Бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Б.Беспалинов Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы М.Балпанмен және Көкшетау қаласының әкімі Б.Ғайсамен бірлесіп, «SMART AQMOLA» мемлекеттік мекемесінің қызметімен танысты.
SMART AQMOLA — біздің облыстың цифрландыру кеңсесі. Ол «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру және өңірдің түрлі салаларында мемлекеттік бағдарламаны іске асыру мақсатында құрылған.
Мекеменің миссиясы — денсаулық сақтау, білім беру, қоршаған ортаны қорғау, туризм, ауыл шаруашылығы, қоғамдық қауіпсіздік, халықты әлеуметтік қорғау, қала шаруашылығын басқару салаларында және басқа да бағыттарда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды кеңауқымды пайдалану есебінен халықтың өмір сүру сапасын арттыру.
Бүгінгі таңда Ақмола облысының өңірлік геоақпараттық жүйесі, Ақмола облысының виртуалды туры бар туристік геоақпараты, Ақмола облысының геоақпараттық порталы (тұрғын үй қоры) сияқты жобалар іске асырылуда. Мысалы, соңғы портал геодеректер мен геоақпараттардың үлкен көлемін, соның ішінде халық санағын жинауға, сақтауға, визуализациялауға, талдауға және өңдеуге арналған.
Мекеме ғимаратында сондай-ақ өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы жұмыс істейді, онда қаламыздың әрбір азаматы электрондық үкімет порталынан өз бетінше қызмет ала алады.
Сондай-ақ IKomek 109 тәуліктік анықтама қызметі енгізілді, онда күн сайын 150-ден астам өтініш келіп түседі.