Іздеп жүріп тауып аламыз. Көп алдына шығарып сөйлетіп, дәріптеп жанымыз қалмайды.
Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрында басшылық еткен кезімде қаймағы бұзылмаған қазақи ортаға орыс тілін араластырмайын деп, ұлты қазақ, тілі қазақша не электрик, не механик, не сантехник таппай қиналғаным әлі есімде. Қалтасында ата-анасы маңдай терімен тапқан ақшасын төлеп оқытқан не заңгер, не қаржыгер дипломы бар қазақ жастарының жүргізуші болуға келіп тұрғанын көргенімде қатты түңілдім.
Елімізде қоғамдық сананы жаңғырту, яки, рухани жаңғыру процесі басталғалы төртінші жыл. Сол баяғы науқаншылыққа салып, орысша «рухани жаңғырып» жатқан жайымыз да жоқ емес. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызы ұлттық код арқылы қоғамдық сананы жаңғыртып, ұлттық рухты көтеруде жатыр. Рухы биік ұлт қана заманның талабына сай өркендеп, дами алады. Ал, ұлттық кодтың негізі, ұлттың күллі асыл қасиеттерін сақтайтын өзегі – Тіл. Егер әлемдік қауымдастықта ұлттық болмысымызды сақтап, елдік келбетімізбен бәсекелестікке ұмтыламыз, ұлттық құндылықтарымызды жасампаздықпен дамытамыз десек, қазақ пен қазақ қазақша тілдесуі керек, ұрпағымыз отбасында қазақи тәрбие алуы тиіс. Конфуцийге жүгінсек: «Тіл бірлігі болмаса, пікір бірлігі болмайды және идеология дұрыс жүргізілмейді. Идеология дұрыс жүргізілмей, ортақ түсіністік таппаған елде бірлік болмайды».
Ұлттық рух демекші, жыл басынан бері жер-жерде, ел-елде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Менің туым, менің Отаным» челленджі бүгінгі қазақ қоғамының қалың ұйқыдан оянған кейпін танытты. Ауылдың арлы азаматтары атқа қонып, туған жердің төсінде көк туды желбіретіп көсілте шапқанда, сөз ұстаған ел ағалары сұңқылдатып бата бергенде, құлақ құрышын қандырар патриоттық әндер шырқалғанда көңілім дүр етіп ұшқан құстай самғап кетті. Е-ее, қайран қазағым, бар екенсің ғой, деп көзіме жас алдым. Үш минуттық бейнеролик үш сағаттық сапырма сөз көп жиналыстан артық болды. Елге, жерге деген шынайы махаббат, ата-бабадан жеткен рух пен намыс «менмұндалап» тұр. Қазақ тілінің көк аспандағы қырандай қанат жайған тұсы да осы болды. «Бөрі арығын білдірмес, сыртқа жүнін қампайтар», демекші, заман ағымына қарай ыдырап төрт, бес-ақ үйі қалған шалғайдағы шағын ауылдар да қалысар емес. Талай жыл ауылдан алыстап кеткен ағалар бас болып ортада жүр. Көз көріп, көңілге түйгеннен кейін, мүмкін, қаңырап қалған ауылдың тамырына да қан жүгірер деп ойладық. Кім білсін?!.
Күллі республикаға тарап кеткен осы челлендждерден алуан түрлі әндер мен жыр-толғауларды тыңдап қайран қалдым. Осы уақытқа дейін қазақтың рухын оятатын, ата-бабасын, өз-өзін сыйлататын, қадір-қасиетін арттыратын осы әндер неге естілмеген? Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы неге таратылмаған? Неге насихатталмаған? Бұлай дейтін себебім, алда-жалда теледидарды қосып, қазақ каналдарынан концерт көрейін десең қарның ашады. Толып кеткен бір «Тамаша», сайқы-мазақ. Кілең көкбеттеніп әйелімен, күйеуімен, баласымен, ата-енесімен ұрсысып жатқан қазақтар, ол аз десең, қатынның кейпіне еніп қылымсып тұрған еркектер. Түңіліп кетесің. Бүгінде қала орталығындағы радиолардан тек той әндері айтылып жатады. Патриоттық әндер тек мереке күндері ғана беріледі. Ал, радио, теледидар арналарынан сол челлендждерде пайдаланылған әндерді неге бермеске?! Рухы мықты, ой салатын, санаңды сергітетін ән-жырларды неге күнде насихаттамасқа, жас ұрпақтың санасына сіңірмеске?!
Отызында орда бұзатын азаматтың жасына жеткен тәуелсіз еліміз бар, мемлекеттік тіліміз бар, ұлан-ғайыр жеріміз бар, тағылымды тарихымыз бар, мәйекті мәдениетіміз бар, бірлікті берік ұстанатын еліміз бар. Біз кімнен кембіз?! Ешкімнен кем емеспіз. Тек рухымыз биік болсын.
Кемеңгер Әбіш Кекілбаев: «Түптеп келгенде, ана тіліңді құрметтеу – басқалардан артық тұрудың құралы емес, туған анаң мен атаңды сыйлағаның сияқты өз халқың мен мәдениетіңді қалтқысыз қадірлеудің ең басты қағидасы болуға тиісті» деп қадап айтқан еді. Сол деңгейге қашан жетеміз?!.

Марал ЖАҚЫПОВА.
Көкшетау қаласы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар